Әдетте халықты толерантты болуға үгіттейтін Қазақстан билігі ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттерін сату үшін ел тұрғындарын ұлтжанды болуға шақырып отыр. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым өзінің Facebook-парақшасында жазған.
Танымал сарапшының бұлай жазуына ЭКСПО көрмесінің жарнамалық баннерлері себеп болып отыр. Әйгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің суреті бейнеленген баннерде "Ұлтжанды бол. Астана ЭКСПО-2017-де кездесейік" деп жазылған екен.
"Біздің билік күлдірмей жүре алмайды. Өзіне ақша керек кезде ғана ұлтжанды бол дейді. Қалған уақытта толеранттылық керек шамасы", - делінген А.Сарымның әлеуметтік желідегі жазбасында.
Жалпы, қазақстандық идеология көпұлттылықты насихаттауға негізделген деп айтсақ жаңылыса қоймаспыз. Елде 20 жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, бүгінде үлкен бір институтқа айналып отыр. Ұйымның бүкіл облыста, аудан-қалаларда филиалдары бар. Мемлекет басшысы да өзінің әрбір баяндамасында Қазақстанның көпұлтты ел екенін тілге тиек ете отырып, халықты толеранттылыққа үнемі шақырады. Ал, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясындағылар керісінше, халықты ұлтжанды болуға үгіттеуде.
Түсінікті болу үшін айта кетейік:
Толеранттылық - жеке адамдардың, топтардың, әлеуметтік жұртшылықтың арасындағы мәдени, діни, нәсілдік және басқа айырмашылықтардың заңдылығын мойындау, басқа адамдардың түр-түсіндегі, бет-әлпетіндегі, мінез-құлқындағы, жан-дүниесіндегі ұқсассыздыққа төзімділікпен қарау.
Яғни, Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс өкілдері болса, олардың ешбірі кемшілік көрмеуі тиіс.