$ 498.34  519.72  4.85

ЕХРО-ға жолдама

Оңтүстік Қазақстан облысының әр алуан ауылдарынан келген балаларға «Жақсылық жаса» қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаржы есебінен ЕХРО-ға жолдама берілетін болды.

Бұл игі шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ақжайық» шағынауданында орын тепкен физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылып отыр. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Бердікееваның айтуынша, бұл Астанаға барып, келетін тегін жол ақысы ғана емес, көрменің павильондарын толық аралау мүмкіндігі. 

– Мұндай акция –мектебімізде дәстүрге айналған. Үш жылдан бері күз айларында осындай жәрмеңкелерге ата-аналармен қатар біздің серіктестеріміз – «Визит», «Ордабасы Құс» ЖШС де ат салысады. Шамамен 700-800 мың теңге көлемінде қаржы жиналады, – дейді Динара Бердікеева. – Жәрмеңкелеріміздің бағдарламасы да дәстүрге айналған: бірінші бөлімде – оқушылар концерт қояды; одан кейін – қарапайым картинадан бастап ұлттық музыкалық аспаптарға дейінгі қаншама заттарға аукцион ұйымдастырылады. Екінші бөлімде – оқушылардың ата-аналарымен бірігіп жасаған қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтеді. Жиналған қаржы аз қамтылған отбасыларының балаларына ойнатылады. Олар 10 желтоқсанда өтетін Ашық есік күніне шақырылады. Жеңімпаздар Астанаға жолдама алады. Қанша баланың бағы жанғаны да сол Ашық есік күнінде белгілі болады. 

Тоғызыншы сынып оқушысы Нұржан Сейдалы керамикамен жұмыс істегенді ұнатады. Оның қолынан шыққан бұйымдарға көз тоймайды. Ал Ақерке Әлішер өте дәмді кондитерлік өнімдер дайындайды. Мұндай шеберліктерге оларды мектепте түрлі үйірмелерде баулитын көрінеді. 

Мектептегі аукционда айрықша көзге түскен дүние – сырмақ болды. Сырмақ – киіз үйдің негізгі бөлшектерінің бірі. Басында 50 мыңға бағаланған киіз соңында 67 мыңға өтті. Сонымен қатар, қамыстан жасалған бұйым, керамикалық ваза, киізден жасалған картиналар мен ерекше бұйымдар, біздің ойымызша, көптеген көркем галереялардың көркін ашар еді. Қайсыбір кәсіби суретші мен қолөнер шеберлерінің туындыларымен бәсекелесетін еді. 

Тамақ өнімдерінің тіл үйірерлік дәмін сөзбен айтып жеткізу қиын. Мектеп оқушысының емес, кондитер маманның қолынан шыққандай!

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары