$ 445.66  474.58  4.78

Биыл Астанадан Еуропа елдеріне жаңа әуе бағыттары ашылады – Ж.Қасымбек

Биыл Қазақстаннан Еуропаның ірі бірнеше қаласына тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесінің өтуіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуға байланысты Қазақстан мен Еуропа елдері арасында шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп жаңа бағыттар ашу жоспарланған.

«2017 жылдың 8 мамырында польшалық LOT Polish Airlines әуе компаниясы Астана-Варшава бағытында аптасына 4 рет қатынайтын жаңа әуе рейсін ашады. Сондай-ақ, Астана-Будапешт арасындағы алғашқы әуе қатынасы осы жылдың 1 маусымында ашылады. Кеше Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі лоу-кост әуе тасымалдаушысы Wizz Air әуе компаниясы Астана мен Будапешт арасындағы жаңа әуе қатынасының іске қосылатынын жариялады. Жаңа әуе қатынасы аптасына екі рет, бейсенбі және жексенбі күндері жұмыс істейтін болады. Бұл Қазақстан және Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай жасалған керемет тарту», - дейді министр өзінің жазбасында.

Оның айтуынша, 19 маусымнан бастап FinnAir әуе компаниясы Астана-Хельсинки бағытында аптасына 2 рет қатынайтын жаңа бағытты іске қосады. Сондай-ақ, аусым айынан бастап Астана-Бейжің бағытында аптасына 3 рет Air China ұшақтары қатынайтын болады.

Қазақстандық әуе компаниялар да халықаралық бағыттар бойынша өрісін кеңейтпек. Атап айтқанда, 2017 жылдың маусым айынан бастап «Эйр Астана» Астана-Улан-Батор арасында, «SCAT» әуе компаниясы Астана-Ереван арасында жаңа әуе рейстерін ашады. Сондай-ақ, «Эйр Астана» әуе компаниясы 2019 жылы Астанадан Сингапур мен Токиоға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йорк бағытындағы жаңа рейстер ашуды жоспарлауда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары