Қырғызстан парламенті «экологиялық апаттан сақтану үшін» ел аумағында уран кеніштерін игеріп, уран өндіруге тыйым салды. Бұл қаулыны депутаттардың 90 пайызы қолдады, ешкім қарсы шықпады деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Парламент спикері Дастанбек Жумабеков мұны «саяси шешім» деп атады.
«Құрметті депутаттар, парламент саяси шешім қабылдады. Қырғызстанның барлық аумағында уран өнідіруге тыйым салынып жатыр. Қаулының басты мақсаты осы болған» деді ол.
Парламент отырысында елде қазіргі кезде уран барлауға 18 лицензия берілгені анықталды. Олардың бесеуі Ыстықкөл облысындағы биосфералық аймаққа кіретін аумақтарға қатысты.
Соңғы бірнеше аптада Қырғызстан тұрғындары наразылық шарасын өткізіп, Жалалабад облысындағы Кызыл-Омпол және Ыстықкөл облысындағы Таш-Булак кеніштерін игеруге тыйым салуды талап еткен. Ыстықкөлдегі кенішті игеру жұмыстары жаппай наразылықтан соң тоқтады.
Депутаттар Кызыл-Омпол кенішінде барлау жұмыстарын жүргізген «ЮрАзия в Кыргызстане» компаниясына уран өндіру бойынша берілген лицензияның заңдылығын тексеруді талап етті. Бұған қоса, ондағы уран кенішін барлауға бұрын мемлекеттен рұқсат алған компания жұмысын да тексеруді сұраған.
Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Кубатбек Бороновтың айтуынша, Қырғызстан аумағында 92 кеніш және радиациялық қалдық төгетін орын бар. Елде радиоактивті қалдықтардың жалпы көлемі 11,9 миллион текшеметрге жеткен.