Топырақтан жаралдық. Топыраққа тартасың да тұрасың. Қашан екенін білмейсің, бір оянғаныңда көкірегің ашып, жаның сыздай жөнеледі. «Мәңгі оралмас ақ кеме» − сол ауыл. Санада бұлдыраған елесі ғана қалған, келместің кемесінде кеткен тәп-тәтті балалық, жазира жастық...
Бес-алты жыл бұрын Шағанғолға (ауылымыздың аты) барғанымда Құралды көрдім. Екі-үш баланың әкесі болыпты. Шабан-шалаң тіршілігі қолын байлап, атажұртқа ат басын бұруға жағдайы жар бермейтіндігін айтып, мұңын шақты. Бұрын біздің үй шекара асып, көшіп келмей тұрған кезде аралас-құралас болған, өздері қысы-жазы тау ішінде отыратын Мардан шалдың баласы еді. Әкесі саятшы, құсбегі адам. Құрекең бала кезден жүген-құрық тимеген талай шу асауды жуасытқан мықтының өзі болатын. Бізден бір-екі жас кіші. Бала кезімізден бірге ойнап, бірге жүрдік. Мектепке бес-алты шақырым жерден қатынап оқиды. Ол жүрісің жазда оңай болғанымен, Алтайдың аюдай ақырған қысы келгенде қаршадай баланы қойып, үлкендердің ары-бері жүріп-тұруының өзі қиынға соғады. Ешкімді жатсынбайтын Құралың қыстың күні ауыл үйді айнала қонып, демалыс күндері ғана үйіне қайтады. Қолғанаты жоқтар Құралдың үйіне қонуын асыға күтеді. Ол келген күні қора тазаланады, қар күреледі. Әйтеуір жұрттың бәрі дән риза, Қыдыр қыдырып келгендей күй кешеді. Аптаның бірінші күні Құрал біздің үйге қонатын болып, менімен еріп үйге келді. Кеш түсе бастаған мезгіл-тұғын. Үйдегілер ет асқан екен, сүрінің иісі есікті ашқан бетте мұрынға ұрды. Құрал жымың етіп маған қарады. Үнемі май шұрқанның үстінен түсіп жүретін өзінің аузының салымы зор неме. Қазан асқан үйді иіскеп таба ма деп таңқаласың, ет жемейтін күні кемде-кем. «Ой, Құрал бүгін біздің қонақ екенсің ғой», – деп шешем дастарханын жайып, шай құюға қамданды.
Бірер кесе шай ішіліп, күбір-сыбыр сөйлесіп отырғанымызда кенет Құрал жын қаққандай, өңі боп-боз болып: «Қой, мен үйге қайтайын. Бір шаруа бар еді, ұмытып кетіппін ғой. Бұл үйге ертең қонам», – деп абың-күбің жинала бастады. Үйдегілердің бәрі өре түрегелді. Шешем: «Жын қақты ма сені! Екі кештің арасында қайда бармақшысың! Күн ерте болса бір сәрі, түн болды ғой. Оның үстіне ақ түтек боран басталып келеді. Қасқырға жем болмасаң да, боранға жем боларсың түге! Ешқайда бармайсың», – деп ұрысып та жіберді. Оған қарайын деп тұрған Құрал жоқ «Қайтам дедім ғой, қайтам!» деп бүкіл үйдің зықын алды. Әкеміз қорадағы қасқа атты мініп, көрші ауылға кеткен, ақыры інім екеуміз Құралды орта жолға дейін шығарып салатын болдық. Айтқанынан қайтпайтын тентекті бізге қосып берген шешем: «Әй, сендер де абайлаңдар! Адасып кетпеңдер, мынаның қорлығын-ай, ә!», – деп күйіп, пісіп жүр.
Сыртта шынымен боран басталыпты. Адам ұшыратындай айбатына мінбесе де, төбедегі қарды саулатып, ұшырып жатыр. Ауылдың сыртындағы жалғыз аяқ жолмен Құралды біраз жерге дейін шығарып салып, жол болсын айттық. Соңынан қарап тұрмыз. Елу, алпыс метрдей жүрген соң оның да сұлбасы ағараңдап, көрінбей кетті. Бізге де тұра берудің еш мәні қалмады, бұрылып жайымызға тарттық. Үйге келсек шешеміз бір кіріп, бір шығып бізді тосып жүр екен. Қомпылдап сөйлеп қояды. «Марданның жындысын-ай, мына! Жеті түнде желігіп, не сайтан түртті өзін. Байғұс бала аман-есен жетсе болды. Қап, жаңа байласақ та алып қалу керек еді! Әкелеріңнің болмағанын қарашы!..». Тамақ алдыға келген кезде әкеміз де келді. Бізге: «Ат терлеп келді. Сәл терін басқан соң, суарып, маяның түбіне қоя беріңдер», – деп бұйыра сөйледі. Күнде істеп жүрген шаруа, үнсіз бас изедік. Сосын шешем кетті Құралдың жырын айтып. «Е-е-е!.. ол Марданның баласы өлмейді. Бір шаруасы болған ғой онда», – деп сөзін салқын қайырды әкей...
Таңертең сабаққа кеткелі жатқанда шешем: «Түнімен ана баладан алаңдап ұйықтай алмадым. Мектепке келсе, маған бір хабарын беріңдер», – деп ескертті інім екеумізге. Құрал ініммен бірге үшінші сыныпта оқиды, біз пақыр бесінші сыныптамыз. Құралдың келмегенін білсем де, алдымен сыныбына бас сұқтым. Оның заңы – үйіне кеткенде сабаққа бір-екі сағат кешігіп келеді. Мұғалімдері де үйренген оған. Бірақ ол еркіндік Құрал үшін дүйсенбі күнге жазылған, сейсенбі күнгі кешігіс біразын таңдандыратын болды, не болса да. Демалыс күні тау арасына жол шегетін оны қай мұғалім білмейді дейсің, «Қайда жүрсің» деп сұрамайды да. «Құрал келсе маған айт», – деп ініме тапсырдым да, өз сыныбыма кеттім.
Екінші сабақ аралығында қасында Құралы бар, інім терезеден сығалап қарап тұр. Анау ыржың-ыржың күледі. Мен де күлдім. Сыртқа жүгіріп шығып Құралға: «Кешегі сөз – сөз ғой, бүгін біздің үйге қонасың», – дедім. Ол үнсіз ыржиып, басын изеді. Шешеме де Құралдың хабарын жеткіздік. Кешке таман сабақтан тараған соң, інім үшеуміз үйге қарай аяңдадық. Жол бойы Құралдың кешегі қылығын білгіміз келіп: «Неге үйіңе қаштың», – деп жаналқымға алдық. Ол күліп ештеңе айтқысы келмеді. Ақыры қоймаған соң ініме қарап: «Мынау сыныптағы балаларға айтып қояды, кете берсін», – деді. Інім көнбеді. «Саған мен айтып берем, алдымен кете бер», – деп оны алдап-сулап жолға салып: «Ал, енді айт», – деп Құралға бұрылдым. Ол тағы бір ыржалаңдап алып, сөзін бастады. «Осы демалыста үйге бардым ғой, үйдегілерге көмектестім. Әкем бүркіт салып, тазы жүгіртетінін білесің. Жарты күн ол кісіге ілестім. Саятшылық дегенді айтпа, керемет! Солай, солай қысқа күн де өте шықты. Түнде ұйықтайын деп жатсам шешем: «Балам, бұтыңдағы кірлеп кетіпті, жуып қояйын. Таңға дейін кебеді», – деп бұттағы ақ матадан тігіп берген дамбалды сыпырып алды. Жуып, пешке жайып қойған. Таңертең тұрсам ол жарықтығың кеппек түгілі, сол күйі шылқа су. Сосын бұтқа ештеңе ілместен мақтадан сырып, тігіп берген шалбарды іле салып, сабаққа тайғам. Бұтта ештеңе жоғы тас есімнен шығып, сендердікіне бардым емес пе. Шай ішіп отырғанда сол есіме түспесі бар ма. Сосын масқарам шықпай тұрғанда безейін дедім. Қаудырлаған қара шалбармен жатқанымды көрсе шешең шешпесіме қойсын ба! Әйтпесе, есі дұрыс адам ет асулы тұрған үйден өлсе кете ме?! Қасқыр мен бораннан бұрын жалаңаштығың жаныңа батады екен. Шешем де қызық. Күні кешке дейін бүркіттің балақбау, биалайын, онан қалса елдің тұмағын істегенше маған бір артық ішкиім тігіп берсе қайтеді осы...», – деп Құрал кейісті пішінмен әңгімесін бітіргенде мен ішімді ұстап, қарға құладым. Ішек-сілем қатты. Құрекең ренжіп қалды-ау шамасы, анадайда көзі жасаурап қарап тұр. Күлкімді сап тиып, қасына барып: «Ренжіме, Құрал! Ондай-ондай болып тұрады. Ештеңе етпейді, ешкімге айтпаймын, алаңсыз бол», – деп арқасынан қақтым. Үйге жеткенше қысқан сайтан күлкінің қысасы арылсашы бойдан, өзімді әзер-әзер тежеп отырдым. Алдымыздан шыққан шешем: «Аман-есенсің бе, құлыным?!», – деп Құралдың бетінен сүйіп әлек. «Кеше не болды, неге кеттің?» деген әңгіме де болған жоқ. Тек інім ғана «Айтты ма?» деп қоймаған соң: «Саят құрыпты, мұғалімдер біліп қоймасын», – дей салдым. Аузынан қағылған Құрекең азырақ картоп қосылған өкпе-бауырдың қуырдағын жеп, бойын кеңге салып, шешініп жатты...
Арада жиырма қанша жыл өтсе де, Құралдың «құпиясын» ешкімге айтпағам. Бүгін сол сырды жұртқа жайдық. Құрал – Алтайдың арғы бетіндегі, бізге ұмыт бола бастаған қазақтың байырғы өмірінің ақыры, көшпендінің соңы. Бала кезімізде үлкендер: «Неге Құрал секілді асау үйрете алмайсыңдар? Неге Құрал секілді тау ішінде жалғыз жорта алмайсыңдар? Неге, неге?..» дей беруші еді. Оны соңғы рет көргенімде торыққан бейнесі, шүңірек көзінде қатқан кек пе, мұң ба, әйтеуір адам ұзақ тесіліп қарауға дәтің жетпейтін түрі – баяғы өлшемдердің келмеске кеткенін аңғартады. Жаз жайлау, қыс қыстауынан айырылған бейбақ сүлкіні түсіп, жиі-жиі күрсінетін болыпты...
Ырысбек ДӘБЕЙ