21.09.2022, 22:31

«Ұлтарағына жасырған»: шетелге 500 миллион теңгеге жуық қаржы шығармақ болғандардың жолы кесілді

Ал қалған бөлігін қол жүгіне жасырған.

Қазақстандықтар жыл басынан бері шетелге 498 454 908 теңгені заңсыз алып шықпақ болған. Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті "Әуежай-Астана" кеден бекетінің мәліметінше, осындай 55 дерек тіркелген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Декларацияланбаған қолма-қол ақша сомасы 1 083 599 АҚШ долларға тең. Осы бұзушылықтар бойынша айыппұл сомасы 1 700 000 теңгеден асты.

Мәселен, 9 қыркүйекте Астана қаласының "Нұрсұлтан Назарбаев" халықаралық әуежайында Дубайға кетіп бара жатқан Қазақстан азаматы ұсталған. 

Тексеру кезінде 56 750 АҚШ доллар декларацияланбаған қаржыанықталды  (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 09.09.2022 ж.бағамы бойынша 26 911 985 теңге). Ол ақшаның бір бөлігін аяқ киімінің ұлтарағының астына, ал қалған бөлігін қол жүгіне жасырған.

Тағы бір оқиға 25 тамызда тіркелді. Дубайға бағытталған халықаралық әуерейсімен кетіп бара жатқан Қазақстан азаматынан 14 100 АҚШ доллары көлемінде декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 25.08.2022 ж.бағамы бойынша 6 513 918 теңгені құрайды).