$ 445.66  474.58  4.78

Прокурорлар кәсіпкерлерге «Qamqor» мобильді қосымшасының артықшылықтарын түсіндірді

Бұған дейін еліміздің Бас прокуратурасы «Qamqor» деген мобильді қосымшаның іске қосылғанын хабарлаған болатын. Бұл жоба кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғауға арналған. Оның тұсауы кесілгеніне көп болмаса да, бүгінде мобильді қосымшаны смартфондарына жүктеп алған бизнесмендердің саны артып келеді.

Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есеп алу жөніндегі Комитетінің төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, «Qamqor» кез-келген кәсіпкердің қалтасына салып жүретін көмекшісіне айналмақ. Яғни, бұл – кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғайтын «ақылды» мобильді бағдарлама.

Мәселен, сіз – кәсіпкерсіз. Өз смартфоныңызға немесе планшетіңізге аталған қосымшаны жүктеп алып, оған тіркелгеннен кейін, қандай да бір тексеру келетін болса сіздің гаджетке алдын ала хабарлама жіберіледі. Содан кейін сол тексеруге сіздің алдын ала дайындалуға уақыт та болады. Ал, егер SMS-хабарламасыз тексеру келетін болса онда сіздің құзырлы органдарға шағымдануға құқыңыз бар.

«Қосымшаны өзіңіздің кез келген гаджетіңізге (ұялы телефон немесе планшет) жүктеп, тіркелесіз және тексеру тағайындалған жағдайда сіздің гаджетіңізге «Сізге тексеру ДАТА келеді» мәтінімен Push-хабарлама келіп түседі. Хабарламаға бассаңыз, толық көрініс ашылады - тексеруші орган, тексерушінің аты-жөні, сондай-ақ тексерудің түрі, мәні және мерзімі. Сізге тексерумен келді делік. Тексеруші 14 таңбалы тіркеу нөмірі бар тексеру тағайындау туралы актіні ұсынуға міндетті. Сіз сол Актінің нөмірін енгізіп, барлық қажетті ақпаратты аласыз (жоғарыда айтылғандай)... және де мысалы, басқа тексеруші келсе, немесе тағайындау актісінде көрсетілген тексеру мерзімі өтіп кетсе, онда тексеру заңсыз болып табылады! Бұл жағдайда, сіз шағымдана аласыз, шағымды комитеттің аумақтық органдары қарайтын болады және жағдай расталған болса, барлық мән-жайды түсіну үшін ұтқыр топ жіберіледі», - деп жазды ол.

Сонымен қатар, оның атап өтуінше, ең өзекті деген мәселелерді және оларға дайын жауаптарды қамтитын FAQ бар. Қосымшаны Android, сондай-ақ iOS құрылғыларында жүктеуге болады

Бүгінде осынау мобильді бағдарламаны кәсіпкерлер арасында насихаттау мақсатында елімізде түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Мәселен, күні кеше ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп Комитетінің Әскери басқармасының мамандары астаналық кәсіпкерлердің басын қосып, «Qamqor» жобасының артықшылықтарын түсіндірді.

Аталған комитетке қарасты Әскери басқарманың аға прокуроры Рауан Оспановтың айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер арасында мобильді жобаға деген қызығушылық артып, оны смартфондарына жүктеп алғандардың саны артқан.

«Егер бұрын тексеру тіркелгеннен кейін біз оның қалай жүріп жатқанын біле алмай келген болсақ, енді «Qamqor» мобильді қосымшасының арқасында біз тексерудің қалай және қай уақытта жүргізілгенін толықтай бақылауымызға аламыз. Тіркелмеген тексерулерді де осы қосымша арқылы құзырлы органдарға хабарлауға болады. Ол үшін тіркеу номерінің орнына 9 рет «0» (нөл) санын теріп, «дробь» таңбасын қойып, тағы да «0» санын бес рет басасыз және орын алған саңсыздық туралы хабарлайсыз. Ал, егер қолыңызда Интернет болмаған жағдайда Прокуратураның 8-7172-712304 деген сенім телефонына хабарласуыңызға болады. Осылайша, біз кәсіпкерлердің құқықтарын толықтай сақтаумен қатар, заңсыз тексерулердің жолын кеспекпіз», - дейді прокурор Р.Оспанов.

Сондай-ақ, аталған мобильді қосымша арқылы орын алған заңсыздықтардың картасы да әзірленген. Яғни, қай жерде заңсыз тексерулер орын алды, заңды қандай орган бұзды – барлығын смартфон арқылы бақылап отыруға болады.

«Сонымен қатар, тексерулердің ортақ тізілімі деген сервис те қазір әзірленіп жатыр. Ол да осы «Qamqor» аясында жүзеге асады. Қосымшаның көмегімен қаладағы қай дәмханада тамақтануға болады, қай дүкеннен тауар сатып алу қауіпсіз екенін де білуге жағдай жасалған. Яғни, тексеру барысында тұтынушы қауіпсіздігін бұзған кәсіп иелерін де анықтап, олардың дәмханаларының, дүкендерінің атауын көрсетіп қоямыз. Бұл ең бірінші қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Бизнес те тұрғындарға сапалы қызмет көрсетулері керек», - деді Рауан Оспанов аталған кездесу барысында.

Кездесуге Астана қаласынан 40-қа жуық кәсіпкер келді. Олардың барлығы да әскери салада кәсібін дөңгелетіп жүргендер. Бірі сарбаздарды киіммен, бірі тамақпен қамтамасыз етсе, тағы басқалары әскери нысандарды салумен айналысатын құрылыс компаниясының басшылары.

Кәсіпкерлердің айтуынша, прокуратура мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қанша күш салса да, заңсыз тексерулер әліге дейін тыйылмапты. Дегенмен, бұрынғыдай үстін-үстін емес, тексеріс саны азайыпты. Енді, заңсыздықтарды мүлдем болдырмас үшін «Qamqor-дың» қамқорлығына бизнесмендер үлкен сенім артып отыр.

Статистика үшін айтып өтейік, 2017 жылдың тек бірінші тоқсанында ғана бүкіл республика аумағында барлығы 34 мыңға жуық тексеру жүргізілген. Оның 16,5 мыңнан астамы кәсіпкерлерге бағытталыпты. Соның 250-і заңсыз тексерулер. Бүгінде прокуратура органдары анықталған осы заңсыздықтарды жіберген мемлекеттік орган өкілдерімен жұмыс жүргізуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары