Экономика 29.09.2021 сағат 03:34

«Ұлттық қордағы қаражат 3-4 жылда таусылады » – экономист

Қаражат көлемі көрсетілген шектен төмен түсіп кетсе, Ұлттық қор жойылуға қарай бет алады деген сөз.
«Ұлттық қордағы қаражат 3-4 жылда таусылады » – экономист
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халық пандемияға дейін Ұлттық қорда 62 млрд долларға жуық қаражат болғанына назар аударды, деп жазады inbusiness.kz.

«Қазір Ұлттық қорда 56,9 млрд доллар сақталып тұр. Қаржының қалай азайып жатқанын саннан біліп отырсыз», – деді Мақсат Халық. Бұдан кейін ол пандемияның салдарымен күресу үшін Ұлттық қордан  4,7 трл теңге жұмсалғанына тоқталды. «Биыл тағы да 3 трлн теңге аударылды. Болашақта бұл көрсеткіш азаяды, бірақ 2 трлн теңгеден жоғары көлемдегі қаражат үнемі, жоспарлы түрде Ұлттық қордан транферт түрінде алынып отырады. Соңғы жылдары Ұлттық қордан жоспарлы түрде аударылатын аударымнан бөлек мақсатты аударым деген шықты. Бұл – бюджет тапшылығын жабу мақсатында жасалып отырған қадам. Ал бюджет тапшылығы жыл сайын өсіп жатыр. 2019 жылдың қорытындысында тапшылық – 1,8% болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 2 есе ұлғайып, – 4%-ға жетті», – деді директор.  

Экономист Ұлттық қор келешек ұрпақ үшін құрылғанын еске салды. «Қазақстанның Ұлттық қоры Норвегияның Ұлттық қоры үлгісінде құрылған. Бүгінгі таңда Норвегияның Ұлттық қоры әлемдегі ең озық Ұлттық қор саналады. Онда трлн доллардан астам қаражат бар. Норвегия халқының саны 6 млн-ға жетер жетпес адамды құрайды. Оның Ұлттық қорындағы қаражат жылына 100 млрд доллар табыс әкелген күннің өзінде әр азаматының басына ақшадан жаңбыр жауады деуге болады. Әрине біз үшін бұл ертегі болып көрінеді. Дегенмен Ұлттық қордың қаражатын болашақ ұрпаққа аманаттаймыз десек, онда қордағы қаражатты үлестіруге емес, қалыптастыруға басымдық беру қажет», – деді GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры.

Мақсат Халық дәл қазіргідей жалғаса беретін болса, алдағы 3-4 жылда Ұлттық қордағы қаражат таусылатынын айтты.  «Есеп комитеті Ұлттық қордың шегі жалпы ішкі өнімнің 30%-на дейін болу керек екенін жариялады. Бұл – қаражат көлемі көрсетілген шектен төмен түсіп кетсе, Ұлттық қор жойылуға қарай бет алады деген сөз. Қазір ол осы шектің маңайында тұр», – деді экономист.  

Мақсат Халық бюджет тапшылығын Ұлттық қордан ақша аудармай жоюға болатынын мәлімдеді. «Бірінші кезекте бюджет шығысына көңіл бөлу керек. Негізсіз жұмсалуы мүмкін қаражатты қысқарту қажет. Министрліктер мен әкімдіктердің және квазимемлекеттік сектордың шығысы бақылауға алынуға тиіс. Ұлттық холдингтердің қаптаған еншілес компанияларымен күресу керек. Олардың табысты жұмыс істеп жатқандары қызметін жалғастыруы, ал табыссыз жұмыс істеп жатқандары таратулуы немесе мүлдем жойылуы керек деп есептеймін. Мемлекеттік бюджет тапшылығын көлеңкелі экономикамен күресу арқылы да жабуға болады. Былтыр еліміздегі көлеңкелі экономиканың үлесі жалпы ішкі өнімнің 30% құрады. Біздің жалпы ішкі өніміміз 70 трл болса, оның 30% 21 трлн теңге. Бұл – ресми мәлімет. Ал бейресми мәліметте сарапшылар көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50% екенін айтып жүр. Осы ақшаның цифрлық ізі сақталатын болса, бюджетке кіріс кіреді. Осылайша бюджет тапшылығы азаяды», – деп түйді сөзін экономист. 

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар