$ 442.05  474.14  4.74

Амандық Баталов облыста атқарылып жатқан ірі инвест-жобалардың жұмысын тексерді

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалардың жұмыс барысын тексерді деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты. Бүгінде өңірде дәл осындай 21 ірі жобаның жүзеге асып жатқаны белгілі. Оның ішінде, көліктік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі республикалық бағдарламалар аясында 11 жоба бар.

Жиындағы негізгі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында алынып қойылатын жер учаскесінің және онда орналасқан өзге де жылжымайтын мүліктің құнын өтеу арқылы жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюды қажет ететін 21  инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, көліктік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі республикалық бағдарламалар аясында 11 жоба жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы», «Алматы-Қапшағай», «Бірлік-Ақбұлақ» автомобиль жолдары құрылысы және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Алматы-Өскемен», «Ұзынағаш-Отар», «Астана-Алматы», «Алматы 1-Шу», «Алматы-Бішкек» автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері, сондай-ақ, «Қазыбек Бек-Жетіген» темір жолының құрылысы.

Сонымен қатар С. Тұрдалиев жоғарыда аталған автомобиль жолдары құрылысының белдеуіне көлемі 6,9 мың га болатын 2939 жер учаскесі енгенін, оның 3166,2 га болатын 2247 учаскесі немесе 76 пайызы сатып алуға жататынын айтты. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған әкімдіктер тарапынан барлығы 1472 жер учаскесі алынып қойылды, соның ішінде меншік иелеріне сатып алу жолымен жылжымайтын мүлік пен жер учаскесі үшін 16,7 млрд. теңгені құрайтын бағалау құны өтелді. Аудан, қала әкімдіктерінің түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде меншік иелері мен жер пайдаланушылар 240 учаскені мемлекетке өтеусіз берді, 172 жер учаскесінің меншік иелеріне тең бағалы жерлер табысталды.

Жүзеге асырылуы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды қажет ететін басқа да маңызды жобалар туралы айта келе, баяндамашы осы бағыттағы жұмыстарында кемшілік жіберген аудан, қалаларды тілге тиек етіп,  аталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жоюы қажеттігін атап өтті. Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Жолан Омаров кеңінен баяндады.

Баяндамашылардың хабарламасын тыңдаған облыс әкімі А. Баталов бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Мәселен, сөз болған мәселелердің бірі - Іле ауданындағы «Береке» индустриалды аймағының құрылысы мен оны дамыту жұмысы. Индустриалды аймақ аумағында ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырған бірқатар инвесторлар бар болғанына қарамастан, қажетті 70 жер учаскесінің небары 3-еуі ғана сатып алынған. Осы мәселе бойынша Іле ауданы әкімінің жұмысы сынға алынды.

- Инвестиция тарту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жаңа кәсіпорындар құру – Мемлекет басшысы алдымызға қойған маңызды міндеттер. «Береке» индустриалды аймағын дамыту үшін жер учаскелерін сатып алу ісі баяу жүруінің салдарынан бұл жұмыс тоқтап тұр. Ал жоспар бойынша қазіргі кезде жобалау жұмыстары жүріп жатуы тиіс еді. Бұл мәселені жылдамдатып, қатаң бақылауда ұстаңдар, - деді облыс әкімі А. Баталов.

Мұнан соң Талдықорған қаласының әкімі Б. Қарасаев оңтүстік-батыс тұрғын ауданды дамыту, «Азаматтарға арналған үкімет» әкімшілік ғимаратын абаттандыру, «Жастар» саябағын кеңейту туралы баяндады.

Облыс әкімі қала басшылығына сатып алуға жататын жер учаскелерінің құны жөніндегі мәселені тұрақты бақылауға алуды, бағалау құнын өсіру фактілеріне жол бермеуді тапсырды.

Алматыдан шығаберіс пен қалаға кірер жолдағы көлік кептелісі қиындығын болдырмау мәселесін назардан тыс қалдармауды ескертті. Осы мақсатта 6 радиалды жолды төсеу жоспарланған. Бөлінген алапқа Іле, Қарасай аудандарының алаңы 40,2 га болатын 43 жер учаскесі енген. Бұл мәселе бойынша Қарасай ауданының әкімі М. Бигелдиев хабарлады. Ол өз сөзінде облыстық бағдарламаларда белгіленген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға аудан аумағындағы қажетті жер учаскелерін алу барысына тоқталды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:

- Жер мәселесіне облыста ерекше мән беріледі. Жұмыс жасалып жатыр. Дегенмен бүгінгі күні шешуді қажет ететін бірнеше өзекті проблема бар. Ол – бүгін өзіміз сөз еткен негізгі бөлігі Қарасай ауданының аумағынан өтетін радиалды жолдарды тесіп төсеу, Іле ауданындағы «Береке» индустриалды аймағын дамыту, Талдықорғандағы жобаларды жүзеге асыру. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды, инфрақұрылымды дамытуды жүзеге асыруға қажетті алаңды анықтауды назарда ұстау қажет. Заң талаптарын қатаң сақтай отырып, нақты және сапалы шешімдер қабылдауымыз керек, - деп атап өтті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары