$ 494.87  520.65  4.91

Утилизациялық алым ел экономикасын тоқырауға ұшыратып жатыр

Араша сұраған сектор өкілдері ел Президентіне үндеу жолдады.
Фото: kolesa.kz
Фото: kolesa.kz

Отандық экспортты одақтастардың көліктері тасуға көшті Қазақстанның халықаралық автомобильдік тасымалдаушылар одағы (ҚазАТО) салада қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Уақыт өткен сайын халықаралық тасымал секторындағы қазақстандық компаниялардың үлесі тоқтаусыз азайып келеді. Одақ өкілдері проблемаларды шешуге жәрдемдесуді сұрап, Мемлекет басшысына ашық хат жазды. Олар саланың дағдарысқа ұшырауына компанияларды миллиондаған шығынға отырғызған утилизациялық алымды айыптайды, деп жазады Inbusiness.kz.   

«Халықаралық нарықтағы отандық тасымалдаушылардың үлесі еселеп азайды. Бұған халықаралық тасымалдарға тартылған автокөліктерден жиналатын утилизациялық алымның ұлғайтылуы себепкер. Оның көлемі бүкіл Еуразиялық одақтағы ставкалардан жоғары болып отыр.

ҚазАТО мамандары одақтағы утильалымдар мөлшерлемесіне талдау жүргізді. Нәтижесінде, ол қазақстандық тасымалдаушылардың осы алым кесірінен одақтағы өз әріптестеріне қарағанда, ең қолайсыз жағдайда қалғанын көрсетті. Бүгінде қазақстандық тасымалдаушылар не Ресей, не Беларусь тасымалдаушыларымен тең бәсекелесе алмайды. Салдарынан, олар тіпті біздің ішкі нарықта да үстемдігін жүргізуде», – дейді ҚазАТО президенті Мақсат Сақтағанов. Нақтылай кетсек, 2017 жылдан бері Қазақстан арқылы өтетін халықаралық автоқатынастағы отандық тасымалдаушылардың үлесі 52%-дан 31%-ға дейін құлдырады. Бұлай бара берсе, жоққа теңелмек. 

2020 жылы автокөліктермен 4,9 миллион тонна жүк жөнелтілген. Соның ішінде 1,9 миллион тоннасы – қазақстандық экспорт, қалған 3 миллионы – шетелден әкелінген импорт. Қынжылтатыны сол, тіпті отандық экспорттың өзін ресейлік және беларустік жүкшілер тасиды: былтырғы 5 миллион тоннадай жүктің небары 1,5 миллионы ғана – қазақстандық тасымалдаушылар еншісінде. 

Қазақстан ең үлкен утилизациялық алым жинайды Одақтастар бұл үстемдігін одан әрі арттыруда. Ұйым басшысының айтуынша, әлемде пандемия басталғанда, Беларусь Президенті Александр Лукашенко 2020 жылғы 19 наурызда «Халықаралық автомобильдік жүк тасымалын дамыту шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Құжат бұған дейін қолданылған қолдау шараларының әрекет ету аясын кеңейтті, мерзімін ұзартты. Оның аясында Беларусь елге әкелінетін, Еуро 6 экологиялық сыныбына жататын барлық жаңа жүк көліктерін және тартқыш-тягачтарды утилизациялық алымнан да, қосылған құн салығынан да босатты. 

Осының арқасында белорустар өз тасымалдаушыларын әлемдік ең үздік жүк көліктерімен қамтамасыз етіп, осы саланың қуатты өркендеуіне ықпал етуде. Бұл өз жемісін берді: беларустік «дальнобойщиктер» ешқандай өнім шығармай-ақ, өз көліктерімен бүкіл әлемді шарлау арқылы мол табыс табуда, өз еліне аста-төк салық төлеуде. Олардың көліктері Қазақстандағы көлік дәліздерінде де қаптап жүйткіп жүр. 

Айтпақшы, ресейлік және беларустік тасымалдаушылар тағы бір артықшылыққа ие: олар Қазақстандағы ақылы жолдарда жүргені үшін төлем төлемейді. 

Бұл мәселе ел Парламентінде де талқыланған болатын. «ҚазАвтоЖол» түсіндіруінше, шетелдік жүк көліктерінің мемлекеттік тіркеу белгісі оның базасында жоқ, тиісінше олардың ақылы жолдармен жүру ақысы туралы түбіртекті қандай мекенжайға жолдауы керектігін ұлттық компания білмейді. «Ал қазақстандық тасымалдаушылар көлік сатып алу кезінде мөлшері үлкен утилизациялық алымның ауыртпалығын көтеріп, әу бастан халықаралық нарықтың өзге қатысушыларымен тең емес жағдайда бәсекелесуге мәжбүр. Осыған байланысты халықаралық автокөлік тасымалына арналған автокөлік паркін жаңғырту және толықтыру мақсатында Қазақстандағы утильалымды жоюды немесе оның ставкасын Беларустегі ставкамен теңестіруді ұсынамыз», – дейді ҚазАТО басшысы Мақсат Сақтағанов.

Одақ дерегінше, Ресей мен Беларусте жүк көлігін бастапқы тіркеу үшін алымдар мүлдем жоқ. Ал Қазақстанда бұл алымның ставкасы 7 миллион теңгеге дейін жетеді. Сонымен бірге Беларусте ауыр жүк көліктерінен 2 миллион теңгеге жуық көлемде утилизациялық алым жиналады. Ал Қазақстанда бұл алым мөлшері 5 979 850 теңгеге дейін барады. Ұйым басшысы осының салдарынан, қазір елде көлік компанияларының машина паркінің тозуы 70%-дан асып кеткенін айтады. 

Утильалым жойылмайды, «отандық» көлік желісі кеңейтіледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғилымовтың айтуынша, қолдау шаралары Үкіметте әзірге тек талқылануда. «Автокөлікпен жүк тасымалы саласын мемлекеттік қолдау мақсатында шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, 2020 жылғы 20 сәуірде жүктерді автомобильдік тасымалдаушы компаниялар еңбекақы қорынан міндетті алымдар мен салықтардан босатылды. Халықаралық жүк тасымалы үшін сатып алынатын тартқыш-тягачтар 2020 жылы бастапқы тіркеу алымынан босатылды. Жүк тасымалы үшін арнайы салық режимі енгізіліп, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қосылған құн салығы 3%-ға дейін төмендетілді», – деді С.Ғилымов.  

Президент Қ.Тоқаев биылғы 10 шілдеде, Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықаралық автотасымал саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырғаны мәлім. «Мемлекет басшысының сол тапсырмасын орындау үшін министрлік Жол картасын әзірлеуде. Ол қолдау шараларын, соның ішінде ҚазАТО үндеуінде жария етілген ұсыныстарды қарастырады. Бұл мәселе біздің комитеттің тұрақты бақылауында. Ары қарай заңнамада белгіленген барлық шаралар қабылданады», – деп уәде етті Самат Ғилымов. Дегенмен, жүк көліктері утилизациялық алымнан босатылмайтын түрі бар. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кәдеге жарату алымын көлік түрлері бойынша ажырату мәселесін ғана Экология, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен талқылап жатыр. Бұған қоса, ведомство халықаралық тасымал үшін жүк техникасын сатып алушыларға бастапқы жарнасыз, 7%-дық жеңілдікті лизинг ұсыну бағдарламасын дайындауда екен. Бұған қоса, Қазақстанда жасалатын және құнына утилизациялық алым, ҚҚС және кедендік баж салығы қосылмайтын «MAN», «KAMAZ», «Iveco», «Scania», «Volvo» көліктерінің желісін кеңейту және жүк тасымалдаушыларға керекті маркалары мен модельдерін шығару мәселесі пысықталуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары