Алматы музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмелер циклі аясында ұйымдастырылған «Даймохк» шешен-ингуш мәдени орталығы көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеде шешен-ингуш халықтарының ұлттық аспаптары, ыдыс-аяқ пен қару-жарақтары, ұлттық киімдері және шешен-ингуштар жайлы кітаптар мен журналдар ұсынылды.
Көрменің ашылуына «Даймохк» шешен-ингуш мәдени орталығы төрағасының орынбасары Шамиль Эдельбиев қатысты. Сонымен қатар, көрме аясында ұлттық ән-би ансамбльдері өнер көрсетті.
«Бүгін біз үшін мереке. Мәдени орталығымыздың тұрмыс-тіршілігін көрсеттік. Шешендер мен ингуштар екі бауырлас халық. 1944 жылы Қазақстан аумағына депортацияландық. Бізде қырық төртінші жылдан бері қарай дүние келгендер Қазақстанды отаны санайды. Жеті жүзден астам отандасымыз осы аймақта өмірден өтті. Осыдан-ақ жақындастығымыз байқалады. Діни тұрғыдан да жақынбыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алысты көре білетін, болашақты болжай білетін саяси тұлға. Бүгін бейбітшілікте, болашаққа зор сеніммен өмір сүріп келеміз. Барлық қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді», - дейді «Даймохк» шешен-ингуш мәдени орталығы басшысының орынбасары Шамиль Эдельбиев.
«Қазақстан көп ұлтты мемлекет екені белгілі. Осыған орай Ассамблея, оның ішінде этномәдени орталықтар этносаралық қарым-қатынас мәселелерін тиімді шешіп келе жатыр. Осыған орай республикамызда ұлттардың мәдениеті, тілдері мен дәстүрлерінің дамуына барлық жағдай жасалған. Соның бірі Аламаты музейінде «Ел бірлігі – достықта» деген тақырыппен әр ұлттың көрмелері өтіп жатыр. Халықтық келісімді нығайтып, ортақ құндылықтарды насихаттауға негізделген. Бүгін шешен-ингуш мәдени орталығының көрмесі ашылды. Мұнда халықтың көне жәдігерлері мен би-ән өнерін тамашалауға болады», - дейді Алматы музейінің ғылыми қызметкері Құралай Қожақанова.
1995 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемлекеттің қоғамдық-саяси алаңында бірегей институт «Қазақстан халықтары Ассамблеясы» туралы заң қабылданған еді. Ал шешендер Солтүстік Кавказдың байырғы халқы болып саналады. 1944 жылы ақпанда шешендер мен ингуштар Қазақстанға жер аударылған. 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 31799 шешен мен 16900 ингуш тіркелген. 1989 жылы құрылған «Вайнах» Шешен-ингуш орталығы 1995 жылы «Даймохк» шешен-ингуш Қоғамдық-мәдени орталығы» болып қайта құрылған болатын. Орталық халық дәстүрін, мәдениетін, тілін және басқа да құндылықтарын сақтау, әрі дамыту қызметін атқарып келеді.