$ 498.34  519.72  4.85

Озық отыздық орындалатын мақсат

Бүгінде еліміздің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру үшін барлық саланы жаңғырту жүріп жатқа­ны белгілі. Елбасының тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақ­стан қысқа мерзім ішінде ең үздік елу елмен үзеңгі қа­ғыс­тырып үлгерді. Ендігі меже – экономикасы дамыған озық отыз елдің қатарына қосы­лу. «Қазақстан-2050» Стратегия­сы­ның басты мақсаты да осы: әлем­нің ең дамыған елдердің қа­та­рына қосылып, мықты мем­­лекеттің, дамыған экономи­каның және жалпыға ортақ еңбек­тің негізінде береке­лі қоғам құру деп жазады «Егемен Қазақстан».

Қазір әлем мемлекеттерінің дені алдағы даму жоспарын ай­қын­дап, ұзақ мерзімді стратегиялар қа­былдайтын болған. Мысалы, ал­пауыт Қытайдың да 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы бар. Көрші Ресей­дің де осы жылға бағытталған өзіндік жолы айқындалған. Жапония да 2020 жылға дейінгі даму жос­парын жүзеге асырып жатыр. Яғни, мықты мемлекет күнкөріс сая­са­тымен емес, жоспарлау сая­сатымен, ұзақ мерзімді дамумен  жә­не экономикалық өсумен  айналы­сады. Тіпті, ірі трансұлттық компа­ниялардың өзі алдағы жарты ға­сырға даму стратегияларын белгілеп жа­тады. Демек, бұл – әлемде бар тәжі­рибе.

Қазақ елі осыдан бес жыл бұрын «Қазақстан-2050» Стратегиясын жа­риялады. Елбасы атап өткендей, бұл жай ғана бейнелі дата емес, ол – бүгінде әлемдік қоғамдастық бағ­дар ұстап отырған нақты мерзім. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2050 жылға дейінгі өркениеттер да­муының жаһандық болжамын әзір­леді. Дүниежүзілік азық-түлік ұйы­мы да осы мерзімге дейінгі бол­жам­­дық баяндаманы жариялады. Ал еліміз үшін бұл – 2050 жылға дейін­гі жаңа саяси бағыты мен же­тіс­тік­теріміз бен қазақстандық даму үлгісі. Оның бас­ты межесі – әлем­нің ең озық отыз елдің қатарына қо­сы­лу. 

Әлбетте, бұл бүкіл ел болып еңсеретін өте күрделі міндет. Елбасы айтқандай, бүгінге дейінгі мақсат-міндеттерге ұқсамайтын мүлде басқа деңгей. Дамушы елдер арасында осы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Сондықтан, ұлтымыз оның ең мықтыларға арналғанын сезіне отырып, жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс. 

Расымен де, әлемдегі ең дамыған озық отыз елмен иық тірестіру – осал меже емес. Қаншама ел бар, соның тек 30-40 шақтысы ғана осы лектен көрінеді. Яғни, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін елдер, бір сөзбен айтқанда, экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттер осы қатарға кіреді. Озық отыз елдердің алғашқы легінде АҚШ, Қытай, Германия, Бразилия, Италия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония секілді кілең марқасқа мемлекеттер бар. Осындай мықты елдермен терезе теңестіру мүмкін еместей көрінуі мүмкін. Бірақ оған жетудің көптеген жолы бар. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл мақсатқа қол жеткізудің ұзақ мерзімді жеті басымдығын атап көрсетті. Оның алғашқысы – жаңа бағыттың экономикалық сая­саты, соның ішінде инвестиция­лар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу қағидасына негізделген экономикалық прагматизм, одан кейінгісі кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру, заманауи білім жүйесін, білікті кадр­ларды даярлау, мемлекеттілікті одан әрі нығайта отырып, қазақстандық демократияны дамыту және алтыншы басымдық – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту болса, жетіншісі – жаңа қазақстандық патриотизмді дамытуға ден қою.

Ұлттық экономика ми­ни­стр­лігінің мәліметі бой­ын­ша, отыз дамыған ел­дің қатарына кіру үшін Қазақстанның ішкі жалпы өнімнің жылдық орташа өсімі 2025 жылға дейін кемі 5 пайызға жетуі керек. Биылғы алғашқы бес айдағы көрсеткіш бойынша ІЖӨ 4,1 пайызды құраған. Негізгі өсім шикізат емес секторда бай­қал­ған. 

