$ 498.34  519.72  4.85

«SELF-MADE» ауыл жастарына көмегін тигізеді

«Self-made» жобасы Қазақстанда бірде-бір жұмыссыз жастың болмауын көздейді. Сол үшін де арнайы шаралар мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмыс беруші мен жұмысшыны кездестіру жиындары өткізіледі. Жалпы «Self-made» жобасының өзге жұмыспен қамту шараларынан қандай ерекшелігі бар десеңіз, мұнда ауыл мен сырттан келген жастардың қала тіршілігі мен қалалық еңбек нарығына тез бейімделіп кетуіне баса мән беріледі екен.

«Self-made» жобасы аясында атқарылған іс-шаралар жетерлік. Мысал келтіре кетейік. 100 компания мен 1500-ден аса жұмыс іздеушінің басын қосқан 2 жәрмеңге өткізілді. Жоғары оқу орындары мен орта білім беру орындары түлектері үшін іс-тәжірибеден өту ұйымдастырылыпты. Сонымен бірге, жобаның сәтті жүзеге асуы үшін «Ауыл және жұмысшы жастарын кәсібилікке дайындау мен біліктілікті арттыру орталығы» екі жерден ашылған. Бұл орталықтарда ауылдардан және өзге шет аймақтардан келген жастарға заңдық, психологиялық көмек көрсетіліп, компьютер сауаттылығы мен ағылшын, дизайнерлік іс, шешендік өнер бойынша арнайы курстар ұйымдастырылады.

Оқу мен тәжірибені ұштастыру мақсатында жастар жергілікті атқарушы органдар мен «Даму» қоры, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Атамекен» ҰКП, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өкілдерімен тұрақты түрде кездесіп тұрады. Жалпы алғанда осындай 10-нан аса кездесу өтіпті. Ал орталыққа жастарды көптеп тарту мен халықты ақпараттандыру мақсатында 2000-нан астам кітапша таратылған. Оған қоса, БАҚ пен әлеуметтік желілерде үздіксіз жарнамалар жасалып отырады. Атап айтқанда, 5 әлеуметтік бейнеролик түсіріліп, жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы халық назарына ұсынылған.

«Self-made» жобасы бойынша «Мүмкіндіктер жәрмеңкесі» де өткізілген. Оған сауда-саттық нарығындағы үлкен-үлкен компаниялар мен ұйымдар қатысқан екен. Ақпараттық қолдау үшін көпшілікке арналған 5 бейнеролик түсірілген екен.

Тұрақты жұмыспен қамтумен бірге жаз айларындағы демалыс кезінде студенттер үшін «Жасыл елдің» 8 отряды жасақталып, былтыр оның құрамында 1750 адам еңбек еткен. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Жалпы студенттер жаздағы демалыс уақытын тиімді әрі пайдалы өткізгендеріне дән риза. Қуантатыны, жазда еңбек еткісі келетін студенттер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Ал еңбекке ерте араласқан студенттің оқу бітірген соң жұмыссыз қалмайтыны сөзсіз.

Өткен жылдан бастап сырттан келетін жастардың, студенттердің қалаға, қала өміріне тез бейімделіп, адамдармен араласып кетуі үшін де арнайы шаралар жоспарға енгізілген екен. Мәселен, «Дүйсенбілік футбол» жобасы бойынша мини-футболдан турнир ұйымдастырылып, ол жерде сауда орталықтары қызметкерлерінен құралған 40 команда өзара бақ сынасты. Негізінен жобаның көздеген мақсаты ауыл жастарының қаланың қатал талаптарына тез бой үйретіп, әлеуметтік тұрғыдан бейімделіп кетуіне жәрдемдесу екен. Яғни, жастардың әлеуметтік көңіл-күйі зерттеліп, қиындықтар бойынша арнайы жеке жұмыстар жүргізіледі екен.

Өзге аймақтардан қалаға келген жастардың жұмысқа тұру мүмкіндігін арттырып, оларға қолдау көрсететін тағы бір әлеуметтік жоба бар. Ол ауыл және жұмысшы жастарының орталығын құру бойынша іске асырылып жатқан арнайы жоба. Бұл, әсіресе, Алатау мен Наурызбай аудандары үшін өзекті мәселе. Себебі, дәл осы аудандарда сырттан келген жастардың үлесі басым. Оның бір ерекшелігін атап өтуге болады. Басқалары білім мен біліктілікті талап етсе, мұнда арнайы кәсіби білімі де, біліктілігі де жоқ жұмысшы жастардың әлеуметтік-психологиялық бейімделуін қадағалайды. Соны бірінші орынға қояды. Оларға қазіргі уақытта сұраныс бар мамандықтар бойынша білім алып, өздерін көрсетуге мүмкіндік беріледі. Нарықтағы бәсекеге ілесе алу үшін компьютерлік сауаттылық пен жедел әрі сапалы қызмет көрсетуді үйретеді екен.

Қорыта айтқанда, «Self-made» жобасы аясында жастар өз жолдарын, кәсіби өрлеуге бастайтын қасиеттерін анықтап, білікті маман болуға барынша тырысады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары