$ 498.34  519.72  4.85

Енді әр ауылдың өз бюджеті болады

Қазақстандағы мемлекеттік бюджет тағы бір «сатыға» көбейетін болды. Бұл туралы кеше Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

Осы күні Мәжілісте енді әр ауылға өз бюджетін иеленуге жол ашатын жаңа заң жобасының тұсауы кесілді. Бұл әрине, тарихымызда болмаған жайт. Қазіргі кезде ең төменгі бюджет – аудандық саты саналады.

Бір айта кетер жайт, жаңа құжатты тал­қы­лауға тек депутаттар ғана емес, сондай-ақ сай­лау қорытындысында қажетті көлемде дауыс жинамау салдарынан Парламентке кі­­ре алмаған саяси күштер – «Бірлік», «ЖСДП» және «Ауыл» партияларының өкіл­де­рі шақырылды. Сонымен бірге, Бас про­ку­ра­­тураның, Ұлттық банктің, қоғамдық бір­лес­тіктер мен ұйымдардың сарапшылары қа­­тысты.

Министр Қ.Бишімбаевтың түсіндіруін­ше, «Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» заң жобасы Ұлт жоспары ая­сын­да әзірленген. 

– Мемлекет басшысы 5 институттық ре­­форманы жүзеге асыру бойынша 100 нақ­ты қадам Ұлт жоспарында 98-қадам ретінде се­лолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тап­сырды. Жаңғырту жөніндегі ұлттық ко­миссия Экономикалық ынтымақтастық жә­не даму ұйымы елдерінің, соның ішінде По­льшаның тәжірибесін ескере отырып, жер­гілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюд­же­тін енгізу бойынша тәсілдерді пысықтап шық­ты, – деді министр.

Бір қызығы, келешекте осы заң арқа­сын­да ауылдардың  да төл коммуналдық мен­ші­гін ке­зең-кезеңмен құру қолға алынады. Бұл рет­те жоба «жергілікті өзін-өзі басқару ор­ган­дарының бюджеттік процестерді және төл коммуналдық меншігін басқарудағы өкі­леттіктерін одан әрі кеңейту кезінде орын ала­тын қоғамдық қатынастарды реттеуді қа­растырады».

Қуандық Бишімбаев қазіргі уақытта ауыл­дық елді мекендерді қаржыландыру «ау­дандық бюджет құрамындағы 19 бюд­жет­тік бағдарлама аясында жүзеге асы­ры­ла­тынын» айта кетті. Мұның сыртында ауыл-село әкімдеріне, жергілікті тұрғындардың ке­лісімін ала отырып, жергілікті өзін-өзі бас­қару органының бақылау есепшотындағы төл табыстарын өз бетімен жұмсауға рұқсат етілген. Бұл табыстарға мысалы, «алтын бе­сік» ауылынан кіндігі үзілмеген азаматтардан түс­кен қайырымдылық қаржылар да жата­тыны мәлім.  Ал осы заң қабылданған соң, еліміздегі барлық селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қалаларға төл бюд­­жетін қалыптастыруға, соның есебінен мы­салға, тіпті төл коммуналдық шаруашы­лы­ғын ашуға мүмкіндік беріледі. Ұлттық эко­­номика министрлігінің мәліметінше, осы­лайша, Қазақстандағы бюджеттің төр­тінші деңгей-сатысы құрылады. Бұл үдеріс енді 2,5 мыңдай әкімшілік бірлікті қам­ты­ғалы тұр. Заң бойынша 2018 жылдан бастап, 2 мыңнан астам адам тұратын елді мекендер­де төл бюджеті ендіріледі деп жоспарлануда. Ал 2020 жылдан кейін бұл үдеріске барлық ауыл­дар тартылады.

Сонымен, жаңадан ашылғалы тұрған жер­гілікті өзін-өзі басқарудың бюджеті қан­дай көздерден толығатыны да анықталып отыр. Ауылдың кіріс көздері салықтың алты түрінен, автожолдар бойында жарнама ор­наластыру ақысынан, сондай-ақ салықтық емес түсімдерден құралады деп күтіледі. Са­­лықтық емес түсімге мемлекеттік мүлікті жал­ға беруден түсетін кіріс, жеке және заңды тұлғалардың ерікті аударымдары, әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін әкім жинайтын айыппұлдар жатқызылуда. Рас, айыппұл­дар­мен ауқатты ауылға айналу беймүмкін нәрсе. Сон­дықтан ауылды көркейткісі келсе, әкім кә­сіпкерлікке, ауыл шаруашылығының және басқа да салалардың дамуына жағдай ж­асап, өз бюджетіне түсетін салықты көбей­ту­ге күш салуға тиіс. 

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін де ау­­дандық мәслихат бекітеді, бірақ одан бұ­рын ол бюджет жергілікті жұртшылықтың жиы­нын­да талқылануы міндет. Ал бұл бюд­жеттің орын­далуына ауыл әкімінің аппараты жауапты.

Айтқандай Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия поляктар елінің тәжірибесін үлгіге ұсы­нып отырғаны бекер емес. Өйткені По­льшадағы 1980-жылдары басталған әкім­ші­лік реформа федералдық емес, унитарлы ел­дер жағдайына көбірек жақын әрі Украи­на секілді посткеңестік елде сынақтан өткен. Оның үстіне поляктардың тәжірибесінен мұн­дай реформалардың жақсы жақтары мен олқы тұстарын байқауға болады, бұл тиі­сін­ше, олардың қателіктерін қайталамауға мүм­кіндік береді. Бүгінде Польшада өзін-өзі бас­қарудың тәуелсіз үш деңгейі құрылған, олар­дың өкілеттіктерінің ара-жіктері нақты ай­қындалған әрі әрқайсысының тәуелсіз бюд­жеттері бар. Жергілікті деңгейлерге «жер­гілікті жұртшылықтың күнделікті тір­шілігіне қажетті басты қызметтерді ұсыну, сон­дай-ақ аумақты әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамыту құқығы мен міндеттері» тап­сы­рылған. Бұл жерде «жергілікті тұрғындар өз мә­селелерін өздері жақсы біледі, демек, дұрыс шешімі де солардың қолында» деген қа­ғида ендірілген.

Сонымен бірге мықты орталық мемле­кеттік аппарат қалды: оның өңірлерде өз өкі­леттіктері жұмыс жасайды, бірақ ол өкіл­діктер өз күшін «ойын ережелерін» орнатуға және ел заңнамасы мен стандарттарының сақталуын бақылауға шоғырландырады.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың еуро­па­лық хартиясына сәйкес, жергілікті өзін-өзі бас­қару – жергілікті қоғамдастықтың өз мә­­селелерін өз мүдделеріне лайық түрде ше­шу құқығы және қабілеті болып табылады. Сонымен бірге жергілікті жұртшылық өз іс­тері бойынша өздері шешім қабылдап қана қоймай, соның жауапкершілігін де арқалай білу­ге міндетті. Мемлекетті ведомстволық ұйым­дастыру және централизм қағидатына сүйенетін кеңестік Конституциясы тұғы­ры­нан осы реформасын бастаған Польша бү­гінде біраз жетістікке жетті. Ал біздің Үкімет озық халықаралық тәжірибенің үздік тұста­рын өзімізде іске жаратуға кіріспек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары