$ 494.87  520.65  4.91

Ай жарық болған жаз

 «Қарға баласын – әппағым», кірпі баласын – «жұмсағым» дер». Сүлеймен пайғамбар заманынан бізге жетті дейтін тәмсіл әңгіменің астарына үңіліп, айтпағын пайымдап отырғаныңызда ойың он саққа жүгіреді. Қазақ баласын – кім санап, кімім дер еді? Біздің халықтағы әке мен баланың суық қатынасы, тұйық байланысы есіңе түседі. Кейде сенің балалығыңды ескермей, тым қатал шешілетін әке үкімі әділетсіз болса да, үнсіз көнуің заң боп шегеленген барыс-келіс жайлы ойлайсың. «Біз осы қандаймыз?» демеске, шараң жоқ. Мүмкін айтпақ психологиямыз өткенге тән, біз соңғы әсерін сезінген ұрпақ шығармыз. Мүмкін олай емес те шығар…

 Жаздың күні еді. Ел жайлаудың төріне қонып, ойдағының шыбын-шіркеймен жағаласып, мазасы кеткен шағы-тұғын. Күн еңкейіп қалған кез, ауылдан сәл қиыстау жердегі шабындықты суарып жүр едім, әкей келіп: «Ана жайлаудағы Тәліп атаңның (әкемнің ағасы) үйінде ұн қалмапты, сәлем айтып жіберіпті. Ұн жеткізіп бер!», – деді. «Мақұл» деп күректі иыққа салып, әкейдің артынан еріп, ауылға қарай беттедім. Үйге кіріп, бір-екі кесе салқын шайды жұтып үлгергенше сырттан әкейдің: «Тезірек бол! Күн бататын болды» деген айқайы естілді. Атып шықтым. Есік алдына шығарып қойған бір қап ұнның жанында арық торы атты ұстап әкей күтіп тұр екен. Бір қап ұнды (шамасы 60 келіден астам) екі жақтап, екіге қақ жарып, торы атқа теңдедік. «Жолың болсын!», – деп аттың сауырына бір ұрған әкей артта қалды, мен жайлауды бетке алдым. Жайлауға дейін құр атпен төрт-бес сағат жүресің. Ауылдан біраз ұзап, Теректі аталатын сайдың аузына ілінгенде күн де батты. Батқан күнмен ілесіп ойға үрей де ұялай бастады. Үрей болғанда «жын-пері немесе Алтайдың жыртқыш аңдары кезігіп қалмаса екен» деген қорқыныш емес, басқа үрей. Бірер апта бұрын ғана ауылдағы Тасқын деген жігіт құтырып ауырып, осы Теректі жаққа қашып кетті деген сөз тараған. Сол кездесіп қалмаса екен деп келем. Кенет төмен жақтан айқайлап, бір-бірімен жарысқан екі-үш жігіттің қарасы көрінді. Ілезде екеуі жанымнан тасырлатып шауып өте шықты. Тек біреуі ғана: «Кімсің, ей!», – деп бетіме үңіліп, атын ойнатып алды-артымды орады. Танып тұрмын. Аузынан арақ иісі мүңкіп тұр. Ауылда үнемі ішіп, төбелес шығарып жүретін «қисық» аталып кеткен Мәден деген жігіт. Жұрттың бәрі «қисық Мәден» дейтін. «Сен мына жүрісіңмен жайлауға бүгін жетпессің», – деп Қисығым атын бір салып, жаңағы жолдастарының артынан шаба жөнелді.

Жан-жағыма алақтап қарап, аяңдап келем. «Тасқын жүреді екен» деген «қауіпті мекеннен» де өттім. Ендігі мәселе жын да, жынды да емес, шелектеп құя жөнелген жаңбыр болды. Орта жайлауға енді ілінген тұста артылған ұн мен мені әзер көтеріп келе жатқан торы аттың жағдайы қиын бола бастады. Сабалаған жаңбырға қарамай, аттан түсіп, жетектесем де жануардың алға аттайтын түрі жоқ, амалсыз аялдауға тура келді. Тері тұлыпқа қақ жарып бөлген ұнды жерге түсіріп, тастың үстіне қоюын қойсам да, «тынығып болған соң атқа қалай артар екенмін» деген ой мазалай бастады. «Бір жөні болар», – дедім де, қынасы былжырап езіле бастаған тастың шетіне отыра кеттім. «Арық атқа – қамшы ауыр». Үстіндегі жүгі түскен соң торы ат қайта-қайта сілкініп қояды. Ел жоқ иен таудың арасында бұлай отыра берген де тиімсіз. Жаңбырға малшынып, қойын-қонышты суық аралай бастады. Орнымнан тұрып, ұнды атқа артайын деп тастың үстіне шықтым. Былжырап езілген қынаны басқан заман аяғым тайып , екбеттей құладым. Әйтеуір қол тіреп үлгеріп, бетті аман сақтап қалдым. Ес кетіп, жан шыққанда екі тең ұн орнын тапты. Атты жетектеп, алға ілгерледім. Біресе жыныс орманға кіріп, біресе тұйық жартасқа тіреліп жүріп, түннің бір уағында төр жайлауға асатын тік мойнаққа іліндім. Мойнақтың арғы жағында атамның ауылы. Әбден титықтаған торы аттың енді жүретін түрі жоқ, мойнақтың ортан беліне келгенде төрт аяқтап, тұрды да қалды. Тап сол кезде мойнақтың арғы жағынан бері асқан аттыны көріп, қуанып кеттім. Жаңбыр басылып, аспан шайдай ашылған. Сол күнгі айдың жарығы нұрландырған түндей ғажайып түнді қайтып көрген емеспін. Жердегі жорғалаған жәндік көрінетіндей жарық. Торы аттың шылбырын тасқа орадым да, жаңағы жолаушыға қарай беттедім. «Кімсіз? Бұрыла кетіңізші, көмектеспесеңіз, атым жүре алмай қалды!», – деп айқайлап тіл қатқаным сол еді, «құтқарушым» кері бұрылып, атын бір салып, қаша жөнелді. Мені жын-перінің бірі екен деп қалса керек. Амалсыз алдыңғы жолдағыдай арық торыны тынықтырдым. Бағанағыдай емес, жүк арту дегеніңіз мәселе болудан қалды.

Бір демалып, мойнақтың үстіне шыққанда арық торы жата кетті. Амалсыз үстіндегі ұнды түсіріп, жаңбыр тимеген тастың қалқасына апарып қойдым. Жануардың ер-тоқымын алып, басыма жастап, ішпегін аяғыма орап, құрғақ жерге өзім де қисая кеттім. Әбден қалжыраған, жаңбыр өткен тән рахаттана қалса керек, ұйықтап кетіппін. Бір-екі сағаттай уақыттан соң барып, ат аяғыма орай салған шылбырды тартқылай бастағанда ояндым. Шаршағаны басылған арық торы жайылғысы келіп, қозғалақтай бастапты. Жануардың үстіне ер салып, жүгін артып жолға түстім. Көп жүрмей-ақ қаз-қатар тігілген ақ үйлердің қатары молая бастады. Абалап үрген иттер алды-артты орап, түн тыныштығын қашырды. Тәліп атамыздың үйі жылда отыратын маңға таяғанымда адаспай келгенімді, бағытымның дұрыс екенін әйгілегендей желіге жақын жерде өзіміздің таудай қарала өгіз жатыр күйіс қайтарып. Атты белдеуге байлап, ұнды түсіргенше, Тәліп атам да сыртқа шықты. Сәлемнен кейін: «Енеңді ұрайын, не қып түнделетіп келгенсің? Ерте шықсаң қайтеді? Бейшара-ау, жаңбырдың астында қалдың ғой. Әкең өзі келмеді ме, сені сандалтпай! Тез, үйге кір!», – деді. Судан шыққан тышқандай түрімді көріп, аяп кетсе керек. Апамыз да ояныпты. Бетімнен сүйіп, бір шара айранды ұстатты. Салқын айранды демалмастан тартып жібердім де, отқа жақын салынған төсекке құлай кеттім. Сәске түсте оянғанымды «ұнның бет жағы ғана су болыпты, қатты су өтпепті. Тері тұлыптың қасиеті осы» деген ата мен апаның көңілді әңгімесін естіп, боймыды бір мақтаныш сезімі билеп, танауым шелектей болды…

P.S. Он үш, он төрттегі бала үшін сол түнгі сарпалдаңның аса қауіптілігі қазір ойласам бойымды дірілдетіп, ойымды толқытады. Сол кездегі қорқыныштан мың есе артық үрей бойымды билейді. Не деген әкеміз! Не деген баламыз!..

Ырысбек ДӘБЕЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Құралдың «құпиясы»