Қазақстанның бас қаласында өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі әлем елдері мен халықтарының арасындағы байланысты күшетіп, бір-біріне жақындата түсетін кең ауқымды шара болып табылады. Осы орайда, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы тарапынан «Ұмытсам сыбырла» атты түрік фильмі Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен көрсетіледі.
Фильмнің басты кейіпкерлері Хатиже мен Ханифе - бір бірлеріне мүлдем ұқсамайтын апалы-сіңлілі қыздар. Ән дегенде ішкен асын жерге қоятын Хатиже - өмірге ұмтылысы басым, арманның жетегінде кететін қыз. Ал апайы Ханифе керісінше томаға тұйық, өз қиял әлемінде шектеліп қалып қойған. Өмірлері осылай жалғасып жатады... Бір күн аудан орталығына жас музыкант жігіт Тарык келеді. Ол бірден Хатижемен танысып жақын араласып кетеді. Екеуінің арасында махаббат оты тұтанады. Сөйтіп екі жас қол ұстасып ән әлемінің жұлдызы болуды армандап, Ыстамбұлға жол тартады. «Айпері» деген атпен бүкіл елдің назарына ілігіп, поп жұлдызға айналады. Хатиже арада өте ұзақ уақыт өткеннен кейін кезінде қашып кеткен аудан орталығындағы үйіне қайтып оралады. Алайда, әпкесі Ханифе одан өткеннің есебін сұрайды...
Фильм Түркияда көптеген жүлдеге ие болған. Атап айтатын болсақ, 47 Фильм сценаристері ассосациясының марапаты, фильмнің музыкасын жазған Кенан Догулу «Ең Үздік фильм музыкасы», ал көркемдік жағын басқарған Сойдан Куш болса «Ең үздік көркем туынды» деген марапатты иеленді.
Измирде түсірілген кинокартинаның режиссері - Чаган Ырмак. Поп музыка жұлдызы «Айперінің» қартайған шағындағы ролін танымал түрік актрисасы Хүмейра, ал жастық шағын жас актриса Фарах Зейнеп Абдуллах сомдайды. Тарыктың ролін ойнайтын актер - қазақстандық көрерменге танымал Мехмет Гүнсүр. Киносүйер қауым Гүнсүрмен Сұлтан Сүлейман телехикаясындағы шахзада Мехметтің ролімен танысқан болатын.
Астаналықтар мен қала қонақтары «Ұмытсам сыбырла» фильмін 17 маусымда сағат 17.00-де Керуен ОСО Кинопарк 7-нің 4 залында ақысыз тамашалай алады.