ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары туралы хабарлады.
Вице-министрдің ақпараты бойынша, Қайта өңдеу картасына қатысты барлық сұрақтарды жүйелендірген, белсенді кәсіпорындар мен жаңғыртуды талап ететін кәсіпорындарды санаған ғалымдар, бизнесмендер мен әкімдіктердің қызметкерлерінен тұратын арнайы әлеуметтік жұмыс топ құрылды. Сонымен 80-нен астам кәсіпорын жаңғыртуды талап етеді: кейбіреулерінде технологиялық желілерді, кейбіреуінде – жабдықтарды алмастыру қажет.
«Кейбір кәсіпорындарда әлі күнге дейін 60-жылдардың жабдықтары тұр, оларды міндетті түрде алмастыру қажет, себебі тұтынушылардың азық-түлік өнімдері бойынша сұраныстары заманауи технологиялық жабдықтарда жасалуы қажет», - деді Р.Құрманов.
Қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту айналымдық және негізгі қаражаттар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы Қайта өңдеу картасының жобаларын қаржыландыруға тартуды көздейтін банктердің ресурстары есебінен жүргізілетін болады. Барлығы жаңғыртуға 2021 жылға дейін 226,9 млрд теңге көлеміндегі несиелік қаражаттарды бағыттау көзделіп отыр. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 24 млрд теңге бөлінетін болады. Айналымдық қаражат бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау 4%-ды құрайды.
«Мысалға, қайта өңдеу кәсіпорны айналымдық қаражаттарды толықтыру үшін 100 млн теңге көлемінде несие алады. Қазір нарықтық мөлшерлеме 14%-ды құрайды. Яғни, кәсіпорын 100 млн теңгеден бөлек, 14 млн теңге сомасында сыйақы төлеуі тиіс. Мемлекет жаңа жүйе бойынша аталған соманы 4%-ға арзандатады. Бұл дегеніміз, осы 14 млн теңгенің 4 млн-ын мемлекет төлейді, ал қалған 10 млн-ды кәсіпкердің өзі төлейді. Қайта өңдеу кәсіпорындары үшін бұл сома соншалықты көп емес», - деді ҚР АШМ вице-министрі.
Негізгі қаражат бойынша мөлшерлеме айналым қаражаттары бойынша мөлшерлемеге қарағанда жоғары және 16%-ды құрайды. Осыған байланысты мемлекет несиенің жалпы сомасынан 10% субсидиялайды.
Айналым және негізгі қаражат бойынша мөлшерлемені субсидиялаудан бөлек мемлекеттік бюджеттен сондай-ақ 50 млрд-қа жуық инвестициялық субсидия бөлу қарастырылған. Мемлекет сыйақы мөлшерлемесін 25%-ға арзандатады.
Еске салсақ, бүгін Үкімет отырысында қайта өңдеудің 9 басымдықты түрлері бойынша әзірленген Аграрлық қайта өңдеу картасының жобасы қаралды. Оның ішінде, әр облыс бойынша, өңірлер тұрғысында.