$ 498.34  519.72  4.85

Бақытжан Сағынтаев моноқалаларды дамыту бағдарламасының жүзеге асу барысын тексерді

Елімізде моноқалаларды дамыту ісі одан әрі жалғасуда. Осы істердің жүзеге асу барысын тексеру үшін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев аймақтарды аралауға кірісіп кетті. Бүгін Үкімет басшысы Қарағанды облысындағы Теміртау қаласына ат басын бұрып, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, зиялы қауыммен және қаланың іскер азаматтарымен кездесулер өткізді.

Теміртауға Премьер-министрмен бірге бірнеше министр, комитет төрағалары да келді. Жиынға сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, моноқалалардың әкімдері және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Кездесуге қатысушылар Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясындағы моноқалаларды дамыту барысын, «зәкірлі» инвестициялық жобаларды іске асыру барысын, тоқтап қалған және толық жүктелмеген жобалар мәселелерін, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың түйіткілді мәселелерін талқылады.

Осы тақырыптар бойынша ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Бұдан өзге,өз қалаларындағы жағдай бойынша Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев және Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев толық баяндама жасады.

Жекеменшік сектордың позициясы жайлы «Talas Investment Company» ЖШС бас директоры Бақтияр Алдашов, «Bapy Mining» ЖШС директоры Бақыт Шалбаев, «ССГПО» АҚ вице-президенті Ерлан Әлкенов, «SES Saran» ЖШС бас инвесторы Ян Зонненшайн, «ERG» қадағалау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев айтып өтті. 

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының басым бөлігі моноқалаларда орналасқанын және жүйе құраушы болып табылатынын атап өтті. Сондықтан, еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында жүргізіліп жатқан осындай зауыттарды технологиялық жаңғырту осы елді мекендердің тұрғындары үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, моноқалалардың болашағы халықтың белсенді бөлігіне, атап айтқанда, туризм және ауыл шаруашылығы сияқты салаларды дамытуға қаражат сала алатын кәсіпкерлерге байланысты екендігі атап өтілді.  

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға кеңесте айтылған ұсыныстарды моноқалалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында оларды дамытудың әрекеттегі бағдарламасына өзгерістер әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары