$ 449.58  486.94  4.86

«Қызды зорладым деп жаз, жазбасаң өлесің»: ОҚО тұрғыны ұлының жазықсыз 8 жылға сотталып кеткенін айтты

Қыз зорлады деген айыппен 8 жылға сотталып кеткен түркістандық жігіттің ата-анасы әділеттік іздеп шарқ ұрып жүр. Редакциямызға хабарласқан Жорабек Әжібеков баласының жасамаған қылмысы үшін түрмеде жатқанын айтып, жыларман күй кешті. Айтуынша, полицияға арызды бұрынғы құдалары жазған екен. Ал, құқық қорғау органдары болса істі толық зерттемей, қолда бар дәлелдерге назар аудармай үкім шығарып жіберді дейді ашынған ата-ана.

Жорабек Әжібековтің ұлы Мадияр осыдан 5 жыл бұрын отбасын құрып, шаңырақ көтерген екен. Алайда, дәм-тұзы жараспай ол алған әйелімен бір жылдан кейін ажырасып кетеді. Ал, былтыр сол әйелдің туған сіңлісі күйеуге шығып, күйеуі оны "қыз емес" деген желеумен беташардың ертесіне-ақ үйіне қайта әкеп тастапты. Абыройы айрандай төгілген қыз болса "осыдан 5 жыл бұрын жездем зорлаған, осы күнге дейін қорқытып айтқызбай келді" деп, ата-анасының алдында ақталған көрінеді. Содан бұрынғы құдалар Жорабек Әжібековтің ұлының үстінен полицияға арыз түсірген.

«3 қараша күні тергеуші Мадиярдан жауап алып, оны үйге босатып жіберді. Өйткені, 5 жыл бұрын болған оқиғаның дәлелденбейтінін айтқан. Алайда, сол күні түнгі он екіде балам екеуміз күзетшілікте жұмыста тұрғанымызда Мадиярдың бұрынғы қайынағасы достарымен келіп, әбден ұрып-соғып, аяқ-қолын байлап, көліктің жүк салғышына салып әкетіп қалды. Кейін белгілі болғаны, ұлымды олар Түркістанның іргесіндегі Шаға ауылындағы қораға апарып қамап, тағы да ұрып соққан екен. Жай ұрып-соқса да мақұл ғой, денесін пышақпен тілгілеп, жыныс мүшеңді кесіп аламыз деп қорқытып, оны да пышақпен жаралап, мәжбүрлі түрде "қызды зорладым" деген қолхат жаздырып алған», - дейді Жорабек Әжібеков.

Әбден жараланған жігіт ертесіне Түркістан қалалық ауруханасына түскен. Сол жерде жатып ол полицияға арыз жазыпты. Алайда, заң органдары оны ұрып-соққандарды қылмыстық жауапкершілікке тартпаған екен.

«Балам 10 күн ауруханада жатты. Ал, оны ұрып-соққан ұйымдасқан топты соттаған жоқ, прокурор бұл істі жауып тастап, оларға небәрі 30 мың теңге айыппұл салды. Қолымызда медициналық сараптама бар. Онда баламыздың денесінің 14 жерінен доғал затпен ұрды деп көрсетілген, пышақ жарақаттары бар екені анықталған. Бұдан артық қандай дәлел керек?» - дейді ашынған әке.

Ал, осы мәжбүрлі түрде жазылды деген қолхаттың негізінде және куәлардың сөзі бойынша ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мадиярды 8 жылға бас бостандығынан айырыпты.

«Куәлардың ешбірі сырттан емес, барлығы да сол отбасының өкілдері, яғни ұлымның бұрынғы әйелі, енесі және қайынбикелері. Сот сараптамасы менің ұлымның пайдасына қорытынды жасаған. Соған қарамастан судья Мадиярды 8 жылға соттап жіберді, еш дәлелсіз», - дейді Түркістан тұрғыны.

Жорабек Әжібеков ұлының бұрынғы некеден туылған баласына алимент төлеп келе жатқанын айтады. Ал, бүкіл істің артында бұрынғы құдағиым тұр дейді ол.

«Жарайды, егер зорлаған болса осы күнге дейін неге айтпайды, олардың ажырасқандарына бірнеше жыл болды ғой. Қорқатын қызға ұқсамайды, әлеуметтік желіде отырып, жігіттермен танысамын деп өзін жарнамалап отырады, зорланса бөтен еркектерден қорқу керек қой», - деген Ж.Әжібеков бұрынғы құдаларын ашық айыптап отыр.

«Ұлымның сотталып кетуіне құдағидың депутат туыстары көмектескен шығар деп ойлаймын. Оның үстіне, менің прокурорларға беретін "көк қағазым" болмады, содан да шығар ұлымның жазықсыз сотталып кеткені. Бірақ, енді бір тыйынсыз да әділдік үшін күресетін боламын», - деп сөзін түйді түркістандық тұрғын.

Аталған іс бойынша апелляциялық шағым 10 сәуір күні қаралады екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары