$ 498.51  522.84  4.81

Жаһандану жағдайында діни төзімділікті дамыту өте тиімді

Демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыратын еліміз үшін дін саласындағы саясаттың ең басты мақсаты – конфессияаралық келісім. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық мерзімінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздегі ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі», – деген болатын.

Осы орайда Алматы қалалық Өзбек этномәдениет орталығының басшысы Абдулла Исматуллаевтан орталықтың конфессияаралық келісім аясында қандай жұмыстар атқарып жатқанын сұрадық.

– Мемлекетіміздің конфессияаралық келісім туралы саясатқа көзқарасыңыз қандай? Бәлкім кемшіліктері бар шығар, немесе ойыңызды жүрген ескертпелері бар болар...

– Жоқ, ҚХА – ешқандай кемшілігі жоқ бірегей жобалардың бірі. Қазақстан көп ұлтты ғана емес, көп конфессиалды қоғам. Сондықтан да, дін әлеуеті үлкен адамгершілікті, діни төзімділік пен елдегі қоғамдық маңызын нығайтуда үлкен рөл атқаруы тиіс. Мен өз басым, Елбасымыздың сарабдал саясатын қолдаймын. Көп ұлтты, көп конфессиалды қоғам үшін дін саласындағы саясат әрдайым оң шешімін тауып отыр деп ойлаймын. Осының нәтижесінде біз қаншама ұлттар, қанша дін өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрудеміз. Ең бастысы, барлық діни орталықтар мемлекет тарапынан бақылауға алынған. Сондықтан барлық қауіпсіздік шараларының алды алынғанына сенімдімін.

– Жалпы, Қазақстандағы конфессиялық аxуалды қалай бағалайсыз?

– Біз қазір көп этникалық болуымызбен, көп конфессиалы болуымызбен, келісім мен бейбітшілігімізбен әлемге танымалмыз. Осының арқасында адал достығымызды, шаңырағымыздағы татулығымызды, түрлі ұлт пен діни наным өкілдерімен өзара түсіністік пен сенімді сақтап қалдық. Бұл кез келген зайырлы, құқықтық мемлекетке аса қажет қасиеттер деп есептеймін.

– Конфессияаралық келісім деп жиі айтамыз, оның нәтижелі жұмыстары деп тағы мақтанамыз. Ал, осы келісімнің аясында өзбек орталығында жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі, олардың нәтижесі қандай?

– Жаһандану жағдайында діни төзімділікті дамыту өте тиімді. Діни мәдениет пен конфессияаралық ынтымақтастықты қатар дамыту  - бұл кез-келген діни орталық үшін тиімді. Себебі, өзара келісім, өзара түсіністік болмайынша, мұндай мықты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының конфессияаралық келісімінің нәтижесінде біз тыныш әрі берекелі жұмыстар атқарудамыз.

– Осы жерден тарқатып айтсаңыз, нақты қандай жұмыстар атқарылуда?

– Біздің Алматы қалалық Өзбек этникалық орталығы конфессияаралық келісімді кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысамыз. Жастармен тығыз байланыста болып, олармен ортақ әңгімелер, кездесулер, талқылаулар ұйымдастырамыз. Себебі еліміздің кез-келген жасы осындай берекелі елде өмір сүріп жатқанын мақтаныш етуі тиіс.

– Көпұлтты Қазақстан Республикасының бейбітшілік пен тұрақтылық саясатына көзқарасыңыз айқын ғой?

– Әрине, айқын. Қазақстан егемен елдің құрылысы үшін унитарлық принциптерді жариялап, оны іске асыру үшін сенімді қадам жасады. Бұл мақсатта біздің елімізде халықтардың этникалық бірлігін сақтау негізделген. Біз Қазақстанда барлық этностардың мәдениетін жаңғырту мен дамыту нәтижесін, халықаралық қарым-қатынасқа тұрақтылығын бақылаймыз. Міне, сол себепті де бейбітшілік пен тұрақтылық саясатына нақты көзқарас таныта аламыз.

– Сіздің орталықтағы жеке тұлғалардың, тұтас этностардың Ассамблея шараларын қолдауда белсенділігі қандай?

– Біздің орталық Алматы қалалық Халықтар Ассамблеясының барлық іс-шараларына белсене қатысады. Оның ішінде дөңгелек үстелдер, түрлі кездесулер, мерекелік кештер мен іс-шараларда Өзбек этникалық орталығы және жастары әрдайым өнерлерімен, білімдерімен, ұйымшылдықтарымен көзге түсіп келеді.

– Конфессияаралық келісімдегі ынтымақтастық туралы ойыңыз қандай?

– Елбасының мемлекеттік саясатының арқасында Қазақстанда татулық пен келісім бар. Еліміз 2050 жылға бірегей стратегиялық жоспарлармен қадам басты. Биыл біз Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы халқының ауқымды идеологиялық және саяси бірлігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары