30.06.2017, 15:55

Медициналық сақтандыру: халыққа қызмет көрсету сапасы жақсара ма?

«Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы бойынша халыққа медициналық қызмет көрсету саласын жетілдіру негізгі мәселелердің бірі. Соңғы уақыттағы негізгі реформа – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл жүйе халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, денсаулық сақтау жүйесіне серпін бермек.

5 институциональды реформаны жүзеге асыру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-бөлімінде ӘММС жүйесін енгізу арқылы әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілікті арттыру көзделіп отыр. Әлеуметтік сақтандыру енгізілген соң халыққа кез келген ем түрі қолжетімді болмақ. Әрі кез келген қызмет сапасы жақсара түседі. Оған қоса, ауруханалар, емханалар соңғы үлгідегі технологиялық аппараттармен жабдықталып, медқызметкерлер біліктілігін арттыруға көңіл бөлінеді. Халық денсаулығын жақсарту мен қызмет сапасын арттыру мақсатында емханаларда «сенім телефоны» жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан түсетін түрлі сұрақтарға жауап беретін Call орталықтар жұмыс істейді. Науқастарды қолдау жүйесі де бар.

Биылғы жылдың басынан бастап Алматы қаласында медициналық сақтандыру бойынша үш кезеңдік түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы уақытта барлығы 816 кездесу өткен. Оған 1009109 адам қатысыпты. Бұдан бөлек, барлық медициналық орталықтарда бес қызметкерден құралған жұмысшы топ бар. Олар аудан-аудан бойынша халықты ақпараттандыру міндетін орындайды.

«Адам көп жиналған шаралар мен арнайы ұйымдастырылған жиындарда біздің жұмысшы топ МӘМС бойынша кез келген сұраққа жауап беріп, барлығын егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысады. Сонымен қатар, ақпараттық кітапшалар шығардық. Ол тұрғындарға қаладағы емханалар мен метро, сауда орталықтарында таратылып жатыр.  Немесе Алматы қаласы Денсаулық басқармасының ресми сайтын қараса болады», - дейді Алматы қаласы Денсаулық басқармасы бастығының орынбасары Жанар Кенжебаева.

2017 жылдың 25 сәуірінде Денсаулық басқармасы МӘМС қоры арасында келісім жасалды. Денсаулық басқармасы медициналық ұйымдармен бірлесе түрлі шаралар ұйымдастырды. Өнер жұлдыздарының қатысуымен флеш-мобтар мен акциялар, ашық есік күндерін өткізді. «Емханаға кел де – МӘМС жүйесіндегі статусыңды анықта!» деген ұранмен өткен №11 емханада арнайы шараға келушілер көп болды. Ол жерде атақты  тұлғалар өзгелерге үлгі болып, медсақтандыру бойынша тіркелуді бастап кетті.

Г.Сембиева