$ 444.22  476.38  4.82

Алматы облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аймақтық жеңімпаздары анықталды

Бүгін еліміздің бірнеше облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының іріктеу кезеңдері аяқталды. Алматы облысынан екі бірдей отбасы республикалық байқауға жолдама алып отыр.

Жеңімпаз атанған қос отбасының бірі – Көжекбаевтар. Шаңырақтың қазынасы – 105 жастағы Күрішбек ақсақал. Ал, іріктеуден сүрінбей өткен екінші отбасы – Жарасовтар. Қос әулеттің қуанышымен бөліскен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар олардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден сыйақы және I дәрежелі диплом табыстады.

Обыстық байқауда Көжекбаевтар Ұйғыр ауданының, Жарасовтар Жамбыл ауданының намысын қорғады. Енді олар шешуші республикалық байқауда өз бақтарын сынайтын болады.

Екінші орынды Ұйғыр ауданының тұрғындары Хамраевтар отбасы мен талдықорғандық Мырзатаевтар және Ескелді ауданынан Тайжановтар иеленіп, 300 мың теңгенің сертификатын алды. Үшінші орынға лайық деп танылған алакөлдік Қожабековтер отбасы, Еңбекшіқазақ ауданынан Қартбаевтар және Қарасай ауданынан келген Жанғұттылар отбасына III дәрежелі диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Бұлар облыстың сауда, шығармашылық, ауыл шаруашылығы, әскери қызмет салаларында еңбек етіп жүрген өнегелі әулеттер.

Байқауға қатысқан басқа 30 отбасына да облыс әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Қатысушылар мен жеңімпаздар атынан сөз алған Күрішбек ата Елбасының салиқалы саясатын жүргізуге әркім де атсалысу керектігін, ең алдымен жас ұрпақ анасын, үлкендерді сыйлауы қажеттігін және еңбекті сүйіп, береке-бірлікте өмір сүру керектігін атап өтіп, батасын берді.  

Жалпы, байқаудың алғашқы кезеңінде Алматы облысы бойынша 290 отбасы қатысса, солардың 38-і қазылар алқасының жоғары бағасын алып, облыстық байқауға жолдама алған. Жыл отбасы атағына көп балалы отбасылар, еңбек әулеттері, шығармашылық отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер әулеттері және басқа да үлгілі шаңырақтар үміткер болды. 

Д.Жұмақұлова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары