Кешегі тоқсаныншы жылдардың басына дейін кез келген газетте «Мораль тақырыбына» дейтін айдар болатын. Осынау айдардың аясында Құдай-ау, нелер айтылмаушы еді?! Үлкенді сыйлаудан бастап, тілдің тазалығына дейінгі мәселелердің бәрі-бәрі көрініс табатын. Ол жылдары әсіресе нанды қастерлеу деген мәселе бірінші орында тұрушы еді. Мақалалар да осы тақырыпты қаузайтын, нанды қастерлеу мәселесі лирикалық жырларға да арқау болып жататын.
Сексенінші жылдардың басында жазылған Мұхтар Шахановтың бір балладасындағы сюжет желісі осы нанды теуіп өткен келіннің әрекетін айыптауға құрылған еді. Келіннің барлық көргенсіздігін кешірген ата нанды тепкенін кешіре алмаушы еді ғой. Ұлына «келінді қай жерден әкелсең сол жерге қайта апарып таста!» демеуші ме еді?!
Ата-әжелердің де екі әңгімесінің бірі «өзің аштан өлейін деп тұрғаныңда жоғарыда нан тұрса, оны алуға қолың жетпесе аяғыңның астына Құранды қойып алуыңа болады. Ал,жоғарыдағы Құранды алуға қолың жетпесе аяғыңның астына нан қоюға болмайды» деген өсиет уағызға толы болатын. Ол кезде қазіргідей адам басына екі молдадан келмейді, көше сайын екі мешіт түгілі бүкіл ауылда бір мешіт жоқ, сөйте тұра адамдар әлдеқайда иманды еді. Ол кездің шалдары әңгімені осылай қайыратын. Бар болғаны осы тақілеттес әңгімелерді-ақ естіген жас ұрпақ бүгінгідей бірін-бірі ермекке атпайтын. Нанды қадірлеген жасөспірім адамды да қадірлеуші еді.
Қазіргі газеттер Мәдина Сәдуақасованың күйеуге тигенін, Әсел Сәдуақасованың Эмираттың перзентханасында босанғанын тамсанып жазуы мүмкін, бірақ нанды қастерлеу жайлы жарты сөйлем де жазбайды.
Бүгінгі үлкендер әлгіндей әңгімелерді білмейді немесе білсе де айтпайды. Айтпайтыны, екінің бірі діндар. Өңкей діндар «ол кезде халқымыз діни сауатсыз болды. Діннің тазасы араб пен түрікте, оларда мұндай әңгіме жоқ. Шариғатта мұндай сөз айтылмайды, Құранда кездеспейді» деп тиып тастауы бек мүмкін. Кім-кім болса да «баламдай, немеремдей біреуден сөз естіп қалмайын» деп аяғын тартады емес пе?!
Үлкендер демекші... Әкейдің бір әңгімесі естен кетпейді.
Елді аштық қыса бастаған жылдары әкеміз Түркістандағы тракторшыларды даярлау курсында оқиды екен.
– Бізге сылдыр су болса да күніне бір мезгіл ыстық беретін. Асхананың сыртында өліктер тау-тау боп үйіліп жататын. Адамдар қайыр сұрап жүріп көз алдыңда үзіліп кетуші еді.
Бір күні жарты тәрелке сорпамды алдыма ала бергенім сол еді, асхананың ішіне 4-5 жасар баласын жетектеп бір әйел кіріп келді де отырғандардан қайыр сұрай бастады. Ол кезде ешкім ешкімге ешнәрсе бермейтін. Баласын көріп тұрып дәтім шыдамады. Баласына бір тілім нанымның жартысын үзіп бердім. Ойпырмай, әлгі баланың шапшаңын-ай! Қалай бергенім сол, көз ілеспес жылдамдықпен нанды ауызға атып жіберді! Ал, шешесі... баласынан да шапшаң екен! Баланың аузына кіріп бара жатқан нанды тура ауыздың алдынан қақшып алып кетті де өз аузына атып жіберді! Баласының нанын тартып жеді! Қайтеді, өліп бара жатыр. Сендер бөлке нан жегіміз келмейді дейсіңдер. Мастанған екенсіңдер! – деген әкеміз курсты едел-жедел бітіріп, іле Созаққа кеткенін әңгімелеуші еді.
– Екі күн жүргенде баяғы ауылдардан санаулы-ақ тірі адам кездестірдім. Қолдарында пышақ, тағы бірдеңелер. Әлі келсе сойып жемек. Бірақ өзі аш, өзі әлсіз, өзі жаяу адам түйелі адамға жете алушы ма еді?! Нұрсыз көздері мүлде түсініксіз кейіпке түсіп, қала береді...
Тасбақаның адам көрсе шыңғыратынын тұңғыш рет әрі ең соңғы рет сол жылдары көріп едім. Тасбақа айдалада адам көрсе өзінен-өзі шыңғыратын. Бәлкім тасбақадан басқа қорегі қалмаған адамдардан тасбақаларға жағымсыз бір иіс шығатын шығар. Әлде олардың да түйсігіне Құдай бір үрейді сездіріп тұр ма, кім біледі...
Біздің әулеттен сол ашаршылық жылдары үлкені бар, кішісі бар, тура он үш адам кетті, – деп естелік айтатын әкеміз осы тоқсаныншы жылдардың басындағы қиыншылықта «Құдай сақтасын, отыз екінің ашаршылығындай ашаршылық болмайды» деп отыратын.
Осы орайда танымал журналист Сейсенбай Ахметтің де «көкем айтып отыратын» дейтін бір әңгімесі еске түседі. Сейсенбайдың көкесі де тоқсаныншы жылдары «шүкір, ашаршылық болмас, ашаршылық боларда кішкентай балалар жалаңдап, арандары ашылып, тамаққа тоймай кетеді. Балалардан ондай ашқарақтық байқалмайды ғой» деп отырады екен.
Иә, аға ұрпақ нанды қастерлеуден, жас ұрпаққа оны үзбей айтып отырудан жалыққан емес.Ал, біз соңғы кездері тек саясат туралы, экономика туралы жазамыз. Саясаттың да, экономиканың да көкесі нан емес пе еді?!
А.БЕКНАЗАРҰЛЫ.