$ 444.22  476.38  4.82

Мемлекет басшысы БҚО жастарымен кездесті

Елбасы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде жастар қауымымен кездесті. Басқосу барысында «AQJAYIQ» телеар­насы­ның редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген «Медиа этика» кітабын қазақ тілінде оқып шыққан соң алған әсерін баяндап берді.

Кездесу кезінде ешкім күтпеген сәт болды. Ұшқыш киімін киген жас жі­гіт 1991 жылы қараша айын­да түсірілген бейнежазбаны көрсе­тіп, осыдан 27 жыл бұрын болған оқиғаны Елбасының есіне салды.

Қазақстан Тәуелсіздігін жа­риялар қарсаңда, қараша айын­­да Нұрсұлтан Назарбаев Ба­тыс Қазақстан облысына жұ­мыс сапары­мен келген еді. Терек­ті ауда­нының Аңқаты ауылына, қазақ­тың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіретін іргелі шаруа­шы­­лығына арнайы ат басын бұр­ған Елбасы сол ауылда өмір есігін жаңа ашқан нәресте­нің шілдеханасына тап болған. Қуа­нышты тойға құтты қонақ­тың тап келуін жақсы ырымға жорыған Сақпаевтар отбасы сәбидің есімін Нұрсұлтан деп қоюды ұйғарыпты. Сөйтіп киіз үйде өткен тойда Президент нәрестенің туу туралы куәлігіне өз қолымен сәбидің аты-жөнін жа­зып қалдырған еді. Тарихи бей­­не­жазбада дәл осы сәт бейне­лен­ген екен.

– Мына жердегі кішкентай сәби менмін, – дейді бүгінде зіңгіт­тей жігіт болған Нұрсұлтан Сақ­паев. – Орал авиациялық оқу ор­нында ұшқыш мамандығын иге­ріп жүрмін. Болашақта білі­мімді жалғастырып, авиация сала­сының білікті маманы бол­ғым келеді.

Елбасы жастар өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, олар­дың заманауи озық технология­ны жаппай игеруі қажеттігін, әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қабілетті білікті маман болуын ескертті. Елімізде жастардың білім алуына, дамуына мемлекет тара­пынан мол мүмкіндік жасалып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев цифр­лы және ақпараттық техноло­гия­лардың қарқынды дамып келе жат­қан жағдайында бәсекеге қабі­летті жастар тәрбиелеп өсіру­дің маңызды екенін атап өтті.

– Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағ­дарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қой­мауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары