$ 447.4  477.55  4.76

Қолда барды ұқсататын жастар барда...

Елбасы ұсынған маңызды саяси құжаттар болашаққа бағдаршам болды. Бұл – еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, халықаралық деңгейін жоғарылатып, үл­кен белестерді бағындырудың нақты қадамдары. «Қазақстан – 2030» стратегиясында жоспарланған 50 ел қатарына мемлекетіміз мерзімінен бұрын аяқ басып, өз алдына жаңа міндеттерді айқындады.

Қазақстан Республикасының Президенті және жастар саясатына тоқталсақ, біз, тәуелсіздік бесігінде тербеліп өскен бақытты қазақ елінің ұландары, мемлекетіміздің қазіргі жетістіктері – бұл партиямыздың басшысы, әлем таныған ірі саяси қайраткер, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан сан алуан реформалардың заңды нәтижесі екенін мақтан тұтамыз. Себебі, елімізде қазіргі таңда әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталғандығы айқын көрініс табуда.

Жастар – келешегіміздің негізі ретінде өз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін меңгеру қажет. Ол ХХІ ғасырда Жаңа Қазақстанның – дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі сыйлы мемлекетті қалыптастыруды белсенді жалғастыруы тиіс. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған тұжырымдамасының миссиясы осында жатыр.

Тұжырымдама Қазақстанды дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясының, Қазақстан Республикасы дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының, үдемелі индустриялық инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелеріне жауап береді және Мемлекет басшысының Қазақстан халқы ассамблеясының ХІХ сессиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына  қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында берген тапсырмаларға сәйкес әзірленді. 

Әрине, бұл мәселеде әлемдік тәжірибе де ескерілгені белгілі.  Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын жаңғырту барысында шетелде аса жетістікпен қолданылып жүрген тәсілдер мен амалдарды қолдану артықтық етпейді. Халықаралық тәжірибені талдау нәтижесі Еуропа, ТМД, Америка, Жапония, Қытай, Үндістан және Түркия елдерінде жастар саясатын іске асыру мен әзірлеудің әртүрлі тәсілдерінің бар екендігі туралы көрсетті. Барлық елдерде жастар саясатының басты мақсаты – жастардың қоғамда шиеленіссіз ықпалдасуы мен өзін-өзі дамытуын арттыруға ықпал ету.

АҚШ тәжірибесі жастардың шешім қабылдауға ықпал ету деңгейін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында өзін өзі басқару органдарын дамыту көрсетілген. Сонымен қатар, олар қажетті әлеуметтік, мәдени, коммуникациялы, басқарушы дағдыларды алу мүмкіндігін де береді. АҚШ-та жастар саясатының бағдарламалары мен жобаларын іске асыруға мемлекеттік-жеке серіктестің үлгісінде жеке қайырымдылық ұйымдарын, коммерциялық секторларды тарту тетіктері белсенді енгізілген. Жастар саясатын іске асырудың жапондық тәсілдерінің негізі мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлескен өзара тиімді іс қимылы мен араларындағы жауапкершілікті нақты бөлу. Арнайы жастар орталықтарының, бюролары мен қызметтерінің жұмыс істеуін мемлекеттік тұрғыда қамтамасыз ету әдістері кең қолданысқа ие. Түркияның ірі қалаларында да ақпараттық және мәдени жастар орталықтары, Германияда жастар ақпараттық консультативтік бюросы қызмет етеді. Португалия мен Испанияда жастарға әлеуметтік көмек көрсетудің қоғамдық-мемлекеттік қызметі енгізілген. Швецияда соңғы жылдары мемлекеттік органдардың қызметін тұжырымдау мен шешім қабылдау кезеңінде үйлестірумен айналысатын арнайы құрылым қалыптасқан. Ал Ресейде жастар саясатын іске асыру әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттар бойынша ірі жобалар жүйесі арқылы жүргізіледі. Соңғы жылдары федералдық және өңірлік деңгейде жастар саясаты басқармасы құрылымы нығайтылған.

Жaстарға білім беру саясаты бойынша еліміздегі жоғары оқу орындары қазіргі кезде аса жауапты кезеңді бастан өткізуде. Біздің елімізде білім беру жүйесін реформалау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Өйткені, білім беру саясатымыздың ұлттық басымдықтарының бірі болып есептеледі.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қазақ халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсаттарын негізге ала отырып, басты міндеттер жоспарланды. 1997 жылы ҚР-ның Президенті Н.Назарбаев ұсынған “Қазақстан -2030” даму стратегиясында Елбасы 33 жылға бағытталған құжатта әлемдік тәжірибені ой елегінен өткізіп, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы мен тағдырын ескере отырып, оның геосаяси, территориялық, демографиялық ерекшеліктерін назардан тыс қалдырмай, ұзақ мерзімді басымдылықтарды анықтады, таяу болашақта алатын межелерді белгіледі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміздің құқықтық іргетасын қалыптастыру, ішкі және сыртқы дербес саясатымызды белгілеу, халықаралық қоғамдастықтағы орнын айқындау, нарықтық экономикалық қатынастарды дамыту міндеттері алға қойылған болатын. Осындай ауқымды міндеттерді іске асыруда мамандар тапшылығы сезілмей қалған жоқ. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Елімізге әр саланы терең білетін, осы заманғы біліммен қаруланған, көкейінде отаншылдық рухы маздаған, уақыт талабына сай білімді мамандар қажет болды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5-ші қарашада «Болашақ» халықаралық степендиясын тағайындау туралы жарлыққа қол қоюы осы талап үндесінен туындады. Бұл құжат дарынды, үздік оқитын жастарға шетелдердегі алдыңғы қатардағы жоғарғы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік таңы жаңадан атып, экономикасының тамырына енді ғана қан жүгіре бастаған ел үшін, әсіресе, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында бұл батыл шешім болды. Жастарын шетелдерде оқыту туралы арнайы бағдарлама қабылданған қазақстандық тәжірибені кейіннен әлемдегі бірқатар елдер де пайдалана бастады. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 3000 студент шетелдерде білім алады. «Болашақ» стипендиаты тек бір өзі ғана жалғыз маман болып қалмай, алған білімінің елімізде қанат жаюына ат салысатын, білгенімен бөлісуге және үйретуге, әріптестеріне қол ұшын беруге асығатын азамат болғаны жөн. «Болашақ» бойынша білім алған әрбір жас ел сенімін ақтауға ұмтылғаны абзал. Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға қызығушылық танытқан әлеуметтік жағынан әртүрлі отбасының балаларына жол ашып отыр. Сондай-ақ жетім балалар да осы бағдарлама бойынша білім алуда. Қоғамның әрбір талантты азаматы үшін өзінің талабына сай білім алуға құқығы бар. Мемлекет басшысы 2008 жылы «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастардың форумында сөйлеген сөзінде «Интелектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасы туралы идеяны ұсынып, жас ұрпақты бәсекелестікке бейім етіп тәрбиелеу,білім сапасын арттыру мәселесін көтерді. «Интелектуалды ұлт – 2020» жасампаз идеясы жас ұрпаққа Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына жеткізудің үлкен сенім артылатынын атап өтті. Қазақстан соңғы 15 жыл бойы ұдайы жоғары қарқынмен дамып келеді. Сол себепті болашақтағы басты міндет қол жеткен экономикалық даму жетісіктерін төмендетіп алмау болмақ.

Білім беру жүйесінде жүргізіліп отырған реформалардың бір өзекті саласы – тіл мәселесі болуы орынды. Туған тіліміздің өрісін кеңейтіп, өресін биіктететін аса пәрменді тетіктердің бірі – қазақ тілінде білім беретін ұйымдардың көбеюі болмақ. Білімнің қоғам мен мемлекет үшін құндылығын ескере отырып, халықаралық стандартқа сай келтіру мақсатында оны реформалаудың қажеттілігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Білімді дамыта алмаған мемлекет, XXI ғасырда дағдарысқа ұшырайды. Бәріде мектептен басталады», – деп баса айтқан болатын.

Жастар саясаты – ел ертеңін айқындайтын басым бағыт. Жастар саясаты жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі – еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін», –деген Елбасы Н.Назарбаевтың үмітін ақтайтын жастар толқыны бар да, болашақ та бар.

Ерлан Асылов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары