$ 444.22  476.38  4.82

ОҚО әкімі 7 жасар бала зорланды деген ауылға барып, халқын ынтымақта болуға шақырды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданы Абай елдімекенінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Басқосуда өңір басшысы Наурыз – татулыққа бастайтын мейрам екенін айта келе, тұрғындарды ынтымақпен бірлесе еңбек етуге шақырды деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Мемлекет ретінде қалыптасып, Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр ғана болған бізге татулық пен ынтымақ өте қажет. Сарыағаш шекаралық аймақта орналасқан стратегиялық аудан. Мұндағы халықтың өсімі өте жоғары. Сондықтан да елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Елбасымыздың қолдауымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мұның бәріне елдегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Осы жетістіктерімізді ел ағалары мен тұрғындары қолдап, қуаттап отырса, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндігіміз мол», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі кездесу барысында Абай ауылында орын алған оқиғаға да тоқталды. Бұл мәселемен тиісті құзырлы органдардың айналысып жатқанын айта келе, болшақта мұндай жағдайлардың орын алмауы үшін ел ағалары, ауыл билері бірігіп жүйелі түрде жұмыс істеу керектінін мәлімдеді.

Кездесуде сөз алған ауыл биі М.Ілесбеков ел ішіндегі түрлі мәселелердің дер кезінде шешілуіне ел болып атсалысып, жұмылу қажеттігін жеткізді.

Еске салайық, осыдан бірер апта бұрын Абай ауылында 7 жасар баланың үздіксіз зорланып келгені туралы жергілікті журналист «С-ИНФОРМ» газетіне мақала жариялаған болатын. Артынша аталған ақпарат республикалық БАҚ беттерінде жарық көріп, мәселеге Бас прокуратураның өзі араласты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары