ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылында зорланды деген 7 жасар баланың мәселесін қазақстандықтар әлі талқылап жатыр. Турасын айтқанда, жұрт оған жасалатын экспертизаның қорытындысын күтуде. Сараптаманы Алматыда халықаралық мамандар жасайтын болады.
Жұрт демекші, қазір осынау оқиғаға қатысты қоғамның пікірі екіге жарылған. Тиісінше, бірінші тарап бала зорланбаған десе, екіншілері оған қарсы пікір айтып отыр. Зорланбаған дегендердің қатарында ОҚО мәслихатының кейбір депутаттары да бар. Мәселен, жуырда ғана жергілікті телеарналардың біріне сұхбат берген Жаңабай Ағабеков пен Өмірзақ Мелдеханов «балаға түк болмаған, бұл тек екі кланның арасындағы жанжал» деп қойып қалды.
Иә, бала зорланбасын, оның зорланбағанын тілеп отыр мына қоғам. Бірақ, депутаттардың клан деп отырғаны кімдер? Бейбіт күнде кланға бөлініп «соғысып» жатса, жергілікті билік неге осы күнге дейін көз жұмып отырған?
Бұл сұрақтардың жауабын осы 7 жасар бала туралы алғаш болып дабыл қаққан «С-ИНФОРМ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков «NewTimes.kz» тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. Оның сөзінше, ауданда расымен де кланаралық жанжал орын алған көрінеді. Ендеше сұхбаттың қазақша нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.
— Аменгелді, Facebook әлеуметтік желісінде сарыағаштықтардың көбейіп және тым белсенділік танытуына қарағанда, балаға қатысты жағдайды біреулер саясиландырғысы кеп отқан сияқты. Яғни, баланың зорланбағаны, мұның тек екі әулет арасындағы жанжал екені айтылуда. Бұл қандай әулеттер?
— Бұл жай мәселені жылы жабудың анайы түрі ғана. 1995 жылы Келес ауданын Сарыағаш ауданына қосқан кезде Келес ауданының кәсіподақтар ұйымы өз алдына өмір сүруін жалғастыра берді. Сарыағаш ауданында барлығы 146 мектеп бар. Олардың шамамен 70-80-і бұрынғы Келес ауданының аумағында және барлығы да кәсіподақ төрағасы Бейсенәлі Қырғызәлиевке қарайтын. Оның ұлы Нұралы Қырғызәлиев ұзақ уақыт бойы облыстық ІІД басшысының орынбасары болған. Ал, алдыңғы жылы Бейсенәлі Қырғызәлиевтің өзі аудандық мәслихат депутаттығына сайлауға түсті. Сол кезде оның жасы 96-да болатын. Ол әліге дейін бақуат. Халық арасында оны «Антибиотик» деп атайды. Біздің естуімізше, ауданға жаңа әкім тағайындалса, ол ең алдымен Қырғызәлиевтің батасын алады екен, яғни сыйлық береді. Соңғы сайлауға дейін ол үнемі жеңіске жетіп, депутат болып жүретін. Ал, кәсіподақ ұйымын кем дегенде 50 жылдан бері басқарып келеді.
— Кәсіподақ ұйымының табысы қандай?
— Мәселен, оның ұйымында 80 мектеп бар. Әр мектепте шамамен 100 мұғалімнен болады. Олардың әрбірі орта есеппен 100 мың теңге жалақы алады. Тиісінше, әрбірі жалақысының 1 пайызын (орта есеппен 1000 теңге) кәсіподақтар ұйымына аударады. Яғни, әр мектептен ай сайын 100 мың теңгеден түссе, 80 мектептен ол 7-8 миллион теңге пайда табады. Мен жобалап есептеп отырмын. Тіпті, одан да аз болсын, 5 миллион теңгеден түсіп отқан күннің өзінде бұл аз ақша емес. Оның үстіне кәсіподақтар ұйымының ақшасын ешкім келіп тексере алмайды.
Бәлкім ақсақалдың Абай ауылындағы зәулім үйі осы ақшаға салынған болар.
Шындығында, кәсіподақтар ұйымы үлкен күш. Мәселен, одақ төрағасының келісімінсіз мектеп директорлдары мұғалімді жұмыстан шығара алмайды. Оның үстіне, Бейсенәлі Қырғызәлиев директорларды іріктеу конкурсының комиссиясында тұрақты өкіл.
Ал, Сапарәлі Селтанов болса зейнетке шыққаннан кейін депутат болды да, Қырғызәлиевтің майшелпегін тартып алуға кірісті. Былтыр ол өз алдына бөлек кәсіподақ ұйымын ашып алып, Қырғызәлиевке қарасты мектептерді өз қарамағына өткізе бастады. Өзінің ықпалын пайдалана отырып (Селтанов 20 жыл бойы аудандық білім бөлімінің басшысы болған), ол барлық мектепті тартып ала алды, Қырғызәлиевтің қарамағында тек 10 мектеп қана қалды. Қазір ол екеуі соттасып жатыр. Сотта Қырғызәлиев Селтановқа: «Мен сені адам қылдым, сен болсаң не істеп жүрсің», - деп ұрысты.
Міне, кландардың арасындағы жанжал деп отырғаны осы.
Қазір енді кейбір адамдар мені Қырғызәлиевтің қолшоқпары деп айтып та, жазып та жүр. Бұл ақылға қонбайды.
Өткен жылдың 28 маусымында «С-ИНФОРМ» газетінің №2 санында мен "Мемлекетке 10 миллион теңгені кім қайтарады?" деген мақала жарияладым. Мақалада осы екі адамның қалайша 10 миллион теңгені талан-таражға салғаны айтылады. Мен бұл сөзімді растайтын дәлелдерді де келтірдім. Селтанов ақша ұрланар кезде аудандық білім бөлімін басқаратын. Ол компьютерлік қызметтер үшін кәсіпкер Қырғызәлиевтің жеке шотына 10 миллион теңге бөледі. Бұл заңсыз.
Мен Селтановты да, Қырғызәлиевті де аямаймын. Олармен келісімге де келмеймін. Мен сол 10 миллион теңге туралы мақаланың анонсын жариялағанда маған белгісіз адамдар хабарласып, үлкен көлемде ақша ұсынды.
— Екеуінің қайсысы ұсынды?
— Олар сол уақытта бір-бірімен жанжалдасып жүрсе де, ортақ жауға келгенде уақытша бірігіп кетті. Менің аузымды жауып, одан әрі қырқыспақ болды. Мен келіспедім, сөйттік те аталған мақаланы жариялап жібердік.
Осы мақаладан кейін аудандық прокуратура тексеру жүргізіп, расымен де заң бұзушылықтың орын алғанын анықтады. Аудан прокуроры Нұржан Боранбаев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл өкілдеріне шара қолдануды тапсырды. Бірақ, әлі ешекім шара қолданған жоқ. 10 миллион теңгені кім төлейді, Қырғызәлиев па, Селтанов па?
Қысқасы, ауылда ешқандай кланаралық соғыс жоқ, тек әлеуметтік проблемаларды ғана шешу керек, болды!
— Ал, қазір Абайда не болып жатыр?
— Мен абайлық мұғалімдермен үнемі байланыстамын. Олар маған ауылда науқан жүріп жатқанын айтты. Әкімдіктен, ішкі саясат бөлімінен тапсырмалар келіп, аталған жағдайға қатысты жиын өткізіп, хаттама толтыруын талап етіп жатыр екен. Жиында мұғалімдер журналистерді мәселені ушықтырып жібергені үшін айыптап, ешқандай зорлықтың болмағанын айтатын көрінеді.
Менің өзіме түрлі телефон номерлерінен хабарласып жатады. Ешқайсысына жауап бермеймін. Өйткені білемін, мені қорқытқысы келеді, аузымды жапқысы келеді.
— Абай ауылындағы жағдай қоғамдағы көптеген проблеманың бетін ашып берді. Сіздің пікіріңізше, дәл осындай жайттар Қазақстанның барлық аумағында бар болып жатады ма?
— Қазақстанның басқа өңірлерінде не боп жатқанын білмеймін. Бірақ, Сарыағашта және ОҚО-да коррупциялық былық боп жатыр. Мен оған сенімдімін.