$ 499.51  525.83  4.62

ОҚО-да ҚХА өкілдері киелі орындардың тарихымен танысты

Елбасының биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талай игі істің себепшісі болуда. Қоғамдық сананы жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды жандандыру мақсатында бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде тындырымды тірліктер жүзеге асып жатыр. Бір ғана «Туған жер» бағдарламасы аясында көптеген ауыл бүгінде әлеуметтік проблемаларын шешіп алды. Кәсіпкерлер өздерінің туған ауылдарына мектеп пен балабақша салып, жолдарын жөндеп беруде. Ал, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан беймәлім азаматтардың тарих бетіне шығуына септігін тигізбек. Сол секілді, аталған мақалада көрсетілген өзге де басым бағыттар қазақстандықтардың жаңа рухани даму кезеңіне аяқ басуына септігін тигізетін болады.

Сол басым бағыттардың бірі – «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы. Аталған жоба аясында еліміздің жастары бар, аға буын өкілдері бар, киелі жерлерге экскурсия жасап, тарихпен етене танысып жатыр. Мәселен, күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы ассамблеясының филиалы өкілдері өңірдегі киелі орындарға арнайы барып, өздері үшін рухани азық алып қайтты.

Этнографиялық экспедиция мүшелері алдымен бірліктің бастауы болған Ордабасы тауына барды. Тутөбенің тарихымен танысып, бабалар аманаты да, бүгінгі Қазақ елі­нің ұраны да – бірлік пен ынтымақ екенін сөз етті.

Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланды. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға бір­тұтас ел болып аттанудың тағдырын шеш­кен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. "Күлтөбенің басында күнде жиын"-деген сөз сол заманнан қалған.

Облыстық ассамблея төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бір үйдің баласындай болған өңірлік ассамблея атынан «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының мұражайына көне тұрмыстық бұйымды тарту етті.

Одан кейін экспедиция мүшелері ежелгі Отырар, Сауран қалашығында, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, тарихи нысандардың рухани, мәдени құндылықтарымен терең танысты.

Қасиетті орындардың сырына қаныққан ассамблея мүшелері  Елбасының «Туған жер» бағдарламасы барша қазақстандықтардың рухын көтеріп, патриоттық сезімін жоғарылатуға ықпал ететінін айтты.

Елімізде рухани жаңғыруға бастайтын бағдарлама осылай  этнос өкілдері тарапынан қолдау табуда. Игі шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, аймақтағы тарихи орындарға әр этномәдени бірлестіктердің саяхаттарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары