24.07.2017, 17:30

Тiл мәселесiн шешудiң үшінші кезеңі: Мемлекеттік тілді дамыту өз қолымызда

Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің бүгінгі қал-ахуалы жайында бұған дейін де талай айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, қызғыштай қорғаған тіліміздің мәселесі толыққанды шешімін таппай отыр. Құдайға шүкір, қазіргі кезде еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Мемлекетіміз экономикалық әлеуетіміздің бәсекеге қабілетті болуына ерекше басымдық беруде. Бір өкініштісі, еліміз Тәуелсіздік алғанына 26 жыл толса да, әлі күнге дейін жоғары биліктегі шенеуніктер мен атқамінерлер орыс тілінде шүлдірлеуін тыймай келеді. Сөйте тұра, қазақ тілінің мәселесін биік мінберлерден көтеруге келгенде алдымызға жан салмаймыз.

Естеріңізде болса, қазақ үкіметі бұдан бұрын 2005-2010 жылдарға арналған бағдарлама қабылдаған болатын. Мұның негізінде облыс, аудан әкімдіктерінен бастап министрліктердің іс-қағаздары кезең-кезеңімен мемлекетттік тілге толығымен көшеді делінді. Бір қызығы, бұл бағдарлама бойынша Үкіметтің қазақ тіліне ең соңында, яғни, 2009 жылы көшетіндігі туралы айтылған. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай бұл бағдарлама да қазақ тілінің мәселесін түпкілікті шеше алмады. Дегенмен, «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» жалғасын тапты. Сонымен, Елбасының тапсырмасына сай әзiрленген сүбелi бағдарлама толғауы тоқсан ана тiлiмiзге қатысты түйiндердi тарқата ала ма?

Бағдарламаны әзiрлеуде тiл саясатына қатысты әлем тәжiрибесi зерделенген. Ең басты ерекшелiгi – қазақ елiнiң азаматы балабақшадан бастап жоғары оқу орнын бiтiргенше тiлдi үзбей оқитын болады. «Екiншiден, тек қана оқушылар, студенттер ғана қамтылып қоймай, сонымен бiрге барлық мемлекеттiк қызметшiлерге, сондай-ақ халықпен тiкелей қоян-қолтық жұмыс iстейтiн барлық кәсiп иелерiне мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр деңгейде бiлу мәселелерi де көзделген. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшiн ең алдымен мемлекеттiк тiл туралы Заң қабылдау керек.

Жаңа бағдарлама бойынша, мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің санын 2020 жылы 95 пайызға жеткiзу көзделiп отыр. «Қазақ тiлiнде сөйлеу томаға-тұйықтықтың, орыс тiлiн бiлмеудiң, керек десеңiз артта қалғандықтың белгiсi ретiнде қарастырылып келедi. Ендi қоғамның әрбiр саласында қыстырылмай-қымтырылмай қазақ тiлiнде емiн-еркiн сөйлеуге бет бұру керек. Бұл қажеттiлiктi өмiрдiң өзi дәлелдеп отыр» деген еді Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза Мәдениет министрі болған кезінде.

Қазір қоғамда латын әліпбиіне көшуге байланысты пікірталас қызып тұр. Бұл сең Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен кейін қозғалды. «Латын әліпбиіне көшу мәселесін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан бұрынғы кеңестік елдердің көпшілгінің латын әліпбиіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс» деп қадап айтқан болатын. Міне, содан бері латын әліпбиіне көшудің тиімді не тиімсіз жолдары таразыға тартыла бастады. Бұдан кейін де бәсеңдеп қалған мәселенің тамырына биыл тағы қан жүгірді. Ерте ме, кеш пе, еліміздің латын әліпбиіне көшетіні анық. Өмірдің өзі соған мәжбүр етіп отыр.  

Биыл «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның» 2017-2020 жылдарға арналған үшінші кезеңі басталды. Бірінші, қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейіне келсек, бұл проблемалы аспект мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай әдіснамасы мен стандарттарының, қазақ тілі оқытушылары мен мамандарының даярлық деңгейінің төмендігімен, қазақ тілін оқыту инфрақұрылымы қызметінің бірыңғай стандарттарының болмауымен, мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру және мониторинг жасау жүйесінің болмауымен тікелей байланысты. Екіншіден, елдің әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің жеткіліксіз енгізілуі. Бұл бағыттағы проблемалы мәселелер, ең алдымен, халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық саласында мемлекеттік тілді белсенді қолдану аясының кеңеюіне, оны заңның, ғылымның және жаңа технологиялардың тілі ретінде дамытуға байланысты болып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде таныту сияқты мәселелердің маңызды тізбесі проблемалы болып табылады, сондай-ақ тіл саласындағы кейбір келеңсіз дақпырттар мен таптаурын пікірлер де осы проблемалардың қатарынан орын алуда.

Қазақстан қоғамындағы тіл мәдениетінің төмендеуі аспектісі бойынша, терминология, антропонимика және ономастика салаларындағы мәселелер, сөйлеу мәдениеті мен жазу жүйесін жетілдіру қажеттілігі, сондай-ақ толерантты тілдік орта құру мәселесі лингвистикалық кеңістіктің одан әрі дамуы жолында айтарлықтай қиындықтар туындатты. Ал қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын сақтау және нығайту қажеттілігі аспектіде бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға, Қазақстан мәдениетінің тілдік әралуандығын қалыптастыратын этностардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға және халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге байланысты проблемалар жиынтығы бар. Осы проблемаларды шешудің және нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің басым қажеттілігі бағдарламаның мынадай мақсаттары мен міндеттерді көздейді.

Білім беру жүйесінің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау және бақылау жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтау көзделеді. Қазақ тілі мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) мен ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) қажетті және міндетті құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.   Қазақ тілін үйренуге мүдделі барлық тұлғаларға кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделген. Осы шаралардың қатарында мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жанынан білім деңгейі бойынша тегін курстар ұйымдастыру, сондай-ақ осы жұмысқа мемлекеттік-жекеше серіктестік әдістерін қолдану қарастырылған.

Сонымен қатар, оқытудың инновациялық түрлері мен әдістемелерін әзірлеу арқылы қазақ тілін қашықтан оқытуды кеңінен енгізу көзделеді. Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін меңгеру үшін саяси-дипломатиялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар отандастар мәселелері бойынша сараптамалық және зерттеу жұмыстарының жүйесін ұйымдастыру көзделеді.

Бірінші, мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру. Бұл міндетті іске асыруға қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру және орнықтыру арқылы қол жеткізіледі. Осы бағыттағы негізгі рөлге PR-технологиялар ие болады. Бұл үшін мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және насихаттау жөніндегі арнайы жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді. Нысаналы аудиториялардың негізгі ерекшеліктерін ескере отырып, бірқатар үлгі тұтарлық бейнелер мен модельдерді әзірлеу негізінде мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру жөніндегі жұмысқа табысқа жеткен, мәртебелі тұлғаларды, оның ішінде мемлекеттік және басқа да тілдерді білетін өзге ұлт өкілдерін тарту көзделеді.

Аталған жұмыстар жиынтығы, сондай-ақ мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру процесіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үкіметтік емес сектордың шығармашыл әлеуетін тартуды талап етеді.

Жоспарланып отырған шаралар қатарында Интернетті қоса алғанда, БАҚ-тың барлық түрінде мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізетін үлгі тұтарлық бейнелерді медиалық ротациялау, көпшілікке арналған мерзімді басылымдарды шығаруды, негізгі нысаналы аудиториялар үшін көрнекі және имидждік өнімдер шығара отырып, көрнекі үгіт құралдарының PR іс-шаралар кешенін ұйымдастыруды қамтамасыз ету. Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу жөніндегі жұмысқа бірлескен акциялар өткізу арқылы мемлекеттік-жекеше серіктестік әдістерін тарту көзделеді. 

Мемлекеттік тілді отбасы құндылығы ретінде көпшіліктің қолдануына қол жеткізу аталған жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақ тілінде сөйлейтін, оның ішінде ұлты қазақ емес танымал отбасыларын және шетел диаспорасы өкілдерін РR жұмысына тарту арқылы мемлекеттік тілді отбасындағы қарым-қатынас тілі ретінде көпшіліктің қолдануына қол жеткізу жөнінде ауқымды науқан ұйымдастыру көзделеді. Сонымен қатар қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, ақпараттық-идеологиялық сипаттағы шаралар кешенін – ақпараттық және қоғамдық науқандар, ірі қоғамдық қозғалыстар, акциялар мен жобалар ұйымдастыру талап етіледі.

Қоғамдық пікірді қалыптастыру жөніндегі жұмыстардың маңызды элементінің бірі – мемлекеттік тілді қолдану мәселелеріндегі ұнамсыз таптаурындарды бейтараптандыру көзделеді. Осы бағыттағы жұмыс мемлекеттік тілді пайдалану мен қолдану саласындағы ұнамсыз таптаурын пікірлерді алдын ала анықтау жөнінде зерттеу-талдау қызметін жүргізу, қажетті шаралар кешенін айқындау арқылы жолға қойылады. Үкіметтік емес сектор мен масс-медиа әлеуеті мемлекеттік тілді қолдану саласындағы жағымсыз аспектілерді қоғамдық айыптау тетіктерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстың негізгі ресурсына айналуға тиіс.

Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мәселесіне келсек, қойылған мақсатқа қол жеткізудің екінші міндеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру болып табылады. Осы бағытта мемлекеттік тілде хабар тарататын жаңа телевизиялық арналар құру арқылы тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл ретте цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу арқылы айрықша мүмкіндіктер ашылады. Сондай-ақ, балалар мен жастарға арналған қазақ тіліндегі контентті кеңейту, арнайы оқыту бағдарламаларын жасап, фильмдер түсіру арқылы мемлекеттік тілді оқыту процесін ұйымдастыруда медиалық саланың әлеуетін белсенді пайдалану көзделеді. Қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесі арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету де маңызды аспект болып саналады.

Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның» 2017-2020 жылдарға бағдарламаның тәмамдалуына да үш жыл қалды. Үш жыл көп уақыт емес. Алайда, үш жылда әу баста межелген міндет орындала ма, жоқ па, уақыт еншісінде.

Ерлан Асылов