Алматы қаласында отандық инноватор-ғалымдар мен «жасыл технология» жасаушыларды қолдау мақсатында «Болашақ энергиясы» атты халықаралық инновациялық экосапары өтті. Бұл сапар «жасыл экономиканы» насихаттау мақсатында жүзеге асырылуда.
Шара ұйымдастырушылар – G-Global халықаралық хатшылығы мен G-Global дамыту мен жасыл экономика үшін одағы. Оңтүстік астанамыздан бастау алған сапар 2 маусым – Сарышаған ауылы, 3 маусым – Балқаш, 4 маусым – Қарағанды, 5 маусым – Астана қаласына табан тірейді. 6 маусым күні EXPO-Camp жастар лагерінің ашылу салтанаты өтетін Арнасай ауылына келіп аялдайды. Бішкектен басталған халықаралық экожоба әрі қарай Ресей, Армения, Белоруссия және Еуропаға жол тартпақ.
Аталмыш шараға еліміздің жоғарғы оқу орындары үлкен қолдау көрсеткен. Атап айтсақ, Қазақ-Британ технологиялық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және тағы басқалары. Алматы қаласындағы экосапардың көшінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Әбдіманап Оспанов та бар. Ғалым аталмыш шараға даярлаған жобасы жайында былай деді:
– Біздің ұран: көпдәнді дақылдардан алынған өнім – денсаулық кепілі. Экспо-2017 көрмесіне қоятын жобамыз – адам денсаулығымен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, еліміз диабет ауруына шалдыққан науқастардың санынан әлемде көш бастап тұр. Ғалымдар «алдағы онжылдықта бұл дертке шалдыққандардың саны 1 миллионға жетеді» деген болжам жасап отыр. Осы тұрғыда отандық сала мамандары түйткілді мәселенің түйінін тарқатар қадам жасауы аса қажет. Осы орайда, біздің Білім ордасының зерттеуші ғалымдары диабетпен ауыратын науқасқа берілетін дәрі-дәрмектердің құрамын зерттедік. Мәседен, «Диабелик» дейтін дәрінің бір қорабы – 16 мың теңге. Ал құрамына үңілсек, мұндағы бар дәрумендердің 90 пайызы көпдәнді дақылдардың құрамында кездеседі екен. Енді «нан – ең ұлы ас» екенін ескерсек, көпдәнді дақылдардан нан өнімін жасауымыз қажет. Ал бұл жобаның тиімділігін арттыру үшін аталмыш бағытты экструдирлеуіміз шарт. Сөйтіп, ел тұрғындарына көптеген тез даярланатын өнімдер ұсынуымыз аса маңызды. Мәселен, Америка Құрама штаттарында мұндай өнімдерді даярлау барысы жыл сайын үш пайызға артып отырады. Мұндағы айта кететін бір мәселе, нан әрі кетсе екі күнге шыдайды. Ал емдік мақсатта жасалатын нан өнімдерін ұзағырақ сақтағанымыз тиімді. Осы тұрғыда, эконандардың он күнге дейін балғындығын сақтайтын технологиясын әзірледі. Патенттеп те алдық. Бұл үрдіс өзіміздің ғылыми зертхана аясында ғана жүзеге асырылып жатыр. Ендігі кезекте, бүкіл республиканы қамтуға ниеттіміз. Ол үшін зауыт салынып, қондырғылар сатып алуымыз керек. Алғышарттарын жасап, Шымкенттен жер алып қойғанбыз. Әрі қарай нәтижелі іс тындыру үшін демеуші қажет.
Айдана Нұрмахан.