$ 494.87  520.65  4.91

Астанада бұқаралық веложарысқа 1500 адам қатысты

Бүгін таңертең Астанада жалпықалалық бұқаралық веложарыс өтті. Спорттық шара EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында өткізіліп отыр деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі. Жарысты ұйымдастырушылар - Қазақстан велосипед спорт федерациясы, Астана қаласының әкімдігі және демеушілердің көмегі арқылы  Астана қаласы әкімдігінің  спорттық-бұқаралық іс- шараларды өткізу дирекциясы.

Жыл сайын дәстүрге айналған игілікті шара биыл да жалғасын тауып, оған 1500-ге жуық адам қатысты. Жарысқа қатысқан көпшілік Қабанбай батыр даңғылы бойымен, Қорғалжың тас жолы, Тұран даңғылынан өтіп, «Астана Арена» стадионы жанынан мәреге жетті. Қатысушылар жалпы ұзындығы 10 шақырым 500 метр қашықтықты бағындырды. 

«Бүгінгі шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды бұқаралық спорт түрлеріне көптеп тарту. Бұл жарыс жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Бүгін маусымның салтанатты ашылу болды» - деді Астана қаласы әкімдігінің  спорттық-бұқаралық іс- шараларды өткізу дирекциясы жетекшісінің орынбасары Азамат Имашев. 

Қатысушыларды тіркеу сағат 8:00-де, ал жарыс 9:00-де басталды. Жарысқа қатысуға ниетті барлық адамға велосипедтер жалға берілді.

«Мұндай бұқаралық шараға алғаш қатысуым. Шымкенттен Астанаға қоныс аударғалы бері қала өмірімен тығыз байланыстамын. «Инстаграм» желісінен жаңалықты көріп, бірден қатысуға бел байладым. Қобалжу жоқ, өйткені күнде кешкісін бауырыммен велосипед тебеміз» - деді шараға қатысушылардың бірі – қазақ технология және бизнес университетінің 1-курс студенті Гульчихра Гуламова.

Шараның көздегені жарыс емес, керісінше, бұқаралық спортқа негізделген. Сол себептен жеңімпаздар «ең жас қатысушы» және «ең жасы үкен қатысушы» номинациялары бойынша іріктелді. Бұдан бөлек, барлық қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары