$ 448.15  483.46  4.86

Алматыдан 300 ерікті ЭКСПО-2017 көрмесіне аттанды

Алматыдан 300 ерікті халықаралық «Астана EXPO-2017» көрмесін өткізу шарасына қатысу үшін Астанаға жол тартты. Алматы-1 теміржол вокзалына оларды шығарып салуға жиналған жұрттың есебі көп.

Еріктілерді ата-анасы мен туған-туыстары, достары мен әріптестері, Алматы қалалық әкімдік қызметкерлері, журналистер мен вокзалдағы өзге де жандар оларды мерекелік көңіл-күймен шығарып салды. Ерікті жастарға ақ жол және халықаралық көрмедегі жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жалпы EXPO-2017 көрмесі кезінде ерікті ретінде жұмыс істеуге Алматы қаласының өзінен 15 мың адам ниет білдірген. Солардың арасынан тәжірибелі, қабілетті деген 900-і таңдап алынған. Үміткерлерге қойылған көп талаптардың негізгісі - тіл білімінде. Әрбір ерікті кем дегенде үш тілде - қазақша, орысша және ағылшынша еркін сөйлей алуы тиіс.

Бағы жанған үміткерлердің бірі - Қымбат Нұрдәулет. ЭКСПО оның волонтерлік тәжірибесіндегі алғашқы іс-шарасы емес. Бұған дейін Қымбат Алматыдағы Универсиада ойындарында қонақтарға қызмет көрсетіп, талай форумдарда тәжірибе арттырған.

- Біздің бұл жолғы командамыз өте мықты, ауызбіршілігі мол. Сол үшін алдағы бір тәулік жол көзді ашып-жұмғанша өтіп кетейін деп тұр. Ал, Астанаға мен осымен үшінші рет барғалы жатырмын. Қала өте керемет, маған ұнады. Мен қысқы Универсиада ойындарында және бірнеше форумда ерікті болдым. Бірақ, ЭКСПО көрмесінің орны ерекше. Бұл мега-жоба және одан елдің күтері мол. Әрбір еріктіге белгілі бір міндеттер жүктеледі. Мен өзім билеттер мәселесіне жауаптымын, - дейді Қымбат Нұрдәулет.

Астанаға жетісімен еріктілер тобына қысқа экскурсия ұйымдастырылады. Содан кейін олар ЕҰУ жатақханасына орналастырылмақ.

Ерікті Әлімжан Сағынғалиевтің де бұл бағытта тәжірибесі аз емес. Ол да ЭКСПО-да шетелдік туристерге көмек көрсететін алматылық 300 жастың қатарында.

- Мен Алматы қалалық еріктілер лигасының мүшесімін. Шетелдіктерге Қазақстанның мәдениеті мен бай мұрасын көрсету үшін Астанаға кетіп барам. Жаңа достармен танысу өз алдына, шетелдік туристермен етене араласу да қызық мен үшін. Олардың тілі мен мәдениетін үйренуге тырысамын. Жалпы, мақсатым - Қазақстанды жақсы жағынан көрсетіп, жағымды әсер алуларына үлес қосуым керек, қазақтың қаншалықты қонақжай екенін көрсетуім керек, - дейді Ә.Сағынғалиев.

Іріктеуден өткен еріктілер тобы дайындық курсынан өтті. Алматыдағы іс-шараларға да қалмай қатысты. Соның ішінде, 2017 жылдың басындағы 28-бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын ерекше атап өтуге болады. Бұл халықаралық шара кезінде 3000 ерікті жан-жақтан келген қонақтарды ілтипатпен қарсы алып, ерекше қонақжайылық көрсетті. Универсиаданың жоғары деңгейде өтуіне барынша үлестерін қосты.

Енді Астанаға әрбір айдың басында Алматыдан 300 ерікті жіберіліп отырады. Олардың ары-бері жолақысы мен үш уақыт тамақтануына, жатын орындарына арнайы ақша бөлінген. Ал EXPO – 2017 көрмесі кезінде еріктілерге 16 бағытта бойынша міндет жүктелген. Олар көрме қатысушылары мен қонақтарына қажет қызметті жоғары деңгейде көрсетуі тиіс.

Г.Сембиева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары