$ 498.34  519.72  4.85

Жас мамандарға қолдау көрсетуді ҚР Кәсіподақтар федерациясы өзінен бастады

Кәсіби одақтар – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар. Кәсіподақтардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына бір ғасырдан асады. Десе де, жұмысшы мен жұмыс беруші арасында өз құқығын білетіндер, қорғай алатындар кемде-кем. Әсіресе, компанияда қысқарту бола қалған жағдайда нысанаға бірінші болып жұмысқа жаңа орналасқан жас мамандар ілігеді.

Сондықтан болар, жастарға қолдау көрсетуді ҚР Кәсіподақтар федерациясы өзінен бастаған. Жалпы, жастар мәселесі Қазақстан кәсіподақтар федерациясының жіті назарында әрі елімізде жастар саясатының тиісті деңгейде жүзеге асуына кәсіподақтар қара шаңырағының қосып отырған үлесі орасан.

Еңбек етуші және студент жастардың құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік қорғау шаралары ҚР Кәсіподақтар Федерациясы жастар саясатының негізгі міндеті болып табылады. Жастар мәселесі КФ стратегиясында, көптеген салалық, аймақтық келісімдері мен ұжымдық шарттарында жан-жақты қамтылған.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінде Қазақстан кәсіподақтары қатарында 730 жас маман еңбектеніп жүр, яғни кәсіподақ мүшелерінің жалпы санының 1/3 бөлігін немесе 33 пайызын жастар құрайды.

2010 жылдан бері ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанынан жастар ісі бойынша комиссия құрылған. Және мұндай комиссия кәсіподақтар органдарының барлық деңгейінде жұмыс жасайды. Тіпті, Бас Кеңес «Кәсіподақтар Федерациясының жастар саясаты негіздерін» бекітіпті. Соның негізінде кәсіподақтардың жастармен жұмысы бір жүйеге келтіріп, жастардың заңды құқығын қорғау, кәсіподақтар қатарын жастармен толықтыру және кәсіподақтар қозғалысының көшбасшыларын жастар арасынан тәрбиелеу мәселелері оң шешімін тауып келеді.

Кәсіподақтар Федерациясының жастар ісі жөніндегі комиссиясы әлеуметтік, мәдени, рухани және дене шынықтыру, жастарға тәрбие мен білім беру, кәсіподақ жұмысына жаңа формалар мен тәсілдер енгізу, қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыру, жастардың әлеуетін кісіподақ ұйымдары мен оның мүшелері үшін пайдалану тетіктерін жан-жақты қарастырған.

Сондай-ақ, жастар ісі жөніндегі комиссия барлық жастар мәселелерімен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен сындарлы түрде қызметтестік қарым-қатынас орнатып, басқа елдердің кәсіподақ мекемелерімен үнемі тәжірибе алмасып отырады. Осы мақсатта жас кәсіподақшылардың басқосуларын жиі ұйымдастырады.

Орайы келгенде Кәсіподақтар Федерациясы өз аппаратын жас мамандармен нығайтқанын да атап өткен жөн. Талапты әрі дарынды жас мамандарға КФ қатарында әркез орын бар деген сөз.

2013 жылдың сәуірінен Кәсіподақтар федерациясы жанынан Әйелдер, жастар ісі және жұртшылықпен жұмыс департаменті өз қызметін бастады. Оның негізгі міндеттерінің бірі – кәсіподақ органдарының барлық деңгейлерінде гендерлік және жастар саясатының тиісті жүзеге асырылуын қатаң қадағалау.

Осындай бастаманың арқасында теміржолшылар, денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет, мұнай-газ кешені қызметкерлерінің және басқа салалардың кәсіподақтарында жас мамандар саны артты. Яғни, бұл жастар арасында кәсіподақтық қызметке деген қызығушылық артты дегенді білдіреді және соңғы жылдары жүргізілген жастарды кәсіподаққа мүше болуға тарту жұмыстарының нәтижесі болып табылады.

Десе де, алқалық органдарда – республикалық салалық кәсіподақтардың орталық органдарында жастар саны аз. Күні бүгінге дейін Кәсіподақтар Федерациясының Басшылық Кеңесі құрамында тек бір ғана жастар өкілі болды. Сондықтан жас кәсіподақ мамандары санын арттыру, жас кәсіподақтықтар есебінен кадрлар резервін жасақтау мәселелері барлық деңгейдегі кәсіподақтардың алқалы жиындарында жиі көтерілетін өзекті мәселеге айналды.  

Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Кәсіподақтар федерациясының атқарушы комитеті кәсіподақ кадрлары резервін әзірлеу мәселесін қарастырып, арнайы Ереже қабылдады. Онда көзделген басты мақсат – ҚР КФ кадрлық құрылымын жаңарту әрі жасарту.

2014 жылдың 23 шілдесінде өткен ҚРКФ-ның кезектен тыс XXIII съезінде оның құрамына елдің аймақтарынан жастар өкілдері сайланды. Бас Кеңес құрамынына Кәсіподақтар Федерациясының Жастар ісі жөніндегі комиссиясының төрағасы енді. ҚРКФ Атқарушы комитетінің құрамына студенттер кәсіподағының өкілі енгізілді. Жастар ісі жөніндегі комиссиясының кадрлық резервінен аймақтық кәсіподақ орталықтарына төрайымдыққа жастар өкілдері – Қарағанды облысының кәсіподақ орталығының төрайымы болып Л. Қуанышбаева, Қызылорда облысының кәсіподақ орталығының төрайымы болып С.Ильясова сайланды.

Білім және ғылым, денсаулық сақтау қызметкерлері облыстық, салалыұ кәсіподақ органдарында кәсіподаққа қызмет көрсетуші жоғары және орта білім оқу орындарында кәсіподақ стипендиясын тағайындау тәжірибесі енгізілді. Стипендия арнайы Ережеге сәйкес тек тиісті салалық кәсіподақ мүшелеріне тағайындалады. Сондай-ақ, Қазақстан кәсіподағы жастар үшін оқу семинарларын, форумдарды, кездесулерді жүйелі түрде ұйымдастырып тұрады.

Жастар кәсіподақ ұйымдары және ұлттық кәсіподақ органдарының арасындағы байланысты, ынтымақтастықты және достықты нығайту, тәжірибе алмасу мақсатында ХЕҰ, ХКК, Эберт қорымен, Ресей және Әзірбайжан жастар құрылымдарымен тығыз байланыстар орнатылды.

Сөз соңында Федерацияның Жастар ісі жөніндегі комиссиясы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексіне бірнеше ұсыныстардың енгізілуіне ұйытқы болғанын да айта кету керек.

Мысалы:

1) 29 баптың 1 тармағында «Жұмысқа алғаш қабылданған жас маманмен еңбек шарты екі жылдан кем емес белгіленген мерзімге жасалынуы мүмкін»;

2) 36 бапта «Он сегіз жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген, алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін, бірақ оларды бітірген күннен бастап бір жылдан кешікпей кіретін адамдарға; мүгедектерге сынақ мерзімі белгіленбейді».

Алтын Ақиқат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары