$ 447.4  477.55  4.76

«Туған жер» бағдарламасы: Алматыда инвесторлар есебінен балабақша салынды

«Туған жер» бағдарламасы тек ауыл-аймақты көріктендіріп қана қоймай, ондағы тұрғындардың әлеуетін де арттырмақ. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген осынау басым бағыт бүгінде еліміздің барлық облысында жүзеге аса бастады.

Бағдарламаның шарты – елге танымал азаматтар мен қалталы кәсіпкерлер және тілек білдірген кез-келген Қазақстан тұрғыны өз туған жерінің ахуалын арттыру үшін оның дамуына атсалысу. Осылайша шалғайда жатқан елдімекендердің өзекті проблемалары да біртіндеп шешілмек.

Мәселен, бүгінде әркім қолынан келгенше өз ауылына көмек қолын созып, «Рухани жаңғыруға» өздерінше атсалысып келеді. Ірі кәсіпкерлер мектеп пен балабақша салса, өзгелері сол ғимараттарға қажетті жабдықтарды сатып әперуде. Сондай-ақ, ауылішілік жолды жөндеп, елдімекенді көгалдандырумен айналысып жатқан жандар да жетерлік.

Ал, алматылық кәсіпкерлер Медеу ауданынан жер алып, жергілікті халықтың игілігі үшін су жаңа 30 орындық балабақша салып берді. Жаңа нысан «Хан төре» деп аталады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халқына жолдауын жүзеге асыру барысында Алматы қаласында мектепке дейінгі білім беру ошақтарындағы орын тапшылығын азайту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған байланысты, биыл инвесторлардың есебінен 15 балабақша ашып, кезекте тұрған бала санын 574-ке қысқарту жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта Медеу ауданында 18 мемлекеттік, 50 жекеменшік  балабақша бар. Онда барлығы 6591 бала тәрбиеленіп жатыр. Соған қарамастан, аталған ауданда 3-6 жас аралығындағы 2 157 балаға орын жетпейді», - деді аудан әкімшілігінен.

Еске сала кетейік, Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Туған жер» бағдарламасының алматылықтар үшін орны ерекше екенін, оның негізгі бастамалары қала тұрғындары үшін маңызды екенін айтқан болатын. Мәселен, былтыр Алматыда жомарт кәсіпкерлердің көмегімен 10 спорт алаңқайы мен 10 балабақша ашылған болатын.

Мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобасы аясында 600 орындық заманауи мектеп салынған. Сондай-ақ, Алматыда қайырымдылық шаралары мен меценаттық көмектер жиі жасалып тұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары