ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына тура 18 күн қалды. Астанада көрме нысандарында құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Ал, ұйымдастырушылардың көрмеге 2 миллион адам келеді деген жоспары орындалмайтын секілді. Өйткені, ЭКСПО билеттерін сатып алған мұғалмдер мен дәрігерлер және өзге де бюджеттік салада жұмыс істейтіндер оған бармаймыз деп, билеттерін қайта сатып жатыр. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.
Қазнетте ЭКСПО билеттерін арзан бағада сатушылар көп. Олардың дені билеттерді жұмысынан "мәжбүрлі түрде" алғандарын айтуда.
Бір ғана Olx.kz сайтында дәл осындай 69 жарнама бар. Билет сатушылар өзге де сайттарға жарнама орналастырған. Олардың телефон номерлеріне хабарлассаң барлығына жуығы бюджеттік салада жұмыс істейтіндерін айтады.
"Иә, мен билетімді сатамын. Жұмыстан сатып алуымызға тура келді. Бірақ, бармаймын. Билет агық датамен. Қажет болса электронды үлгісін де жібере аламын. Өзім 4 мың теңгеге сатып алғам, 3 мыңға сатып жатырмын. Біз бюджеттік салада болғандықтан әрқайсысымыз 1 билеттен сатып алдық, сондықтан бір ғана билетті сатып жатырмын", – дейді жарнама берушілердің бірі.
Интернеттегі билеттердің ең арзаны 2 мың теңге тұрса, ең қымбаты 17 мың теңгеге дейін жетеді.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов ЭКСПО билеттерін мәжбүрлі түрде сатқан шенеуніктерді жазалауды ұсынған болатын. Алайда, бұл ұсыныс қолдау таба қойған жоқ.