20.07.2017, 12:47

Астанада ел зиялылары Рухани жаңғыру бағдарламасын түсіндірді

Астандағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Рухани жаңғыру – мәдени даму жолы» деген тақырыпта еліміздің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесу болып өтті деп жазады Aikyn.kz.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітап­­хананың ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараға еліміздің әр өңірінен 30 адам арнайы қонақ ретінде шақырылып, ажарлы Астана төрінде тоғысты. Олардың ішінде ақын-жазушылар, облыстық телеарна мен газет өкілдері, ар­дагер ұстаздар, мәдениет қызмет­кер­лері бар. Әр өңірдің бетке ұстарлары десек болады. Жасы мен жасамысы аралас. Олардың ішінде М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов, ақын-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғын­бе­ков, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Аққұштап Бақтыге­ре­ева, Мәдениет қайраткері, сатирик-жазу­шы Табыл Құлияс,балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Сәуле Досжан, жазушы, филология ғылым­да­ры­ның докторы Тұрсын Жұрт­бай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов, журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төреғали Тәшенов бар және барлық облыстан лайықты өкілдер қамтылған.

Қонақтар алдымен Ұлттық акаде­мия­лық кітапханаға экскурсия жасады. Кітапханадағы жалпы оқырман залынан бөлек бірнеше бағыттағы залдарды аралап көрді. Өздерімен ала келген кітаптарын кітапханаға сыйға тартты. Шілде айы болған соң шығар, бес қабатты алып ғимаратта кітап бетіне үңіліп, компьютерге тесілген оқырман саны кемшін. Академиялық кітапхана­ның өзгешелігі сонда, бұл – қазіргі тілмен айтқанда, заманауи жоғары технологиялы медиа орталық. Заман көшіне ілескен монорельстік транспорт­тық телелифт жүйесі барынша дамыған, осы жүйе негізінде кез келген тапсырыс берген кітабыңыз жарты сағаттың ішінде қолыңызға тиетін көрінеді. Жалпы, бұл орталық кітапханадан гөрі мұражайға көбірек келіңкірейді. Мырзатай Жолдас­беков, Зәки Ахметов, Дүкенбай Досжа­нов, Тұрсынбек Кәкішевтің жеке мұра­жай-кітапханаларына бір-бір бөл­ме­ден бөлініпті. Олардың кітапта­ры­нан бөлек тұтынған заттарына дейін қойылған. Меймандарға мұнда қатты ұнағаны Кітап мұражайы болды. Бұл жерден көне Құрандарды, ескі жазба ескерт­кіш­терді, діни, шариғи әдебиеттерді қолмен ұстап, парақтап көруге болады. Терең подвалдың түбінде емес, әркім көріп тамашалай алатын қолжетімді жерде тұр. Бұл жерде 1807 жылы шыққан «Сейфіл­мә­лік», 1909 жылы шыққан Абайдың тұңғыш кітабы, 1926 жылы шыққан Ахмет Байтұр­сы­нұлы жасаған әліпби де сақтаулы тұр. Осы кітапхананың жанында Мәдениет министр­лігіне қарайтын Ұлттық қолжаз­ба­лар мен сирек кітаптар орталығы да бар екен. Оны да аралап, ерекше әсерге бөленді.

Ұлттық академиялық кітапханада ИРСИКА ұйымдастырған «Ислам каллигра­фиясы» атты көрменің өткізілуі осы сапарға орайлас келгені қуантты. Хұснихат өнері көрмесі Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатыр екен. Ата-бабамызға бұл өнер жат болма­ған­мен, көбіміз үшін таныс та бейтаныс тақы­рып. Ұйым осы жолы 30 шығарманы алып келіпті. Олардың барлығы халықара­лық са­йыстардың жеңімпаздары­ның еңбек­тері екен.

Іс-шараның ашылу салтанатында Мәде­ниет және спорт министрлігінің жауап­ты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ИТӨМҒО-ның (Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы) бас директоры Эрен Халит (Түркия), тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов, «Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының президенті Дархан Қыдырәлі және басқалар сөз сөйлеп, хұснихат өнерінің мән-маңызына, мұсылман халықтарының тарихында ерекше орны бар өнер саласы екендігіне тоқталды. Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы алдындағы тапсырмалардың бірі – Ислам конференциясы ұйымының әлемдік қоғамдық пікірі бойынша исламның шына­йы бейнесін көрсету үшін ұмтылу, осы мақ­сатта орталық бүкіл адамзат тарихындағы ғылым, өнер және мәдениет дамыту мақ­са­тында ислам дініне сай халықаралық жобаларды жүзеге асыру екені айтылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сында: «Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыру­лар­ды толықтырып қана қоймай, олардың өзегі­не айналады» деген болатын.

Көрмеден соң кітапхананың кең залында өткен еліміздің шығармашылық ғылыми зиялы қауым өкілдерімен болған кездесу барысында ұлттық сана мен ұлттық біре­гей­лік­тің және бәсекеге қабілеттіліктің руха­ни жаңғырудағы рөлі, кітап және кітапхананың қоғам өміріндегі маңызы жөніндегі әңгі­мелер қозғалды.

Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы, педагогика ғылымдарының док­торы, профессор Үмітхан Мұңалбаева мен Ұлттық академиялық кітапхананың ғы­лы­ми хатшысы, саясаттану ғылымда­ры­ның док­торы, профессор Камал Бұрханов модератор болған келелі басқосуда мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, драматург, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауре­а­ты Сәбит Досанов, «Егемен Қазақ­стан» ак­цио­нерлік қоғамының президенті Дархан Қыдырәлі, ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Аққұштап Бақтыгереева, жазушы, филология ғылым­дарының докторы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшір­бек Муминов және басқалар сөз сөй­леп, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатыс­ты ой-пікірлерін ортаға салды. Олар ұлттық салт-дәстүріміз, музыкамыз, әдебиетіміз, жора­л­ғы­ларымыз, теледидарды жаулап алған арзан сериалдар, қазақ тілінің мәртебесі, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызға қатысты нәрсенің бәрін қамтып сөйледі.

Басқосуда жазушыларды жылдар бойы толғандырып келген қаламақы жайы да қозғалды. Бұл сұраққа жауап берген Мәде­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­­медиұлы: «Жазушылардың бұрын басылмаған жаңа шығармаларын сатып алуға бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Енді әр жанр бойынша 10 тақырыпқа кон­курс жариялап, оның шартын сайтқа ілеміз. Конкурсқа кез келген автор бір но­ми­нация бойынша ғана қатыса алады. Олар­дың шығармаларына арнайы сарапшылар тобы қорытынды береді. Осылайша, вед­­мос­тво­ара­лық комиссия келіссе, кон­кур­стан өткен авторға қомақты қаламақы төле­неді», – деп жауап берді.

Кездесуден кейін, қонақтар EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көр­ме­сін аралады. Кешке Астананың іргесіндегі Этноауылда қонақ болып, тұмса табиғат аясында Сарыарқаның саф ауасымен тыныстап, ризалық көңілмен тарасты.