$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда қоғам белсенділері теріс діни ағымдардан қорғану жайын талқылады

Алматыда «Заманауи әлемде деструктивті діни ағымдар. Терроризм – қазіргі заманның жаһандық мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Алматы экономика және статистика академиясындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының орталығы ұйымдастырған.

Дөңгелек үстел жұмысына академияның ректоры Валерии Корвяков, «Қазақстан орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Всеволод Лукашев, академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.

–Іс-шара мақсаты экстремистік топтардың негізгі қасиеттерімен таныстыру, Қазақстанда тыйым салынған діни ағымдардың тізбегін айту, экстремизмнің пайда болу мен таралу себептерін ашу, Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы әрекет етудің заңнамалық негіздерін талқылау. Осы тақырыпта ғыдыми жұмыстар жазып жүрген студенттеріміз де баяндамалар жасады, - дейді ұйымдастырушылар.

Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейтінін «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры хабарлады. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді.Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.

–Деструктивті діни ағымдар барлық тарихи кезеңдерде қоғамды ыдыратушы құрал ретінде өз белсенділігін жоғалтпаған.Саяси мүдделер мен қаржыны мақсат еткен діни ағымдар бүгінде технологияның жетістіктері арқылы прозелитистік әрекеттерін жаһандық деңгейде жүзеге асыруға қол жеткізді. Деструктивті және экстремистік топтар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ – әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және қоғамдағы ауызбіршілікті жою, сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiріп, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу, - дейді баяндамашы студент Ерсұлтан Оразаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының нұсқамаларын орындау аясында террористік қатерлерді бейтараптандыруға арналған Қазақстанның жеке дербес жүйесі құрылды әрі ол жыл сайын жетілдірілу үстінде. Елімізде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты біршама тәжірибе мен біліктілік базасы жинақталды. Ол ең алдымен алдын алу шараларын жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі радикалды идеологиялардың ықпалына төтеп беретін иммунитетті қалыптастыру жұмыстарынан тұрады.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары