Бүгінде еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін барлық саланы жаңғырту жүріп жатқаны белгілі. Елбасының тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақстан қысқа мерзім ішінде ең үздік елу елмен үзеңгі қағыстырып үлгерді. Ендігі меже – экономикасы дамыған озық отыз елдің қатарына қосылу. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты да осы: әлемнің ең дамыған елдердің қатарына қосылып, мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру деп жазады «Егемен Қазақстан».
Қазір әлем мемлекеттерінің дені алдағы даму жоспарын айқындап, ұзақ мерзімді стратегиялар қабылдайтын болған. Мысалы, алпауыт Қытайдың да 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы бар. Көрші Ресейдің де осы жылға бағытталған өзіндік жолы айқындалған. Жапония да 2020 жылға дейінгі даму жоспарын жүзеге асырып жатыр. Яғни, мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады. Тіпті, ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын белгілеп жатады. Демек, бұл – әлемде бар тәжірибе.
Қазақ елі осыдан бес жыл бұрын «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялады. Елбасы атап өткендей, бұл жай ғана бейнелі дата емес, ол – бүгінде әлемдік қоғамдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамын әзірледі. Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы да осы мерзімге дейінгі болжамдық баяндаманы жариялады. Ал еліміз үшін бұл – 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағыты мен жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі. Оның басты межесі – әлемнің ең озық отыз елдің қатарына қосылу.
Әлбетте, бұл бүкіл ел болып еңсеретін өте күрделі міндет. Елбасы айтқандай, бүгінге дейінгі мақсат-міндеттерге ұқсамайтын мүлде басқа деңгей. Дамушы елдер арасында осы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Сондықтан, ұлтымыз оның ең мықтыларға арналғанын сезіне отырып, жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс.
Расымен де, әлемдегі ең дамыған озық отыз елмен иық тірестіру – осал меже емес. Қаншама ел бар, соның тек 30-40 шақтысы ғана осы лектен көрінеді. Яғни, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін елдер, бір сөзбен айтқанда, экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттер осы қатарға кіреді. Озық отыз елдердің алғашқы легінде АҚШ, Қытай, Германия, Бразилия, Италия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония секілді кілең марқасқа мемлекеттер бар. Осындай мықты елдермен терезе теңестіру мүмкін еместей көрінуі мүмкін. Бірақ оған жетудің көптеген жолы бар. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл мақсатқа қол жеткізудің ұзақ мерзімді жеті басымдығын атап көрсетті. Оның алғашқысы – жаңа бағыттың экономикалық саясаты, соның ішінде инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу қағидасына негізделген экономикалық прагматизм, одан кейінгісі кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру, заманауи білім жүйесін, білікті кадрларды даярлау, мемлекеттілікті одан әрі нығайта отырып, қазақстандық демократияны дамыту және алтыншы басымдық – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту болса, жетіншісі – жаңа қазақстандық патриотизмді дамытуға ден қою.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, отыз дамыған елдің қатарына кіру үшін Қазақстанның ішкі жалпы өнімнің жылдық орташа өсімі 2025 жылға дейін кемі 5 пайызға жетуі керек. Биылғы алғашқы бес айдағы көрсеткіш бойынша ІЖӨ 4,1 пайызды құраған. Негізгі өсім шикізат емес секторда байқалған.
Сарапшы-ғалымдар Қазақстан экономикасын әртараптандыру – жетістікке жетудің басты жолы деп санайды. Әрі қайта өңдеу саласын дамыту, қызмет көрсету саласы мен шикізат өнімдерін көптеп өндіру арқылы сапалы экономикаға қол жеткізуге болады. Белгілі экономист-ғалым Рахман Алшановтың пікірінше, қайта өңдеу саласы бойынша елімізде металлургия жақсы дамып келеді. Олардың сапасы да көңіл көншітерлік. Қазақстандық алюминий, цинк, титан, жез металдары Лондонның металдар биржасының сапа туралы сертификатын бірнеше мәрте иеленген. Алюминий өнімдерінің 90 пайызы Ресей, Түркия, Қытай, Беларусь, Өзбекстан мен Украинаға экспортқа шығарылады. Сондықтан қайта өңдеу саласын әрі қарай ілгерілету – жоғары экономикалық көрсеткішке жетудің бір жолы. «Қазақстан тамақ өнеркәсібі жағынан әлем бойынша үшінші орында. Бұрын біз йогурттарды да сырттан таситынбыз. Енді өзімізде өндіріле бастады. Одан басқа, отандық ұн тағамдары, сүт өнімдері сырт елдерде жоғары сұранысқа ие. Міне, өзімізде өндірілетін осындай өнімдердің ауқымын кеңейтіп, сапасы жағынан, дайындалу технологиясы тұрғысынан бәсекеге қабілеттілігін арттырсақ, ішкі жалпы өнімнің де өсімін көбейткеніміз», дейді ғалым.
Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтің пікірінше, межелі мақсатқа жету үшін шикізат секторына басымдық беріп, қызмет көрсету саласын дамыту қажет. «Жалпы озық отыз елдің қатарына қосылу үшін, Елбасы атап өткендей, қай саланың да бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз қажет. Дүние жүзі елдерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайтын әйгілі екі халықаралық рейтинг бар. Оның біріншісі – Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік ғаламдық индексі болса, екіншісі – халықаралық менеджментті дамыту институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі. Бұлардың тізімінде елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын ондаған фактор бар. Олардың қатарында экономиканың жалпы сапасы, әр мемлекеттің тауар айналымы әлемдік экономикаға қаншалықты кіріктірілгені, инвестиция деңгейі, елдегі еңбекпен қамтамасыз ету жағдайы, салық саясаты, кәсіпкерлікке қолдау көрсету жайы, кадрлардың біліктілігі – бәрі жан-жақты сараланады. Міне, осындай талаптар тұрғысынан жоғары көрсеткішке қол жеткізген мемлекеттер экономикалық дамыған елдер болып саналады. Мысалы, озық отыздықтың қатарына кіретін Жапония бүгінде кадрлардың біліктілігі мен озық инновациялық технологияны тиімді пайдалану жағынан көш бастап тұр. Жалпы озық елдерде еңбек өнімділігі жоғары және ғылым мен техника саласына айрықша ден қойғанын байқауға болады», дейді Жұмабек Сарабеков.
Экономикалық қуатты елдер білім мен медицина саласын дамытуға да айрықша мән береді. Сондықтан осы елдерде өмір сүру ұзақтығы да жоғары. Мысалы, Франция, Жапония, Австралия, Сингапур секілді дамыған мемлекеттерде орташа өмір сүру жасы 81-ден асқан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің елде тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 60 жас болса, қазір 72,5 жасқа жеткен. Демек, ілгерілеу бар.
Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікті дамытуға, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға, жұмыссыздықты азайтуға байланысты мемлекет тарапынан көптеген шаралар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі еліміздің табысты дамуына бағдар болатын игі істер. Елбасының өзі: «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары. Мен 2050 жылғы Қазақстан – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді» деп атап көрсетті.
Иә, бір қарағанда мұндай биік меже әркімге қиял-ғажайыптай көрінуі де мүмкін. Бірақ қарапайым еңбек адамынан бастап, жоғарыда отырған шенділердің бәрі дамыған елдердің қатарына қосылудың жауапкершілігін сезініп, елі үшін ерінбей еңбек етсе, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылса, отаншылдық сезімін жүрегіне ұялатса, отыздыққа қосылудың ауылы алыс болмайтыны сөзсіз.