Алматы қаласындағы Грузин этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Кахабер Габелашвили Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық байланыстардың жоғары деңгейге шыққанын айтып отыр. ҚХА өкілі еліміздің осындай жетістіктерге жетуіне көптеген жылдан бері үлес қосып келеді. Сәті түскенде Кахабер мырзамен сұхбаттасып, Алматыдағы грузиндердің тұрмыс-тіршілігі мен Ассамблея аясында атқарып жатқан жұмыстары жайында сұрап-білдік.
- Кахабер мырза, өзіңіз жақсы білесіз, Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сын сағаттарында Қазақстан талай ұлттың пана тапқан ортасына айналды. Ал грузин халқының Қазақстанмен байланысы қашан басталды? Бүгінгі таңда елімізде қанша грузин отбасы өмір сүреді?
- Бірінші кезекте Грузин этномәдени бірлестігінің атынан қазақстандық барша халықты өткен Астана күнімен құттықтағым келеді. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Қазақстанға грузиндер алғаш рет XX ғасырдың басында келді. Деректерге сүйенсек, 1926 жылдары Қазақстанда грузин ұлтының 78 өкілі өмір сүрген екен. Сосын 30-жылдардың соңын ала Қазақстанда грузин ұлты көбейе бастады. Тіпті соғыстан кейінгі жылдардан соң да бұл ағым тоқтаған жоқ. Оларды белгілі бір мақсатпен алып келіп жатты. Құрылысқа, қара жұмысқа дегендей. Әсіресе, Абхазияда болған оқиғадан соң Грузиядан жер аударылып келгендер саны арта түсті. Бұл шамамен 90-жылдардың басы болатын. Тағдыр тәлкегіне түскен босқындарды қазақстандықтар құшақ жая қарсы алып, қолдарынан келгенше қамқорлықтарын көрсетті. Біздің ұлтымызға жасалған бұл жақсылық пен қамқорлықты біз ешқашан ұмытпаймыз. Балаларымызға айтып отырамыз. Ал бүгінгі таңда Алматыда 300-ден аса грузин отбасы тұрады. Олар да өзге ұлт өкілдері секілді Қазақстанның дамуына, алға жылжуына үлестерін қосып, түрлі салада еңбектеніп келеді.
- Сіздердің бірлестік ел дамуы үшін қандай үлес қосып келеді? Жалпы бірлестіктің міндеті қандай?
- Бірлестік белсенділері Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауын халыққа түсіндіру тобының құрамына кіреді. Сонымен бірге, олар Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясын өткізуге де атсалысады. Алматыдағы Грузин этномәдени бірлестік қызметінің алдына қойған бірнеше мақсаты бар. Атап айтар болсақ, этникааралық қарым-қатынастардың нығая түсуі үшін түрлі жұмыс жүргізіліп келеді. Алматы мен Қазақстан территориясында өмір сүретін барлық ұлт салт-дәстүрінің сақталып, оларға құрметпен қарауға шақыратын шаралар өткізіп тұрамыз. Бірлестік мүшелері қоғамдық өмірдің барлық саласында демократиялық, саяси, мәдени шараларға қатысып, белсенділік танытады. Жалпы кез келген қоғамдық мәселеден сырт қалмауға тырысамыз. Ал бірлестігіміздің басты мақсаты ретінде грузин тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, жастарға грузин тілін үйретуге баса мән береміз. Грузин этномәдени бірлестігінің жанынан құрылған хореографиялық ұжым бар. Олар да қаланың қоғамдық-мәдени шараларынан қалмайды. Грузин тілін үйрету орталығымыз да бар. Олар мәдениет саласының танымал тұлғаларын жинап, түрлі тақырыптарда әдеби кештер ұйымдастырып отырады.
- Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын қалай атап өттіңіздер?
- Бәрімізге белгілі биыл Қазақстан халқы Асссамблеясына 25 жыл толды. Оны республика көлемінде атап өттік. Осындай айтулы мереке қарсаңында этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «Біз біргеміз» деп аталатын акция өтті. Бұл шара ашықтыққа, бірлікке, бірге жұмыс істеуге шақырды. Яғни, мемлекетіміздің дамуы үшін барлық ұлт өкілдерін иық түйістіре еңбек етуге, өзара байланысты нығайтуға үндеді. Бұдан бөлек, тағы да басқа фестивальдерге қатыстық. Мәселен, «Ең дәмді тағам» мен «Ең әдемі безендіру» номинациялары бойынша екі рет алғашқы орынды иелендік. Біздің би ұжымы ұлттық билер көрмесіне қатысып, көпшілікті Аджар мен Мтиулури би түрлерімен таңғалдыра алды.
- Қалай ойлайсыз, Қазақстанның әлем елдері алдындағы беделі ұлтаралық татулықты сақтай алуымен қаншалықты байланысты? Еліміздің ұлтаралық ынтымақты нығайтуға қатысты саясаты туралы не айтар едіңіз?
- Мен бұған дейін де айтқанмын, қазір де қайталап айтамын. Қазақстан өзге елдердің алдында этносаралық татулық пен ынтымақты ұйыстыра алуымен, қаншама ұлттың басын қосып, бір ел, бір мақсат жолында біріге алуымен беделді. Бізге өзгелер қызыға қарайды. Бұл ел басшылары жүргізіп отырған ішкі саясаттың дұрыстығы деп білемін. Осы жерде айта кетейін, Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде СССР-дің дағдарыс кезеңі мен құлауы тұсында ұлтаралық араздықты тудырмай, бейбітшілікті сақтай білген жалғыз ел. Бүгінгі таңда Қазақстан көпұлтты мемлекет қана емес, мәдениеттер мен көзқарастардың тоғысқан белгілі бір орталығы саналады. Кез келген салада теңдік орнатылған. Кез келген ұлт өкіліне бірдей мүмкіндік берілген. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани дамуға барлық жағынан жағдай жасалған. Ұлтаралық татулықты сақтаудың өзіндік ерекше жүйесі қалыптасқан десек те артық болмас. Адам құқығы, ұлт құқығы, гуманизм мен қазақстандық ұлт бірлігі сынды ұғымдардың мән-мағынасы біз үшін ерекше. Себебі, мемлекетіміз біздің құқығымыздың тапталуына жол бермейді.
- Ал ел дамуның басты кілті неде деп ойласыз?
- Менің ойымша, еліміздің дамуының басты кілті, басты құпиясы – ішкі тұрақтылық пен ұлтаралық татулық. Сондықтан да ұлттық және діни қарым-қатынастарды реттеу бірінші орынға қойылған. Толеранттылықты қалыптастыру да ұмыт қалмайды. Әрі эктрезиммен күрестің алдын алудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Өзге ұлттың салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтей отырып, қазақ халқының бірлігін нығайту, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосудың да маңыздылығы жоғары. Қазақстанда өзге халықтардың ұлттық мәдени орталықтарын құрудың белгіленген мақсаты бар. Олар диаспора аралық байланысты нығайтуға міндетті. Яғни, ұлтаралық жүйені реттеудің белгілі бір механизмі жұмыс істеп тұр. Ал бізге жүктелген міндет – осы механизмнің бірқалыпты жұмыс істеуіне атсалысу. Бүгінгі бейбіт өміріміздің бағасын білу деп есептеймін.
- Сұхбатыңызға рақмет!