$ 443.35  475.54  4.82

Қазақ қызы Англияда мейрамханалар мен дәмханалар үшін нан жабады (ФОТО)

Қарағанды қаласының тумасы Шынара Бакишева бүгінде Англияның Ньюкасл қаласындағы танымал наубайшылардың бірі. Оның Fresh Artisan Bread Company деп аталатын наубайханасы бар. Қазақ қызы жергілікті мейрамханалар мен дәмханаларды және өзге де сауда орындарын нанмен және нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл туралы chroniclelive.co.uk порталы жазған.

Аудармашы мамандығын бітірген Шынара алғашында Қазақстандағы Chevron компаниясында жұмыс істепті. Сонда архитектор Рас Клулоумен танысқан. Араларында махаббат сезімі оянып, екеуі үйленіпті де Ұлыбританияға көшіп кетіпті. Қазір олардың екі баласы бар, олар кішкентай болса да аналарына көмектесіп жүр.

Қазақ қызының айтуынша, Англияға алғаш келгенінде дүкендерден қарапайым нан таба алмапты.

"Шынараның жұмыс уақыты түнгі екіде басталып, таңертең сағат 9-да ол 250 дана өнімін пісіріп шығарады. Олардың қатарында қарапайым наннан бастап, дәмі тіл үйіретін нан өнімдері бар. Жұмысын осыншама ерте бастағанына қарамастан ол өзін тың сезініп, клиенттерін жайдары көңілмен қарсы алады. Тіпті әзілдесіп, қалған 5 сағат жұмысын да шаршамай аяқтайды", - деп жазады британдық ақпараттық портал.

Фото -

Шынара үйінде де тамақты өзі әзірлейді. Өйткені, дүкен сөрелеріндегі жартылай дайын ас-ауқатты ол тағам деп есептемейді екен, олардан түрлі аурулар пайда болуы мүмкін. Оның пікірінше, нан жабатын кезде де ұнға ешқандай дәмдеуіш қоспалар қосуға болмайды. Тек сонда ғана тағам адам ағзасына сіңімді әрі пайдалы болады дейді ол. Нанның дәмін кіргізу үшін Шынара тек қызанақ, пияз, пісте, розмарин секілді табиғи өнімдерді ғана пайдаланады.

Фото -

Қазақ қызы нан жабудың қыр-сырын Шотландияға барып үйреніп келген екен. Сол елде жүріп сауда жасаудың мектебінен де өткен. Тек былтыр Ньюкаслға келіп, өзінің кәсібін жолға қойыпты. Бір жыл ішінде 20 сауда орталығы мен дәмханалар оның тұрақты клиентіне айналған. Бұл нүктелердің барлығын Шынара күн сайын нанмен және тәтті нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырады.

Фото -

Наубайшы Англияға көшіп келгелі өмірінің күрт өзгергенін айтады. Қазақстанда ол нағыз кеңсенің маманы болып, күніге боянып, биік өкшемен әсем ғимараттардың ішінде ғана жүргенін айтады. Ал, Еуроапада мүлдем өзгеше. "Қазіргі түрімді ата-анам көрсе шошып қалатын шығар, үсті-басымның бәрі ұн, нағыз жұмыстың адамымын. Өзіме ұнайтыны да осы, жанымның қалауы", - дейді Шынара Бакишева.

Фото -

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары