$ 443.35  475.54  4.82

Алматының Алмалы ауданында «Мерейлі отбасы – 2017» байқауының жеңімпаздары анықталды

Дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» байқауы биыл елімізде төртінші рет өткелі жатыр. Бүгінде аудандар мен қалаларда іріктеу кезеңдері өтіп, қалалық және облыстық байқауға жолдама алған отбасылар анықталуда. Осындай іріктеу шараларының бірі Алматы қаласының Алмалы ауданында өтті.

Алмалы ауданы бойынша «Мерейлі отбасы – 2017» Ұлттық конкурсына іріктеуге жалпы 11 отбасы қатысты. Солардың арасынан қазылар алқасы ең үздік деп Ауылбаевтар, Қыраубаевтар және Әбдіғалиевтар отбасы таңдап алды. Енді олар Алматы қалалық байқауда өз бақтарын сынап көретін болады.

Әр отбасының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Ауылбаевтар мультфильмдер жасау жеке шеберханасын ашқан. Отағасы 2017 жылғы 28-дүниежүзілік қысқы Универсиада кезінде алау ұстап жүру мәртебесіне ие болыпты. Ал, Қыраубаевтар отбасының отағасы Айбек Кәкімжанұлы Қытай конституциясының мұнай туралы бөлімін жазуға үлесін қосқан екен.

Байқаудың басты міндеті отбасылық татулық пен жарасымды насихаттау десек, әрбір отбасы ерекшеліктерін көрсетіп, бала мен ата-ана арасындағы көзге көрінбейтін шынайы байланысты көрсете білуі керек.

Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, тәлім-тәрбиесі зор «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл ұлттық байқауды өткізу бастамасын 2013 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары