$ 448.56  478.03  4.79

«Жетімдер үйін бизнеске айналдырған»: кәсіпкер Айдын Рахымбаев билікті айыптады

Танымал отандық кәсіпкер, BI Group құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Мәжіліс депутаты, балалар омбудсмені Зағипа Балиева мен өзге де билік өкілдерін жетімдер үйілерін бизнеске айналдырған деп айыптады. Бұған дейін кәсіпкер Балиеваның бастамасымен ол құрған «Ана Үйi» қоғамдық қорына қайта-қайта тексеру жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.

Оның айтуынша, жетімдер үйіндегі әрбір балаға жыл сайын мемлекеттен 1,9 миллион теңге бөлінеді екен. Ал, «Ана Үйi» жобасының арқасында соңғы 5 жылда 3200 бала отбасын тауып, жетімдер үйіне жіберілмеген. Тиісінше, аталған мекемелер де бұл балалар үшін бюджеттен қаражат алмаған.

«Мәселен, біз құтқарып қалған балалардың тек жартысына ғана мемлекеттен 51,3 млрд теңге бөлінуі тиіс болатын. Бұл қаражат балалардың 18-ге толғанына дейін жұмсалады. Яғни, ақша алғашында бюджеттен бөлініп, кейін ол кері қайтарылған», - деп бастады әңгімесін кәсіпкер Айдын Рахымбаев.

Ал, «Асырап алуды қолдау орталығы» жобасы аясында тек соңғы 1,5 жылдың ішінде 582 жетім бала жаңа отбасын тауып, ата-аналы болыпты. Тағы болашақ 750 ата-ана бала асырап алудың кезегінде тұр екен. Қазір еліміздің әр өңірінде бұл жобаның мамандары жұмыс істеп жатыр. Олар жылдан жылға бала асырап алғысы келетіндердің қатары артып жатқанын мәлімдеп отыр.

«Енді мынаны қараңыздар, жаңағы 582 бала жетімдер үйінде қалған кезде оларға бюджеттен 15 млрд теңге бөлінетін еді. Неге мұншама көп қаражат жұмсалады деп ойлайсыздар ма? Өйткені, балалар үйінде әрбір кішкентай балаға 2-3 қызметкерден келеді: күтушілер, тәрбиешілер, аспаздар, күзетшілер, аула тазалаушылар, тіпті кір жуатын машинаға жауапты арнайы операторлар да бар екен. Мәселен, Астанадағы жетімдер үйінде 49 бала және 150 қызметші бар. Қазір бұл мекеменің басшысы өзгеріп, қала әкімінің араласуынан кейін жағдай реттеліп келеді. Ал, мұндай мекемелердің саны Қазақстан бойынша 100-ден асады. Қызметкерлердің саны өте көп. Олар жетімдерді асырап алуға қарсы, өйткені мекемелерде балалар болса жұмыс та болады. Ал, егер балалар азайса, бөлінетін қаржы да кеми береді. Бұл сонау КСРО кезінен келе жатқан жүйе, балалардың тағдырынан басқасының бәрі ойластырылған. Жетімдердің арқасында түрлі бағдарламалар, гранттар ойлап тауып, бюджеттен қосымша қаражат бөлу бұларға өте тиімді», - дейді Рахымбаев.

Бұдан бөлек, кәсіпкердің айтуынша, біздің билікке балаларды шетелдіктерге сату өте «тиімді» екен. Сондықтан, олар «Ана Үйi» қоғамдық қорын балаларды асырап алу жұмыстарына барынша араластырмауға тырысып келеді екен. Өйткені, аталған ұйым асырап алу жұмыстарын меценаттардың арқасында тегін жүргізеді.

«Осы күнге дейін Қазақстанда балаларды шетелдік азаматтардың асырап алу жүйесі қалыптасқан. Бүгінде елімізде шетелдің 17 агенттігі аккредитация алып, осы іспен айналысып келеді. Алайда, біздің жетімдікке қарсы жүргізіп жатқан еңбегімізге қарамастан, осымен екінші жыл қатарынан "Ана Үйі" қорына аккредитация беруден бас тартып келеді. Есесіне шетелдіктерге беріп жатыр. Біздің жоба асырап алу қызметін тегін атқарады, меценаттардың есебінен. Ал, шетелдік агенттіктер болса әрбір бала үшін шетел азаматынан 20 000 - 40 000 АҚШ доллары аралығында қаражат алады. Бұл сома олардың сайттарында көрсетілген. Осы қаражаттың көп бөлігін аталған агенттіктер қайырымдылыққа және балалар үйіне аударады екен. Жарайды, бұл басқа әңгіме. Енді осы қаражатты есептеп көрейік. Мәселен, 1000 баланы 20 мың долларға сатқан күннің өзінде 20 млн доллар қаражат табады екен. Бұл сауда қазір Қазақстанда әліге дейін жалғасып келеді. Ал, біздің ұйым бұл сауданы жүргізіп отқандарға кедергі келтіруде. Сондықтан, олар біздің жұмыстардың жүруіне барынша қиындықтар туғызудың амалдарын жасап жатыр», - дейді кәсіпкер.

Кедергі келтіріп жатқандардың бірі ретінде Айдын Рахымбаев депутат Зағипа Балиеваны атады.

«Осылайша біз отандық ҮЕҰ, соның ішінде "Ана Үйі" қорының бұрыннан қалыптасқан кеңестік жүйеге айтарлықтай проблема жасап бергенін көріп отырмыз. Сондықтан да, Балиева ханым балалар үйін тексеріп баруға тыйым салуды талап етті. Айтуынша, балаларды мазалауға болмайтын көрінеді. Ал, өзі болса Ана үйін тексерту керек деп мәлімдеуде», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Айдын Рахымбаев өзі құрған "Ана Үйі" орталығына Мәжіліс депутаттарының тексеруге келмек болғанын айтып шағымданған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары