Биыл жаңа оқу жылы Астанада әдеттегідей 1 қыркүйекте емес, 12 күнге кешігіп басталуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар брифингінде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, мұндай өзгерістер халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуіне байланысты орын алмақ.
- EHPO-2017 көрмесіне байланысты шын мәнінде жол-көлік желісінде жоғары қысым болуы мүмкін деген болжам бар. Елорданың білім басқармасы "Алғашқы қоңырауды" 1 қыркүйекте әдеттегідей өткізсе де, оқу жылын 12 қыркүйекте бастау туралы ұсыныс айтты, - деді вице-минситр.
Оның айтуынша, еліміздегі әрбір өңір жаңа оқу жылын қай уақытта бастау керектігін өзі шеше алады екен. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі Астана әкімдігімен келісе отырып, оқу жылын 12 күнге кеш бастауды жоспарлап отыр. Бірақ, әлі шешімге келмепті.
- Бастауыш сыныптарды қарастырып көрдік, қанша қосымша күн шығатынын есептедік. Бастауыш мектептерде бескүндік оқу болса - қосымша бес күн қажет болады, ал жоғары сыныптарға қосымша 8 күн қажет. Ал олардың тақырыпты қайталауын қалай жүргізетіні қарастырылып жатыр, әзірше бұл мәселе талқылау кезеңінде, - дейді Э.Суханбердиева.
Еске салайық, 10 маусымда басталатын Астана ЭКСПО-2017 көрмесі 3 айға созылып, қыркүйектің 10-на дейін жалғасатын болады.