«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы «Men qoldaimyn» деген тақырыппен түрлі шаралар өткізуді бастап кетті. Қозғалыс мүшелері алдымен елордадағы Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп, латын әліпбиінде шығарылған кітаптардың көрмесін өткізді.
Көрмеге латын әліпбиінде жарық көрген 130 кітап қойылды. Олардың арасынан «Әліппеден» бастап «Химия», «Алгебра», «Биология» кітаптарын, мектепке қажет басқа да оқу құралдарын, сондай-ақ, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Өтебай Тұрманжанов сынды ақын-жазушылардың көркем шығармаларын, балаларға арналған ертегілерді, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс» сынды эпикалық жырларды ұшырастырдық. Жалпы, Ұлттық академиялық кітапхананың кітап қорында 1500-дей латын әліпбиінде шығарылған кітап бар екен.
Шара барысында «Қазақстан -2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев көрменің кітапханамен бірлесіп жасалған алғашқы шара екенін тілге тиек етті. Бұл көрмені еліміздің басқа да облыстары эстафета ретінде жалғастыратынына сенім артты.
Қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков латын әліпбиіне көшу қоғамда қиындық тудырмайтынын атап өтті. Ғалымның айтуынша, латын әліпбиіне көшу туралы ойлар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап оқтын-оқтын айтылып келе жатыр. Сондықтан қоғам бұған дайын. Бір мәселе – латын жазуының ең ыңғайлы, дұрыс нұсқасын таңдап алу. Мырзатай Жолдасбеков сондай-ақ, латын әліпбиінде қайта басып шығаратын кітаптарды іріктеуде мұқият болу керектігін алға тартты.
Саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Бұрханов латын әліпбиіне көшкен елдердің тәжірибесі 2006 жылы елімізде зерттелгенін мәлімдеді. «2006 жылы еліміздегі 5-6 институтқа ақша бөлініп, латынға көшкен елдердің тәжірибесін зерттегенбіз. Тарих институты осы мәселенің тарихын зерделеді. Осы мақсатта біздің бір топ ғалымдар Түркияға, бір тобы Әзербайжанға, бір тобы Өзбекстанға іссапарға шықты. Олар латын әліпбиіне көшуге байланысты барлық мәселелер бойынша зерттеу жүргізді. Қазіргі таңда бұл зерттеулер сол кезде осы мәселе бойынша жұмыс жасаған институттарда сақтаулы», деді ғалым.