Сарапшы-ғалымдар Қазақ­с­тан экономикасын әрт­арап­тан­дыру –  жетістікке жетудің бас­ты жолы деп санайды. Әрі қай­та өңдеу саласын дамыту, қыз­мет көрсету саласы мен ши­кіз­ат өнім­де­рін көптеп өндіру ар­қылы сапалы эко­но­ми­каға қол жеткізуге болады. Белгілі эко­­­номист-ғалым Рахман Алша­нов­­тың пікірінше, қайта өңдеу са­ласы бойынша елімізде метал­лургия жақсы дамып келеді. Олар­­дың сапасы да көңіл көн­шітерлік. Қазақстандық алюминий, цинк, титан, жез метал­дары Лондонның металдар биржасының сапа туралы сер­ти­­фикатын бірнеше мәрте иеленген. Алю­миний өнімдерінің 90 пайызы Ресей, Түркия, Қытай, Беларусь, Өзбекстан мен Украи­на­ға экспортқа шығар­ы­л­ады. Сон­дықтан қайта өңдеу са­ла­­­сын әрі қарай ілгерілету – жо­ғары экономикалық көр­сет­кішке жетудің бір жолы. «Қазақ­стан тамақ өнеркәсібі жа­ғы­нан әлем бойынша үшінші орын­да. Бұрын біз йогурттарды да сырттан таситынбыз. Енді өзі­мізде өн­діріле бастады. Одан бас­қа, отандық ұн тағамдары, сүт өнім­дері сырт елдерде жоғары сұ­ра­нысқа ие. Міне, өзімізде өн­д­ірілетін осындай өнімдердің ау­қымын кеңейтіп, сапасы жа­ғынан, дайындалу технологиясы тұрғысынан бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырсақ, ішкі жалпы өнімнің де өсімін көбейткеніміз», дейді ғалым.   

Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ел­басы қоры жанындағы Әлем­дік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтің пі­кі­рін­­ше, межелі мақсатқа же­ту үшін шикізат секторына ба­сым­дық беріп, қызмет көр­се­ту саласын дамыту қажет. «Жал­­­пы озық отыз елдің қата­ры­на қосылу үшін, Елбасы атап өткендей, қай саланың да бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз қа­жет. Дүние жүзі елдерінің бәсекеге қа­бі­леттілік деңгейін айқындайтын әйгілі екі халықаралық рейтинг бар. Оның бі­рін­шісі – Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсе­ке­ге қабілеттілік ғаламдық ин­дексі болса, екіншісі – халық­ара­лық менеджментті дамыту институтының әлем­дік бәсе­ке­ге қабілеттілік рей­тин­гі. Бұлар­дың тізімінде елдердің бәсекеге қабі­леттілігін анықтайтын онда­ған фактор бар. Олардың қат­арында экономиканың жалпы са­пасы, әр мемлекеттің тауар айна­лымы әлемдік экономикаға қаншалықты кіріктірілгені, инвестиция деңгейі, елдегі еңбекпен қамтамасыз ету жағдайы, салық саясаты, кәсіпкерлікке қолдау көрсету жайы, кадрлардың бі­ліктілігі – бәрі жан-жақты са­раланады. Міне, осындай талап­тар тұрғысынан жоғары көр­сеткішке қол жеткізген мем­лекеттер экономикалық да­мыған елдер болып саналады. Мысалы, озық отыздықтың қатарына кіретін Жа­пония бүгінде кадрлардың біліктілігі мен озық инновациялық технологияны тиімді пайдалану жағынан көш бастап тұр. Жалпы озық елдерде еңбек өнімділігі жоғары және ғылым мен техника саласына айрықша ден қойғанын байқауға болады», дейді Жұмабек Сарабеков.

Экономикалық қуатты елдер білім мен медицина саласын дамытуға да ай­­рықша мән береді. Сондықтан осы ел­дер­де өмір сүру ұзақтығы да жоғары. Мы­салы, Франция, Жапония, Австралия, Син­гапур секілді дамыған мемлекеттерде орташа өмір сүру жасы 81-ден асқан. Тәу­елсіздіктің алғашқы жылдарында біздің елде тұрғындардың  орташа өмір сүру ұзақтығы 60 жас болса, қазір 72,5 жасқа жеткен. Демек, ілгерілеу бар.  

Қазіргі таңда елімізде кә­сіп­­керлікті дамытуға, әлеу­мет­тік әл-ауқатты жақсар­туға, жұ­мыссыздықты азайтуға байла­нысты мемлекет тарапынан көп­те­ген шаралар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі еліміздің табысты дамуына бағдар болатын игі істер. Елбасының өзі: «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құш­­тар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елі­нің патриоттары. Мен 2050 жылғы Қазақстан – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жа­салатын, экономикасы мық­ты мемлекет. Білім беру са­ла­сы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен ты­ны­ш­тық салтанат құрған. Аза­мат­тары еркін және тең құ­қық­ты, ал билігі әділ. Онда заң үс­темдік етеді» деп атап көр­сетті.  

Иә, бір қарағанда мұндай биік меже әркімге қиял-ғажай­ып­тай көрінуі де мүмкін. Бірақ қарапайым ең­бек адамынан бас­тап, жоғарыда отырған шен­­­ділердің бәрі дамыған ел­дердің қа­та­ры­на қосылудың жауапкершілігін сезініп, елі үшін ерінбей еңбек етсе, бәсекеге қа­білетті болуға ұмтылса, отан­шы­лдық се­зімін жүрегіне ұя­лат­са, отыздыққа қо­сылудың ауылы алыс болмайтыны сөзсіз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары