$ 498.34  519.72  4.85

Ұлттық экономика министрі болашақта теңгенің нығаятынын айтты

Елімізде екі жыл қатарынан орын алған девальвация теңгемен қор ұстап отырған біраз тұрғынды есеңгіретіп тастағаны мәлім. Тіпті, халық арасында ұлттық валютаға деген сенімнің де жоғала бастағаны жасырын емес. Дегенмен, жаңадан құрылған министрлер кабинеті қазақстандықтарға қайта үміт сыйлап отыр. Ел Үкіметі келесі және одан кейінгі жылдарда 1 америкалық валютаның құны 360 теңге болады деп болжауда.

Бұл туралы жақында Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті. Ол қалаулыларды алдағы үш жылға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамымен таныстырды. Сондай-ақ министр осы уақыт ішінде Үкіметтің Ұлттық қордан қанша қаржы шығындағалы отырғанын жария етті. 

Ұлттық экономика министрі­нің айтуынша, еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық даму болжамы «2017–2019 жылдары бір АҚШ доллары 360 теңге деңгейінде бо­лады» деген жорамалға құрылып отыр. Рас, осы құжатта көрсе­тіл­гендей, билік ұлттық валюта­мыз­дың құны 2021 жылы 340 теңгеге дейін нығаяды деп күтуде.

Айтқандай, Қазақстанның даму болжамы «әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың түрлі өзгеруі кезіндегі» үш ықти­мал сценарийге құрылып отыр (оның ішінде ең пессимисшілі де бар). Бірақ «әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамы» мен «Бюджет – 2017-2019» негізіне ба­залық сценарий алынды. Әри­не, әлемдегі жағдай ушығып кет­се, Үкімет оған да даяр көрінеді. Бір қызығы, Сағынтаев Үкіме­тінің негізгі-базалық сценарий солтүстік көршіден пессимистеу болып шықты: РФ-ның үш жылдық бюджетінің жобасы «1 бөшке мұнайдың құны 40 доллар болады» деген болжамға сүйенген.

– Біздің базалық сценарий бойынша 2017 – 2019 жылдары мұнайдың бағасы бір барреліне 35 АҚШ доллары көлемінде, кон­сервативті деңгейде қалыптасып, кейін 2021 жылы бір барреліне 45 АҚШ долларына дейін өседі. 2021 жылы металл бағасы 2016 жылғы деңгейге қарағанда 11%-ға дейін өсуі кәдік, – деді Қ.Бишімбаев.

Қазір әлемдегі «қара алтын» бағасының өсуі ОПЕК картеліне кіретін елдердің мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша келі­сімге келуіне тәуелді болып отыр­ғаны мәлім (ондай келісімге қол жеткен-жетпегендігі осы қыр­күйек айының соңында мәлім болады). Алайда Қазақстан мұнай өндірісін керісінше, өсірмек ниетте. «Мұнай өндіру көлемі 2017 жылы 79,5 млн тонна дең­гейінде болады, кейіннен 2021 жылы 86,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылады».

Жаңа Үкіметтің жоспары жүзеге асса, республика экономи­касы өз даму қарқынын үдете түспек: жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты өсуі 2017 жылы – 1,9%, 2018 жылы – 2,1%, 2019 жылы – 2,7%, 2020 жылы – 2,9%, ал 2021 жылы 3,1% деңгейінде болады деп болжануда. Ұлттық экономика министрінің дерегінше, халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі – 2017 жылы 7,5 мың АҚШ доллар. 2021 жылы 10 мың долларға дейін ұлғаяды деп тұспалданады. Жылдық орташа өсу қарқыны – өнеркәсіпте 2,1%, ауыл шаруашылығында – 3%, құрылыс саласында – 3,6%.

Үкімет ел экспорт алдағы 2017 жылы 40,2 млрд АҚШ долларына жетеді, ал 2021 жылы 53,3 млрд долларға дейін артады деген үмітте. Импорт 2017 жылы 29,1 млрд доллардан 2021 жылы 38,2 млрд долларға дейін өседі. Инфляцияның орташа жылдық деңгейін алдағы жылда 6-8% ше­гінде ұстап қалу міндет, кейін, 2021 жылға қарай 3-4%-ға дейін төмендету шарт. Өйткені озық дамыған елдерде бұл көрсеткіш шамамен небәрі 0,2-2 пайыз деңгейінде. Тиісінше, дамыған елдерде кредит тым арзан тұрады. Ол бизнестің өркендеуіне, азамат­тардың тұрғын үймен қамтылуына кең жол ашады. Егер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінде жыл­дар бойы зарыға күтпей-ақ, кез келген жан кез келген банктен 4 пайыз ставкамен ипотека ала ала­тын болса, «жетімбұрыш» проб­ле­масы жойылуға шақ қалар еді. 

– Орта мерзімді перспекти­вада, таяу жылдары мемлекеттің экономикалық саясатының мақ­саты – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, өнімді жұ­мыспен қамту, сондай-ақ бә­секелестік пен жеке капиталды дамыту, – деп нықтады министр Қ.Бишімбаев.

Еліміздің «басты әмиянының» жайына келер болсақ, алдағы жылдары оған түсетін түсім кө­бейеді деген сенім бар көрінеді. 

– Республикалық бюджеттің кірістері 2017 жылы 4 триллион 338,2 млрд теңге, 2018 жылы – 4 триллион 562,3 млрд теңге, 2019 жылы – 4 триллион 877,2 млрд тең­ге сомасында болжанып отыр. Бұған Ұлттық қордан алынатын қаражаттар қосылады, – деген Ұлттық экономика министрі Ел­ба­сының тапсырмасы бойынша алдағы үш жыл бойы жыл сайын Ұлттық қордан тек 8 млрд доллар ғана шығындауға рұқсат етілетінін хабарлады. Тиісінше, бұл санды 360 теңге бағамға көбейте отырып, Үкімет «мұнай ақшасынан» жыл сайын 2 триллион 880 млрд теңге сомасында қаржыны жұмсай­тынын айқындады. 

Тұтастай алғанда, респуб­ли­калық бюджет шығыстары 2017 жылы – 8 триллион 564,4 млрд тең­ге, 2018 жылы – 8 триллион 370,6 млрд теңге және 2019 жылы – 8 триллион 751,2 млрд теңге көле­мінде белгіленді.

Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасын қаржыландыруға 2017 жылы Ұлттық қордан 441,6 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда. Осынша мол қаражат көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының ин­дустриялық инфрақұрылымын дамытуға, өңірлердегі жылумен және сумен жабдықтау, су бұру же­лілерін жаңғыртуға, жеке тұр­ғын үй құрылысына берілетін те­лімдерде инженерлік-комму­ни­кациялық инфрақұрылым са­луға бағыттау жоспарлануда.

Осы орайда қуанышты жаңа­лық жария етілді: Қазақстанда 2018 жылдың соңына қарай апат­тық мектептер және үш ауысым­дық оқыту жойылатын болды. Осы мақсатта келер жылдан бас­тап, білім беру объектілерінің құ­рылы­сына мол қаржы арна тар­тады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары