$ 446.49  475.38  4.79

Қарашығанақтан қазаққа түсетін қаржы неге құпия?

Дүниежүзілік банк сарапшылары 1,3 млрд долларды меңзеді ме, әлде 600 млн долларды меңзеді ме деген тағы бір сұраққа тап болдық.
Фото: zonakz.net
Фото: zonakz.net

Қыркүйекте Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанның 2021 жылдың 6 айындағы экономикасы туралы ««COVID-19 дағдарысы: Бетбұрыс кезең»  аталатын баяндама жариялағаны баспасөз беттерінде жазылды.

inbusiness.kz порталының дерегінше, Дүниежүзілік банк өкілдері «Елдің кіріс шоты Қазақстан мен бірнеше халықаралық мұнай компанияларының арасындағы Қарашығанақ кен орнынан түсетін кірісті бөлісу дауы реттелгеннен кейін қалыпты деңгейге қайтуы керек» екенін айтыпты. Дүниежүзілік банк сарапшылары  елдің кіріс шотын реттейді деп есептейтіндей бұл қанша ақша?  Кіші-гірім зерттеу осы турасында болмақ, деп жазады malim.kz порталы. 

Қарашығанақа кен орнынан түсетін кірісті бөлу туралы мәселе жиі айтыла бермегенімен, бұрынғы энергетика министрлері Қанат Бозымбаев пен Нұрлан Ноғаев осы мәселеге байланысты бірнеше рет мәлімдеме жасағаны бар.

Ол туралы сәл кейінірек, ал әзірге: Қарашығанақ.

Ашылғанына 42 жыл болған еліміздің солтүстік батысындағы ірі кеніш. Ол –әлемдегі ең ірі газконденсаты кен орындарының бірі. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес бастапқы геологиялық қоры 1,7 млрд. тонна сұйық көмірсутектер мен 1,7 трлн. текше метр газы бар.  

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» – бұл төменде аты аталатын бес компания негізінде құрылған консорциум.  Қарашығанақ кен орнын  «Эни», «Роял Датч Шелл плс», «Шеврон», «ЛУКОЙЛ» және «ҚазМұнайГаз»  компаниялары бірлесе игеруде. «Эни» компаниясы «Шелл» компаниясымен бірге Қарашығанақ жобасының біріккен операторы; қос компанияның қатысу үлесі  29.25%. «Шеврон» компаниясында - 18%,  «ЛУКОЙЛ» компаниясында 13.5% қатысу үлесі бар. 2012 жылғы 1 шілдеден бастап  біріккен кәсіпорынға қатысты Қазақстан тарапы өз шағымдарын кері қайтарып және консорциумға 1 млрд доллар ақша төлеп  10% үлесті  «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына алып берген болатын.

 «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» сайтында жарияланған мәліметке сәйкес: «1997 жылы бірлескен кәсіпорын бойынша серіктестер және Қазақстан Республикасы мүддесіне өкілдік ететін Өкілетті орган Қарашығанақ кен орнын игеру мақсатында компания құрды. Қарашығанақты 2038 жылға дейін бірлесіп дамыту шарттарын белгілейтін Өнімді Бөлу туралы Түпкілікті Келісімге (ӨБТК) қол қойылды. Бұл келісімге қол қою сәтінен бастап кен орнын игеру мақсатына 27 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат салынды.  Техникалық тұрғыдан әлемдегі ең күрделі кен орындардың бірі болып есептелетін Қарашығанақты игеру барысында көмірсутектер өндірісінің ең алдыңғы қатарлы, озық технологиясы қолданылды».

Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім – Қарашығанақтан елімізге түсетін салықтан өзге түсімнің көлемін анықтайтын дәл осы құжат.

Жалпы, Қарашығанақ болсын, өзге де шетелдік компаниялар арқылы өнім өндірілетін кен орындарында болсын өнімді сатудан түскен түсімді елімізбен қалай бөліседі деген сұрақ ашық талқылана бермейді. Сондықтан, дәл осы жерде «Өнімді бөлу туралы келісім-шарттың» ерекшелігін айта кеткен жөн болар.

Сонымен, мұнайға байланысты жасалатын келісім-шарттардың бірнеше түрі бар:  Концессиялық/лицензиялық келісім-шарт; Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім-шарт;  Тәуекелді бөлісу туралы сервистік келісім-шарт; Өнімді бөлісу туралы келісім шарт.

Біздің еліміздегі бірнеше мұнай кен орны «Өнімді бөлісу туралы келісім шарт» арқылы өнім өндіреді: Қарашығанақ, Қашаған, Құрманғазы, Түп-Қараған. Айта кетерлігі Қарашығанақ пен Қашаған кен орны бойынша өнімді бөлісу туралы келісім шарт 40 жылға жасалған, 2038 жылы келісім шарт мерзімі аяқталады.

Бұл келісім шарттың басты ерекшелігі неде? Бар мәселе осында болып тұр. Аты айтып тұрғандай өнімді бөлісу туралы келісім шарт болғанымен – Қазақстан Қарашығанақта өндірілген мұнайды сатудан түскен пайдадан үлес алу үшін бірнеше жыл күтті. Себеп, келісім – шарттың талабы сол!

Өнімді өзара бөлісу туралы келісім шарт

 2009 жылы «Сорос Қазақстан» қоры басып шығарған «ДОГОВОР ДОРОЖЕ ДЕНЕГ Нефтяные контракты и их общественный мониторинг» аталатын кітапта осы сипаттағы келісім шарттарға тән бірнеше ерекшелігі туралы айтылған. Соның ішінде бірнеше пункті назар аудартады:

«Халықаралық мұнай компаниясы» (ары қарай ХМК) құқықтық режимі әлсіз, қатаң құқықтық реттеуге мән бермейтін мемлекеттерде сәтсіздікпен байланысты барлық тәуекелді өз мойнына алады.
 ХМК мемлекетпен контракт жасасады, оны елдің заңдарымен сәйкестендіреді және осылайша келісім-шарт  мерзімі аяқталғанға дейін өзіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
 Мемлекет халықаралық компанияға кен орнын барлау, шикізатты өндіру және өнімді сату құқығын береді. 
Компания капитал салады, өзінің шығындарының өтемін алады және өнімді бөлу туралы келісімге сәйкес түскен табыстан өз үлесін алады. Өтемақы мен кіріс өндірілген мұнай көлеміне қарай есептеледі.
Келісім -шарт мерзімі аяқталғанға дейін кірісті бөлісу жалғаса береді. Ал, пайдаға салынатын салық таза пайданы алғаннан кейін ғана бюджетке төленеді.

Дәстүрлі салықтардан босатылған кейбір компаниялар мемлекет алдындағы міндеттемелерін өнімді бөлу арқылы орындайды.

Алайда, бұл ерекшеліктердің қайсысы біз сөз етіп отырған Қарашығанақ кен орнындағы өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісім шартқа тән талап – ол жағы беймәлім.  Келісім шарттың мазмұнын жария құжаттардың арасынан таба алмадық. Ал Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, бұл құжат қана емес,  жалпы Қарашығанақтағы пайданы бөлісуге қатысты кейбір құжаттар құпия екенін алға тартып, бұл сұрақ бойынша «PSA» ЖШС өнім бөлу туралы келісімдерде өкілетті органға хабарласу қажет екенін алға тартты. Ал, «PSA» ЖШС өкілдері болса, өнімді һәм пайданы бөлісу туралы ақпаратты жария етуге бола ма, жоқ па деген мәселе Консорциумға қатысатын компаниялардың келісімімен ғана жүзеге асатынын сондықтан ресми сұраудың жауабын біршама уақыт күтуімізге тура келетінін айтты.

Ал, KazService президиумының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, «Өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісім-шарт» бойынша Қарашығанақты игеруден түскен пайдадан қай компания, оның ішінде Қазақстан қанша үлес алатыны туралы ақпаратты басқаны былай қойғанда Энергетика вице-министрінің өзі білмеуі мүмкін.

Дегенмен, жария деректердің арасынан «15-й НАЦИОНАЛЬНЫЙ ОТЧЕТ О реализации Инициативы прозрачности деятельности добывающих отраслей в Республике Казахстан за 2019 год Работа выполнена компанией ТОО «UHY SAPA Consulting» аталатын құжат қолымызға түсті.

Мұнда Қарашығанақ кен орны бойынша былай деп жазады: «Согласно Карачаганакскому Окончательному Соглашению о разделе продукции (ОСРП) раздел прибыльной продукции Карачаганакского проекта регулируется механизмом Индекса объективности. Во втором квартале 2014 года экономика Карачаганкского проекта достигла такого уровня, когда «сработал» триггер по Индексу объективности и пропорция по разделу доли прибыльной продукции (profit oil) изменилась в пользу Республики Казахстан».

Құжатта көрсетілгендей Қарашығанақ жобасы бойынша кіріс өнімін бөлу –объективтілік индексі бойынша реттеледі екен. Бұл туралы «Как поделили нефть Карачаганака» аталатын мақаласында Олег Червинский былай деп жазады: «Базовым принципом разработки Карачаганака является то, что контракт в ноябре 1997 года был подписан на условиях раздела продукции (СРП). Это означает, что пока инвесторы не вернут вложенные в месторождение деньги, они забирают львиную долю (до 80%) от выручки на возмещение этих затрат. Как только "точка возврата" пройдена, ситуация меняется кардинально, и уже Казахстан должен получать основную долю прибыли».

Түсінгеніміз, Қарашығанақ кен орнын игеруге инвестиция салған компаниялар кеткен шығынының орнын толтырғанша түскен пайдадан 80% алып отырады.  Бұл жоба бойынша Қазақстан тарапынан өкілдік ететін "PSA" ЖШС сол кездегі бас директоры қызметін атқарған Кенжебек Ибрашев 2014 жылдың ақпан айында, Қарашығанақ кен орнына салынған инвестициялар толық өтелгенін, түсімді бөлісу Қазақстанның пайдасына қарай ұлғаюы тиіс екенін «2014 өнімді бөлісуде Қазақстанның үлесі сол кездегі 20%-тен 36% ке ұлғаюы тиіс» екенін мәлімдеген.

2017 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстанның өкілетті органы «PSA» ЖШС Қарашығанақ жобасы бойынша мердігер компаниялардың атына (ҚМГ Қарашығанақтан өзгесіне) арбитраждық шағым түсірген. 2019 жылы қыркүйекте Парижде арбитражды сотта тараптар тыңдалды. 

«2020 жылдың 14 желтоқсанында даулардың реттелгені жөнінде келісімге қол қойылғаны жария болды. Оған сәйкес:

–Қарашығанақ Оперейтинг Петролиум Қазақстанға 1,3 млрд доллар төлем жасайды;

–тараптар өнімді бөлісудің түпкілікті әдістемесін келісті, нәтижесінде Қазақстан мұнай бағасы 40-50 доллар болған жағдайда консорциум Қазқастанға 2037 жылға дейін (келісім аяқталғанша) қосымша 600 млн доллар төлейді.

–тараптар Қарашығанақ кен орнындағы өнімді ұстап тұру үшін Қарашығанақ -1(А) кеңейту инвестициялық жобасын жүзеге асыруға келісті» деп жазады Олег Червинский.

Бұл туралы 2018 жылдың 12-қазанында сол кездегі Энергетика министрі Қанат Бозымбаев былай деген еді: «Қарашығанақ жобасы акционерлерімен үш жылдан астам уақытқа созылған таласты мәселелерді реттеуге қол жеткізілді. Бұл реттеудің республика үшін жиынтық қаржылық құны 1,7 млрд АҚШ долларын құрайды, соның 1,3 млрд долларын мемлекет таяу жылдары алады».

Ал, 2021 жылдың 5-наурызында бұрынғы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ақшаның қомақты бөлігін Қазақстан алғанын мәлімдепті.  «Атап өтетін маңызды мәселе – Қарашығанақ бойынша көпжылдық келіссөздер аяқталды. Соның нәтижесінде Халықаралық консорциум Республикаға 1,3 млрд АҚШ долларын төлеп, өндірілетін өнімді бөлу әдістемесіне өзгерістер енгізді, бұл келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін (2037ж.) бюджетке шамамен 600 млн долларын қосымша әкеледі» деген еді Ноғаев мырза.

Осылайша, жоғарыдағы Дүниежүзілік банк сарапшылары 1,3 млрд долларды меңзеді ме, әлде 600 млн долларды меңзеді ме деген тағы бір сұраққа тап болдық. Өйткені осы зерттеуді жүргізу кезінде ашық ақпарат көздерінен  Консорциум төлеген 1,3 млрд доллардың дерегін таба алмадық.

KazService президиумының төрағасы Рашид Жақсылықовтың «Қарашығанақты игеруден түскен пайдадан қай компания, оның ішінде Қазақстан қанша үлес алатыны туралы ақпаратты басқаны былай қойғанда энергетика вице-министрінің өзі білмейді» дегені рас та  шығар.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#мұнай #пайда