Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған ең басты міндет – 2050 жылы Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу.
Еліміз даму сатысындағы баспалдақтарды біртіндеп бағындырып келеді. Бұл межеге де жететін күн туар. Оған Қазақстанның әлеуеті де, экономикалық мүмкіндігі де жетеді. Бұл ретте қолдағы бар мүмкіндік пен ресурсты толығымен тиімді пайдаланудың маңызы айрықша. Біздің негізгі ресурсымыз – сонау алмағайып заманда шетелге тарыдай шашыраған шетелдегі 5 млн қандас емес пе?! Олардың ішінде қазақ елінің дамуына айтарлықтай үлес қосарлық білікті мамандар көп. Әсіресе, ғылымға, еңбекке құштар. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, көштен қалмай, қолынан келген кәсібі арқылы қазақтың атын шығарып жүр. Жақында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының өкілдері қатысып, кәсіпте қол жеткен жетістіктері мен ғылымда игерген жаңалықтарымен бөлісті.
Моңғолияның Бай-Өлгей аймағында туып, сонда қазақ орта мектебін бітіріп, әуелі Чехияда білім алып, соңынан оқуын Сингапурда жалғастырып, сондағы Ли Куан Ю атындағы ұлттық университетте қызмет атқарған Әйгерімнің атқарып жүрген шаруасының өзі неге тұрарлық?! Жеті тіл білетін ол Елбасының ІІІ құрылтайда айтқан «шетелдегі әр қазақ Отаныма не беремін деп ойланатын кез келді» деген сөзін өзінің өмірлік ұстанымына айналдырғанын баса айтты. Алған білімімді Қазақ елінің игілігіне жұмсауға тырысып келемін. Соның нәтижесінде Қазақстанның 150-дей мемлекеттік қызметкері мен басқа да жоғары лауазым иелерінің білімін жетілдіруін Астанада және Сингапурда ұйымдастырдым. 2012 жылы Назарбаев Университет пен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің бес жылға келісімшарт жасасуына мұрындық болдым. Бұл келісімшарт осы мамыр айында тағы бес жылға ұзартылды. Осының аясында, жоғары мемлекеттік саяси мектеп бүгінде мемлекеттік саясат мамандығының қыр-сырын тек қазақ жастарына ғана емес, Орталық Азия елдерінің жастарына да үйретуде, – деді ол.
Ал Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына арнайы келген Францияда тұратын Мехмет Зенгин қазақ кәсіпкерлері атынан сөз алып, өзінің өткен ғасырда үдере көшкен Алтай қазақтарының ұрпағы екенін, бабаларының сүйегі Гималайдың шың-құздарында, Такламақан шөлінде шашылып, қуғын көрген қайран ел Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға зорға жеткенін айтып, өткен тарихты тағы бір желпіп өтті. Елбасының рухани жаңғыру тұжырымдамасындағы «Туған жерге туыңды тік!» деген үндеу-нұсқауын оқып қатты қуанғанын да жасырған жоқ.
Зенгин мырза Батыс Еуропадағы қазақтар ең көп шоғырланған ел – Франциядағы қазақтардың барлығы Париж қаласына қоныстанған. Бұлардың барлығы дерлік 1960 жылдардың соңында Түркиядан жұмыс істеу үшін еңбек шартымен келгендер екен. «Олардың негізгі кәсібі терімен шұғылдану болған. Парижде тері тондарды тігіп, фабрикаларда еңбек етеді. Жалақы мөлшері жақсы болып, жағдайлары да біршама көтерілген соң, арттағы туыстарын жұмысқа тарта бастайды. Бірте-бірте үйренсіп, сол жерде біржола тұрақты тұрып қалған», – деді Мехмет Зенгин.
Әлемнің қай қиырында жүрсе де, кәсіп көзін тауып жүрген қандастардың еңбегіне сүйсінбеске амалың жоқ. Ата-бабамыздың ежелгі атакәсібі – тері өңдеу ісінде қандастардың қолтаңбасы «мен мұндалап» тұруы заңдылық. Шетелдегі өзі сияқты қандастарға үнемі қолдау көрсетіп, қол ұшын беріп жүретін Зенгин мырза: «Біз, шетел қазақтары, мәртебесі асқақ, қуаты зор отанымыздың барына шүкіршілік айтамыз және мақтан етеміз. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары тағдырдың ауыр сынақтарын бастан кешкен Алтай қазақтарының ұрпағымын. Көз көрген ата-әжелеріміздің айтуынша, 30 мың қазақ Алтайдан ауып, Тибет, Гималай, Үндістан және ары қарай шұбырып, ақырында екі мыңдай ғана саны қалған. Түрік ағайындардың қамқорлығы арқасында есімізді жиып, ел қатарына қосылдық. Бірнеше тілді игердік, бірақ қазақ тілін ұмытқан жоқпыз. Біз латын қарпін еркін қолданамыз. Ол біз үшін өркениет кілтіне айналды. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қуана қарсы алдық. Тарихи отанымыздағы барша қазақтың латын әліпбиіне көшетін күнін асыға күтудеміз», – деді ол.
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мехмет Зенгин мырза осыған байланысты Қазақстан президентіне мынадай өтінішпен жүгінген еді. «Биыл Алматыда тоқыма өнеркәсібінің халықаралық көрмесі өтті. Оған Түркиядан келген 40-қа жуық фирманың арасында мен жалғыз қазақ болдым. Көрмеден кейін бизнесімді атажұртқа көшіріп, отаныма пайда келтіру туралы шешім қабылдадым. Бірақ бұл біршама қиын шаруа екен. Шетелдегі өндірісімді Қазақстанға ауыстыру үшін жер сатып алу мүмкін емес. Шетелдік болғандықтан жерді жалға алу шаруасы да оңай болмай тұр. Басқа да қағазбастылық пен кедергілер көп. Біз, шетелдегі қазақтар атамекенге оралғанда оларға ерекше жағдай жасау қажет деуден аулақпыз. Дегенмен, басқа шетелдік уақытша инвесторларға қарағанда, шетелдегі өз қазақтарымызға жеңілдіктер беру керек сияқты. Олар елге келсе түпкілікті қалады емес пе? Сондықтан туған жер бағдарламасын жүзеге асырғанда, елге келіп кәсібін ашқысы келетін қазақтарды қолдау тетіктері жасалса деп ойлаймын», – деді Мехмет Зенгин.
Алайда, қандастың басындағы жағдаймен танысқан Елбасы бұл мәселені шешуді Премьер-министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке жүктеді. «Зенгин мырза! Бізде заң бойынша әлі жер сатылмайды. Бірақ жерді 49 жылға жалға алып, жұмыс істеуге болады. Бұл мәселені шешуді вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке тапсырамын! Кездесіп, шешіп, жұмыс істейтін бол» – деді Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайда. Елбасының бұл сөзі шетелдік қандас кәсіпкерге қолдау бергені соншалық, ол бастаған істі аяғына жеткізуге бел буып отыр. Шетелде тұратын қандастың біразының төл бизнесі бар. Егер Қазақстан еуропалық қандастардың елге келуіне жағдай жасаса, республикамызда кенже қалған жеңіл өнеркәсіп жанданып, тың серпін алатыны сөзсіз.
Сырт жерлердегі диаспораны елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты пайдалану – өркениетті елдердің бәрінде де кездеседі. Мысалы, Израиль мемлекетінің қазіргідей биік деңгейге көтерілуі – шетелдегі диаспорасының жаппай көмек беріп, қолдау жасауының нәтижесі. Соңғы кезде Қытай мемлекеті де ел экономикасын өркендетуге сырт жерлердегі диаспораны барынша тиімді пайдалануда. Елбасы Н. Назарбаевтың тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап шетелдегі ағайындармен байланыс жасауға айрықша көңіл бөлуінің басты себебі де, міне, осыған байланысты еді.
Осыған орай, тәуелсіздік алған жиырма алты жыл ішінде Қазақстанның бүгінгідей биік деңгейге көтерілуіне шетелдегі қазақ диаспорасының да үлкен үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары шетелден этникалық қазақтардың көптеп келуі Қазақстанға үлкен демеу болды. Бос қалған елді мекендер оралмандармен толықты, экономикамыздың түрлі салаларында, шағын және орта кәсіпкерлікте, ауылшаруашылығында істің көзін тауып, аянбай жұмыс істейтін азаматтар көбейді. Ана тіліміздің, ұлттық болмысыздың қайта жаңғыруына да қандастардың қосқан үлесі мол. Демографиялық жағдайымыздың жақсарып, халқымыздың санының өсуіне де ерекше ықпал етті.
Демек, Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясының орындалуына шетелдегі ағайындар да айрықша еңбек сіңіруде. Өйткені, шетелдегі қазақтар қай елде тұрса да қазақ халқының құрамдас бір бөлігі. Яғни, қазақ халқының бүгіні мен болашағына байланысты қолға алынған кез келген іс-шара оларға да тікелей қатысты. Сондықтан да шетелдегі қазақтар Қазақстанның атақ-абыройының асқақтап, экономикасының дами беруіне барынша тілектес. Олар Елбасы қолға алған әрбір игілікті бастамаға өздері де үлес қосуды армандайды. Себебі шетелдегі ағайындардың көбі өз мамандықтарын жетік меңгерген, еңбек сүйгіш, ешкімге алақан жаймай, жанын салып жұмыс істеуге бейім. Оның үстіне ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты өте жақсы біледі. Бір сөзбен айтқанда, шетел қазақтары «Қазақстан – 2050» стратегиясында көрсетілген мақсат-міндеттерді, яғни экономикалық дамудан бастап, ана тілімізді, ұлттық ерекшілігімізді өркендетуге дейінгі мәселелерге жан-жақты үлес қосып, ұшан-теңіз пайда тигізе алады.
Д.Мыңжасарқызы