Жұмысшылардың құқығы шектеліп, жалақысы уақытылы төленбей жатқанда олардың мүддесін қорғайтын кәсіподақтар барын білеміз. Ал әуе қатынасында туындаған келеңсіздіктерді шешуде ұшқыштар мен жолаушылар арасындағы дәнекер – әуе кәсіподағы барын бірі білсе, бірі білмейді. Демек, авиациялық кәсіподақ Қазақстанда да бар. Алайда олар жұмысшылардың мәселесін әлдеқайда бейбіт жолмен шешуді қалайды.
Алдымен, кәсіподақ деген не және ол қашан пайда болды деген сұрақтарға тоқталайық. Кәсіподақ немесе кәсіби одақтар – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар. Қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктері. Олар азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, тағы басқабайланысты туындаған мәселелерін шешуде елеулі рөл атқарады.
Ең алғашқы жұмысшылар одағы капиталистік экплуатацияға қарсы пролетариат күресі кезінде ХІХ ғасырларда пайда болды. Кәсіби одақтардың отаны деп Англияны атайды, себебі дәл осы елде XVIII ғасырдың орта тұсында таптық күрес негізінде жұмысшылардың жақтастары ұйым боп бірігіп, кәсіподақтар құра бастады. 1868 жылы кәсіподақтар қозғалысын бақылайтын басты орган «Трейд-юниондар конгрессі» (ағылш. Trades Union Congress) құрылып, соның негізінде 1899 жылы барлық кәсіподақтар «Жалпыға ортақ трейд-юниондар федерациясы» болып бірікті. Ал 1920 жылға қарай Ұлыбританияның кәсіподағына елдегі барлық жұмысшылардың 60 пайызы тіркелді. Осылайша жұмысшылар құқығын қорғайтын ұйым әлемге таралып, кәсіподақтар қозғалысы дүние жүзіне таныла бастады.
Ағылшын үлгісімен АҚШ-та да кәсіподақтар құрыла бастады. Осындай ең алғашқы еңбекшілер ұйымы «Еңбек батырлары» атауымен 1869 жылы пайда болды. Алайда оның ғұмыры ұзаққа созылмай, ХХ ғасырдың басында тарқап кетті. Оның орнына «Америка еңбек федерациясы» келді.
Ал Германияда 1860 жылдары кәсіби одақтардың бірнеше түрі болған деседі, олар: социал-демократиялық одақтар (нем. Gewerkschaften); еркін ойлы партиямен байланысы бар Гирш-Дункер одақтары (нем. Gewerkvereine) және христиан жұмысшылар одағы.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында кәсіби одақтардың қызметі марксистердің қысымымен саясиланып кетті. Ол кездері кәсіби одаққа мүше болу Кеңес үкіметі кезінде КОКП партбилетіне ие болу мәртебесімен бірдей болды.
Десе де, Қазақстан жерінде алғашқы кәсіподақтар Кеңес үкіметі құрылғанға дейін пайда болды. Қазақстанның кәсіподақ қозғалысы өз бастауын ХХ ғасырдан алады.1905 жылдың 6 желтоқсанында құрылған, қазіргі Қарағанды облысы аумағында орналасқан Өспен мыс кеніші жұмысшыларының одағы Қазақстан жеріндегі ең алғашқы кәсіподақ ұйымы болып саналады.
Кеңес дәуірі кезеңінде Қазақстан Республикасындағы барлық кәсіподақтардың қызметін ортақ орталық орган – 1948 жылы Бүкілодақтық Кәсіптік Одақтар Орталық Кеңесінің (БКООК) XIX Пленумының қаулысы негізінде құрылған Қазақ кәсіптік одақтар кеңесі (Қазсовпроф) басқарған. 1990 жылдың 10 қазанында Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде Қазсовпрофтың мирасқоры болып табылатын Қазақ ССР Кәсіподақтар Федерациясын құру туралы Декларация қабылданды.
Федерация кәсіподақтардың іс әрекеттерін шоғырландыру, біріктіру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделеріне өкілдік ету және қорғау, кәсіподақтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуді өз қызметінің басты мақсаттары ете отырып, мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілерден және саяси партиялардан тәуелсіздігін жария етті.
Федерацияның құрылтайшылары және мүшелері – салалық кәсіптік одақтар және аймақтық кәсіподақ бірлестіктері болып табылды.
1992 жылы 3 наурызда Қазақ ССР Кәсіподақтар Федерациясының атауын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына (ҚРКФ) ауыстыру туралы шешім қабылданды.Қазақстан кәсіподақтарының 1991 жылғы 20 қарашадағы XIV съезінде бекітілген Федерацияның Жарғысына сәйкес бірлестік республикалық мәртебеге ие болды.
Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіптік одақтарды және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Авиация саласындағы жұмысшылар құқығын «Қазақстан салалық теміржол, автобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі (Қазпрофтранс) қорғайды. Ірі кәсіподақ таяуда ғана құрылды. 1992 жылдың 26 наурызында Қазақстан Республикасындағы теміржолшылар мен көлік құрылысшылары Кәсіподағы құрылған болатын. Кейін, 2015 жылдың 18 маусымында «Қазақстан Республикасы теміржолшыларының кәсіподағы» атауын «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль,әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі деп өзгертті.
2014 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасының көлік саласындағы жұмысшыларының басын қосқан съезд өтті. Сонда сөз алған ҚР Азаматтық авиациясы комитеті 2016 жылғы 4 шілдеде ҚР Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен Азаматтық авиация саласындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссия жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Оның құрамына Азаматтық авиация комитетінің басшылығы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль,әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі, «Астана (Нұрсұлтан Назарбаев) халықаралық әуежайы» авиажұмысшылар локалдық кәсіподағы», «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ локалдық кәсіподағы мен басқа да сала субъектілері кіреді.
«Астана (Нұрсұлтан Назарбаев) халықаралық әуежайы» авиажұмысшыларының кәсіподағы өздерін Қазақстандағы ең ашық әрі әділ кәсіподақпыз деп отыр.
«Біздің басты міндетіміз – қызметкерлеріміздің жағдайын жасау. Бізге мүшелікке міндеттеу жоқ, бәрі ерікті түрде, өзіміз қоғамдық қызмет ретінде жұмыс жасаймыз. Соған қарамастан, жұмысшыларымыздың құқығын жақсы қорғай аламыз. Иә, біздің авиаторлар еуропалық әріптестері сияқты шулы ереуілдерге шығып жатқан жоқ, бірақ бұл кәсіподақтар жұмыс істемейді дегенді білдірмейді. Құр айқаймен мәселе шешілмейді. Сөйлесе білу керек. Басшылықпен біздің жолымыз болды десе де болады. Олар жайлы жағдай жасалған жұмысшы компанияға әлдеқайда көбірек пайда әкелетінін жақсы түсінеді. Сондықтан бұл проблемаға барынша жауапты қарауға тырысады. Мақтанғанымыз емес, біз де өз тарапымыздан авиация саласының жұмысшыларына барынша ыңғайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салып жатырмыз», - дейді кәсіподақ қызметкерлері.
Қазақстанда әуе қатынастарының қызметкерлері даулы жағдайға қалса да, шулы ереуілдерге шыққан емес. Демек, кәсіподақ қызметкерлері тиімді жұмыс істеудің әрі авиация саласы жұмысшыларының құқығын айқайсыз қорғаудың сырын жақсы меңгерген деген сөзі. Ендеше, еңбектеріне тек қана сәттілік тілейміз.
Алтын Ақиқат