$ 498.34  519.72  4.85

Алакөлге келуші туристердің саны артып келеді

Алматы облысындағы Алакөл жағалауына келушілердің саны артты деп жазады Қазақпарат. Мәселен былтыр көлде 450 мыңнан астам турист демалса, биыл олардың саны 700 мыңнан асады деп жоспарлануда. Шомылу маусымы басталғаннан бері құтқарушылардың жұмысы да қауырт.

Екі аптаның ішінде құтқарушылар судан 7 адамның өмірін аман алып қалды. Қазіргі таңда Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің көл жағасындағы жедел құтқару жасағында 13 адам жұмыс істейді. Туристердің қауіпсіздігіне жауапты мамандар демалушылардан суда барынша абай болуды сұрайды.

«Біріншіден, балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдырмаңыздар. Ішімдік ішіп, суға түспеңіздер. Бүгінгі таңда 13 адам осы жасақта жұмыс істесе, оның біреуі медбике, қалғандары құтқарушылар мен сүңгуірлер. Туристерге суда қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіріп, жұмыстар жүргізіп жатырмыз», - дейді Алакөл құтқару бөлімшесінің жетекшісі Марат Смағұлов.

Күннің аптап ыстығында Алакөлге ағылып жатқандардың қарасы қалың. Сол себепті демалушылар су полициясын құрса деген ұсыныстарын да айтып жатыр. Олардың пікірінше, мұндай қызмет түрі тәртіптің қатаң сақталуына оң әсер етеді.

Жалпы, бүгінгі таңда Алакөл жағалауында 132 демалыс орны халыққа қызмет көрсетуде. Биыл 900 орынға арналған тағы 10 нысанның ашылуы жоспарлануда. Сондай-ақ туристердің келіп-кетуіне ыңғайлы болу үшін  арнайы Ақши ауылында темір жол  вокзалы салынып жатыр. Жоба құны 186 миллион теңге. Құрылыс биыл мамырда басталып, 1 қарашада аяқталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары