$ 449.58  486.94  4.86

«Атамекен» ҰКП фермерлердің біліктілігін арттырмақ

Алматы облысында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы өкілдері шаруа қожалықтары мен кәсіпорындардың өкілдері үшін оқыту семинарларын ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы Талдықорғандағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Жетісу өңірінде мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына арналған, оның ішінде қой өсіру, аквамәдениет, жеміс-жидек, дәнді дақыл, бұршақ дәнділер мен жем-шөптік дақылдарды өсіру мен күтуге арналған семинарлар ұйымдастырылуда. Алғашқы семинар Қарасай ауданында бал өндірудің қыр-сырына арналды. Алдағы уақытта облыс бойынша осындай 26 семинар ұйымдастырылып, онда 400-ден астам адамды қосымша біліммен қамту жоспарланған. Негізінен семинарлар өзекті болып отырған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен жүргізу тақырыптарында өткізіледі.

«Агробіліктілік орталығы аясындағы тегін оқулар екінші жыл қатарынан өтіп келеді. Биыл ветеринар-санитарлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы саладағы сұрақтар өте күрделі және өзекті болып отыр. Бұл бағытта біз Ескелді және Қарасай ауданында оқу өткіземіз», - деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Дәурен Оңалбаев.

Біліктілікті арттыру семинарына жас кәсіпкерлермен қатар, тәжірибелі басшылар мен кәсіпорын қызметкерлері қатысып жатыр. Теория мен тәжірибені отандық ғалымдар және шетел сарапшылары жүргізеді. Оқу күні аяқталған соң барлық қатысушыларға арнайы сертификат беріледі.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде 135 семинар өткізіліп, оған 2 мыңнан астам фермер қатысқан болатын. Олардың дені қазір өз саласында жетістіктермен көрініп жүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары